Магомед Адиев: «Ахмат» жанкүйерлерінің үмітін ақтап РПЛ-дегі орнымызды сақтап қалғанымызға қуаныштымыз

31.05.2024, 14:41

Грозный қаласының «Ахматын» жаттықтыратын Магомед Адиев «Матч ТВ» телеарнасына берген сұхбатында маусымдағы мақсат-міндеттері жайлы айтты.

Магомед Адиев пен ҚФФ өкілдерінің кездесуі

Ресейлік маман «Ахматты» РПЛ-де алып қалғанына бапкерлік құрамының қуанышты екенін де жеткізген болатын.

«Клуб басшылығы РПЛ-дегі орынды сақтап қалу керек деген міндет қойды. «Ахмат» ұзақ уақыт бойы Премьер-лигада өнер көрсетіп келеді. Аймақ пен клуб басшылығы, жанкүйерлер команданы жоғары дивизоннан басқа жерде көрмейді. Біздің бапкерлік құрам «Ахматтың» барлық жанкүйерлерінің үмітін ақтап, команданың РПЛ-де қалғанына қуанышты», - деген еді Магомед Мұсаұлы.

Айта кетейік, Магомед Адиев бүгін ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловпен кездесіп, отбасылық жағдайына байланысты Қазақстан құрамасының бас бапкерлігінен бас тартқан болатын. Ресейлік жаттықтырушы осыған дейін қос қызметті қатар алып жүрген. Ол Қазақстан құрамасын 21 ойынға бастап шығып, 11 кездесуде жеңіске жетіп, 9 бәсекеде ұтылған. Бір матч тең нәтижемен аяқталды. Қазақстан құрамасы ресейлік маманның жетекшілігімен Еуро-2024 іріктеуінде Н тобында төртінші орын алып, Ұлттар лигасының тоғыспалы ойындарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған. Өкінішке қарай онда Грекияға 0-5 есебімен есе жіберді. ҚФФ енді жаңа бапкерді келесі аптаның басында тағайындамақ.