Жарнама
Жарнама

Магомед Адиев: «Кез-келген қарсыласты жеңгіміз келеді»

06.05.2022, 19:06
Адиев алдағы жоспарларымен бөлісіп, ойыншылардың жағдайы туралы айтты.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалған Магомед Адиев жаңа жұмысы жайында пікір білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Әділет Назарбайұлы ұлттық құрамаға шетелдік ойыншыларды алуға қарсы екенін айтты. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?

– Бұл сұраққа былай жауап берейін. Мен Грозный қаласының тумасымын. Ресей чемпионатында «Ахмат» деген команда бар. Әрине, «Ахматтың» ойындарына мен жаттықтырушы ретінде емес, қарапайым жанкүйер ретінде барамын. Грозныйдың тумалары клуб сапында ойнаған сайын, мен үшін ойындарды көру қызықтырақ болады. Сондықтан, мен де президенттің идеясын құптаймын... Бұл жерде, ұлттық құрамада мен бапкер ретінде алға ұмтылып, үздіктерді іріктеуім керек. Қазақстанның төлқұжаты бар шетелдік ойыншы немесе сол Умаев секілді футболшы болса, менің назарыма ілінетіні анық. Бірақ, тағы бір рет айта кетейін: жасанды түрде төлқұжат жасатуға қарсымын. Егер төлқұжаты бар болса, ол ойыншыны бақылап көреміз, жоқ болса, ары қарай жылжи береміз.

- Сізбен қанша уақыт бойы келіссөздер жүргізілді? Сіз маусымды «Шахтердің» бас бапкері ретінде бастадыңыз.

- Негізінде, «Шахтерда» биыл толық жұмыс істеймін деген жоспар бар еді. Әділет Назарбайұлы федерация президенті болған кезде ұлттық құрамаға бас бапкер тағайындау туралы әңгіме болды. Бірақ онымен сөйлескеннен кейін мен бар назарымды «Шахтерға» аударғаным дұрыс деп шештім. Өйткені біз чемпионатты енді ғана бастадық. Сондықтан бәрін тастап, кетіп қалу сәл орынсыз болды. Уақыт өте Карпович Молдованы жеңген соң, біз бұл әңгімеге қайта оралдық. Мен федерацияда бірнеше рет болдым, сөйлестік. Басқа да бірқатар кандидаттармен келіссөздер жүргізілгенін білемін. Маған солай айтты. Жеті-он күн ішінде жауап береміз деді. Жауап оң болған соң, «Шахтерден» кету туралы шешім қабылдадым.

- Яғни, «Ақжайықпен» (0:1) ойнаған кезде ұлттық құрамаға баратыныңызды біліп пе едіңіз?

- Негізінде, иә. Қашан екенін нақты айта алмаймын. Бірақ жоспар бойынша «Каспиймен» болатын ойынға (0:4) бармауым керек еді. Федерациямен нақты мәмілеге келген соң «Шахтерді» дайындаған да жоқпын, жаттығу процесіне де қатыспадым.

- Ұлттық құрамаға үміткер ойыншылардың тізімі бар екенін айттыңыз. Айбол Әбікеннің жағдайын ескерсек, құрамды жасақтау барысыныда қандай қиындықтарға тап боласыз?

- Дұрыс байқадыңыз. Мен үшін дәл осы позициялар маңызды. Әбікен қатардан шығып қалды. Бізде Қуатқа қатысты қатысты да сұрақтар бар. Мен өзім бірнеше клубтарда жұмыс істегендіктен, жаттықтырушы мен ойыншының жанжалдасуы қажет емес деп білемін. Тым болмаса Благоевич мырзамен сөйлесермін. Мен оның көзқарасын білгім келеді. Бізде Зайнутдиновқа қатысты проблемалар болуы мүмкін. Мен онымен кездесіп, сөйлестім. Оның денсаулығында белгілі бір кінәраттар бар. Клубта ол осы мәселелерді шешуде. Ұлттық құрамаға келеді деп сенейік, бірақ жағдай сәл қиындау. Сондықтан, орталық алаңда ойнайтын футболшыларды таңдау үшін мұқият ойлану керек.

- Ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі алғашқы қадамдарыңызды жасағалы жатырсыз. Сізден қандай нәтиже күтеміз?

- Кез келген жаттықтырушы қай жерде болмасын, облыс чемпионаты, Премьер-лига болсын, жеңіске жетуді қалайды. Кез келген қарсыласты жеңгіміз келеді. Иә, қарсыластар оңай емес. Бірақ біз максималды нәтижеге жетуді көздейміз және бұл үшін бәрін жасаймыз. Сіз жай ғана диванға отырып, жеңістер туралы армандай аласыз.

- Сізде стратегия бар ма?

- Стратегия деп айтпас едім, осы төрт ойынға қалай дайындалу керек деген түсінік бар. Тағы да қайталап айтамын, ойыншының 11 күнде 4 ойынды түгел өткізуі мүмкін емес. Сондықтан ротация жасау керек.

- Талғат Байсуфинов, Андрей Карпович жетекшілік еткен Қазақстан құрамасының ойыны туралы ойыңызбен бөлісе аласыз ба? Сіздің футболыңыз олардан ерекшелене ме?

- Менің ойымша, тактикалық тұрғыдан біраз нюанстар болады. Схеманы таңдауға келетін болсақ, оны қандай да бір жолмен өзгертудің қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені Қазақстан чемпионатындағы командалардың 70 пайызы бір схемамен ойнайды. Қазақстан құрамасы Байсуфинов кезінде де, Карпович кезінде де бір схема бойынша өнер көрсетті. 4-5 жаттығу жасап, басқа тактикаға ауысу қиын. Біз тіпті клубтарда бірге ойнайтын ойыншылар мен бір-біріне сәйкес келетін байланыстарды табуымыз керек. Нәтижеге келетін болсақ, Карпович өз міндетін орындап, команда «С» дивизионында қалды деп ойлаймын. Байсуфинов кезінде Украинамен өз алаңында (2:2) өте тамаша ойындар болды. Әрине, Франциядағы ойын бәріміздің көңілімізді түсірді (0:8). Міндет - әрине, мұндай сәтсіздіктерге жол бермеу.

– Жұмыс кестесінің тығыздығын ескере отырып, физикалық дайындыққа жауапты бапкер басты назарда болады деп айта аламыз ба?

- Бізде бір апта уақыт бар. Турлар 21-22 мамырда аяқталады, ал біз 24-і күні кешке барамыз. Ойыншылардың қалпына келуіне үш күн беру керек. Чемпионат ойындарынан кейін шамадан тыс жүктеме бере алмаймыз. 25-нен 27-не дейін күніне екі рет оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарладық. Мұнда біз ойыншылардың функционалдық жағдайына назар аударамыз.

- Осы кезеңде Сіз әлсіз команданы тізгіндедім деп ойламайсыз ба?

- Мен ешқашан әлсіз командаларды жаттықтырмаймын. Менің көз алдымда командаларымның қай-қайсысы да мықты. Әлсіздермен жұмыс істегім келмейді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров