2008 жылғы Чемпиондар лигасының финалында Ағылшынның “Манчестер Юнайтед” пен “Челси” клубтары 1:1 есебімен тең түсіп, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталған еді.
Шешуші бесінші пенальтиді Джон Терри орындады. Егер ол дәл соққан жағдайда “Челси” тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының кубогын иеленер еді. Алайда ол тайып кетіп, мүмкіндікті жіберіп алды, кейін жетінші соққыда Николя Анелька да мүлт кетіп, кубокты “Манчестер Юнайтед” еншіледі.
Француз жартылай қорғаушысы Клод Макелеле жақында берген сұхбатында сол пенальтиден бұрын Джон Терри пенальти орындаушылар тізімін өз бетінше өзгертіп, батыр болам деген оймен командаға зиян келтірді деп мәлімдеді.
“Ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеде нағыз өрт шыққандай болды. Бәрі қайғылы, үнсіз. Ешкімде қуаныштың лебі де болмады. Біз сол пенальтиден бұрын үлкен қателік жасадық. Шындығында, бізде нақты белгіленген орындау реті бар еді. Бапкер мен ойыншылар бұл жайлы келісіп қойған болатын. Бірақ соңғы сәтте бәрін өзгертіп жіберді. Бесінші соққыны Саломон Калу орындауы тиіс еді. Бірақ Джон Терри өз еркімен кезекті тартып алған. Футбол деген – тәртіпті талап ететін спорт. Сол тәртіпті сәл бұзсаң, жазаңды аласың. Сол сәт үшін мен қатты ашуландым. Себебі ол көптеген жас футболшылар үшін қайта келмейтін мүмкіндік болатын. Мен бұрын Чемпиондар лигасын жеңіп көрген адам болғандықтан аса көңіл бөлмедім. Бірақ Джон ол сәтте өзін емес, команданы ойлау керек еді. Ол кубокты командамен бірге емес, өзім ғана батыр болам деген ниетпен алғысы келді. Ал егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, кубок та біздікі болар еді, өзі де батыр атанар еді.” — деді Макелеле.
Джон Терри сол пенальти жайлы бірнеше рет сұхбат берген. Ол:
“Қазірге дейін сол сәт есімнен кетпейді. Ұмыта алмаймын. Футболшы өмірінде жеңіс пен жеңіліс қатар жүретініне қарамастан, көбіне жеңілген сәтің есіңде қалады. Сол түні матчтан соң қонақүйге келдік. Бапкер бізге "түсіңдер, бір-екі стақан ішіп, көңіл сергітіңдер” деді. Бірақ мен жігіттердің бетіне қарай алмадым. Бөлмеден шықпадым. Біраз уақыттан кейін ғана түсіп, бірге сыра іштік. Қонақүйдің 25-қабатындағы терезеден Мәскеудің көшесіне қарап тұрып, "Неге жаңбыр жауды? Неге мен тайып кеттім?" деп өз-өзімнен сұрадым. Үш күннен кейін Англия мен АҚШ құрамалары арасындағы жолдастық матч болды. Тағы да 1:1. Мен гол соқтым. Егер футболдағы сол екі голды орындарымен ауыстыруға мүмкіндік болғанда ғой. Сол пенальтиден кейін бірнеше ай бойы әр таң сайын есіме түсетін. Қазір де өкінем. Бірақ мен есейген адаммын, өкініш пен қайғыны жеңіп өтуге тиіспін.” — деген еді.
Біздің серіктес: FONBET