Максим Самородов осы аптада «Ахматтағы» алғашқы кездесуін өткізуі мүмкін

30.07.2024, 10:32

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Максим Самородов грозныйдың «Ахматына» ауысып, жақын арадағы кездесулерге қатысуы ықтимал.

Максим Самородов "Ақтөбе" сапында

Ол үшін футболшы алдымен осы аптада медициналық тексерістен өтуі тиіс. Одан кейін қазақстандық жартылай қорғаушы жаңа клубының сапында дебюттік ойынын өткізеді. Айта кетейік, Самородов РПЛ-де өнер көрсететін грозныйлық ұжым сапына «Ақтөбеден» ауысқан еді. Трансфер құны – 1 млн еуроны құрады делінген. Кей дереккөздерінде еуро емес доллар деген де ақпараттар кездеседі.

Максим Самородовтың жаңа клубтағы дебюттік кездесуі осы жексенбіде болатын секілді. Магомед Адиевтің командасы 3-тур аясында мәскеудің «Локомотивін» қабылдайды. Айта кетейік, «Ахматтың» бас бапкері Магомед Адиев Қазақстан құрамасын жаттықтырған, сондықтан Самородовтың мүмкіндіктерімен жақсы таныс деуге болады. Футболшының трансферіне жеке мүдделі болған да осы ресейлік маман делінеді.

Максим Самородов «Ақтөбе» сапында осы маусымда барлық турнирлерде 5 гол салып, 3 голдық пас берген.