«Аладоп.кз» белгілі бапкер Асқар Қожабергеновтің «Қайраттың» ЧЛ 3-іріктеуіндегі қарсыласы «Слован» туралы ой-пікірін білді.
Кеше қос команда арасындағы бірінші бәсеке өтіп, алматылық ұжым өз алаңында 1:0 есебімен басым түскен.
«Слован» мен күткендей-ақ шебер команда екен. Жақсы ойын өрнегін көрсетті. Байқасаңыздар, футболшылары шетінен атлет өздері. Десе де, осал тұстарын кешегі кездесу барысында байқап қалдық. Алматылықтар алғашқы 10 минутта орталық шептен қаншама соққы жасады, қарсыласта дәл позицияда біраз мәселе бар екені көрініп қалды. Одан кейін, жалпы ойынды алсақ, қорғаныстан шабуылға шығатын арнайы бір комбинациялары да байқалмады. Әлде «Қайраттың» ойыншылары бұған мүмкіндік бермеді ме?! «Слованның» былай алып қарағанда гол салатын жүз пайыздық мүмкіндігі болған да жоқ. Меніңше, үзілістен кейін бір ғана момент болды – қапталдан пас асырған кезде оған шабуылшы кішкене жетпей қалған сәт. «Қайратты» тығырыққа тірейтіндей бұдан басқа бір қауіпті сәт, жүйелі ойынды көргем жоқ», - деді бапкер өз ойын түйіндеп.
Командалар арасындағы жауап ойын 13-тамызда Братислава қаласында өтеді.
Біздің серіктес: FONBET