Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Беларусьпен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті тілшілердің сауалдарына жауап берді:
- Ертең бізді қиын ойын күтіп тұр, оның маңыздылығын түсінеміз. Жігіттерді көптен бері көрмедік, мен бұрынғы матчтарда сезінген атмосфераны қайта сезгім келеді. Бір жағынан қиын ойын болса, екінші жағынан қайта кездесіп, жанкүйерлерімізбен қауышатынымызға қуаныштымыз.
- Осындай маңызды матч алдындағы команданың физикалық дайындығы қалай? Жарақатынан айыққан ойыншылардың жағдайы қалай?
- Бізде үш-төрт күндік жаттығу болды, команданы бірдей формаға тұрақтандыру қиын. Бірақ кез келген команданың жағдайы бірдей, оның ішінде біздің қарсыластарымыз да бар. Бір жарым күн бойы тактикалық дайындықты пысықтадық. Бапкер әрқашан көп нәрсені қалайды, бірақ мен жұмысымды бұрынғыдай жалғастыруым керек. Ал, біздің жігіттерге келсек, Ахметов жарақатпен келіп, жаттығуға қатыса алмады. Ертеңгі матчқа ол шықпайды. Ал Қуаттың жағдайы жақсы, алаңға шығуға дайын.
- Ертеңгі ойында капитан кім болады?
– Қасымда отыр, бұл Асхат Тағыберген.
- Зайнутдинов ЦСКА-да орталық қорғаушы болып ойнайды, тәп-тәуір өнер көрсетуде. Ертең оны қай позициядан көреміз?
– Оның клубта орталық қорғаушы қызметін атқаратынын дұрыс атап өттіңіз. Менің шабуылда да, қорғаныста да ойнайтын ойыншыны көрмегеніме көп болды. Бізде осындай жан-жақты ойыншының барына қуанамын. Ертең ол жартылай қорғаушы ретінде ойнайтын болады.
- Жуков Қытайдағы қатаң карантиндік ережелерге байланысты ұлттық құрамаға келе алмайтынын айтты. Сіз оған алдағы уақытта сенім артасыз ба?
– Бәріне өзі жауап берді деп ойлаймын. Ол ұлттық құраманы карантиннен төмен қойды. Мен не айта аламын?
– Быстров ұлттық құрамаға шақыртылды. Бұл араларыңызда болған түсініспеушіліктің түйіні шешілді дегенді білдіре ме?
- Иә, әрине. Біз оның қабілетіне күмәнданбаймыз, жай ғана маған сол кезде орын алған жағдай ұнамады. Егер ол осында болса, онда ол менің айтқан әңгімемді естіген. Әрине, бәрі артта қалды және ешқандай проблема жоқ.
– Ертеңгі ойында мерзімінен бұрын бірінші орын алатын мүмкіндік бар.
- Ертең біз жанкүйерлеріміздің көз алдында ойнаймыз. Олар бізді барлық жерде қолдады. Ертеңгі ойынға шығар алдында, бізді әрқашан қолдап келген осы адамдарға алғыс айту керекпіз. Біз өз жанкүйерлерімізбен бірге алға қойылған тапсырманы орындауға тырысамыз.
- Неліктен Покатилов ұлттық құрамаға шақыртылмады?
- Мен оны маусым айындағы ойындарға шақырдым, бірақ ол келе алмады. Мен бізге тәжірибелі қақпашы артық болмайды деп ойладым. Бірақ бұл жолы мен маусымның қиын кезеңін бізбен бірге бастан өткергендерді шақырғым келді. Ол тәжірибелі қақпашы. Бірақ Шацкий - біздің бірінші нөмірлі қақпашымыз, мен басқа тәжірибелі қақпашыны шақырып, Шацкийдің көлеңкесінде ұстауды қаламадым. Игорьдің денсаулығы жақсы болса, екі ойында да өнер көрсетеді.
– Бұған дейін мұндай турнирлерде бірінші орын алған емеспіз. Бұл Сізге психологиялық қысым жасай ма?
– Иә, біз ешқашан топтың басында болған емеспіз. Сондықтан мен жігіттерге осы сәттен ләззат алу керектігін айттым, өйткені бұл барлық адамдарда бола бермейтін мүмкіндік. Біз тек бірінші орынға таласуымыз қажет. Спортта тек алтын жарқырайды, сондықтан біз әрқашан осыған ұмтыламыз. Барлығы өз қолымызда. Мен жігіттердің осы сәттерден ләззат алғанын қалаймын. Ертең біз бұл турнирді мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамыз. Қандай жағдай болмасын, бар күшімізді саламыз.
– Біздің команда бұрын-соңды Беларусь құрамасын жеңген емес. Өткенге қандай да бір талдау жасалды ма?
- Бұл өте нақты қарсылас, оңай емес, кез келген командаға қиындық тудыруы мүмкін. Менің ойымша, бұл оңай ойын болмайды, бірақ біз өз ойынымызды көрсетуіміз керек. Әрбір жақсы және жаман нәрсенің аяғы болады.
Біздің серіктес: FONBET