Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы, Ресейдің «Ахмат» клубында өнер көрсететін Максим Самородов жарақатынан кейінгі жағдайы мен алдағы мақсаттары туралы айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Грозныйлық «Ахмат» Ресей Премьер лигасының 14-туры аясында Mәскеулік «Родина» командасын өз алаңында 1:0 есебімен жеңді. Кездесуден кейін Қазақстандық футболшы «Матч ТВ» арнасына сұхбат беріп, ойын нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
Самородовтың айтуынша, бұл жеңіс команда үшін өте маңызды болған. Дегенмен шабуылшы «Ахматтың» турнирлік кестедегі қазіргі орнына көңілі толмайтынын жасырмады.
«Бізге бұл үш ұпай өте қажет болды. Менің ойымша, турнирлік кестеде қазіргіден жоғары орналасуымыз керек. Ойыннан кейін бойымда эмоция да қалмады», – деді футболшы.
«Жүз пайыз дайынмын»
Сұхбат барысында Максим Самородов жарақатынан кейінгі физикалық жағдайына да тоқталды.
Қазақстандық шабуылшы толық қалпына келгенін және алдағы кездесулерде бар күшін салуға дайын екенін жеткізді.
«Мен жүз пайыз дайынмын. Бұл – біздің жұмысымыз, футболшының өмірі. Үнемі денің сау болып жүру мүмкін емес, кейде ұсақ жарақаттар болып тұрады. Сондықтан қазір толық дайынмын», – деді Самородов.
«Гол соға алмағаныма әлі де өкінемін»
«Родинаға» қарсы кездесуде Самородовтың гол соғатын екі жақсы мүмкіндігі болған. Әсіресе матчтың соңғы бөлігінде Қазақстандық футболшы есеп айырмасын ұлғайта алатын еді. Алайда шабуылшы бұл мүмкіндіктерді пайдалана алмады.
Футболшы ойыннан кейін де жіберіп алған сәттерін ой елегінен өткізгенін айтты.
«Әрине, өкінішті. Тіпті киім ауыстыратын бөлмеге кіргеннен кейін де сол сәтті ойлап отырдым. Бірақ болғаны болды, гол соға алмадым. Енді одан әрі еңбектенемін. Алдағы уақытта команданы өз голдарыммен қуантамын деп үміттенемін», – деді ол.
Қазақстандық шабуылшы үшін жарақаттан кейін бұрынғы ойын ырғағына қайта оралу маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Біздің серіктес: FONBET