Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін отандасымыз Талғат Байсуфиновтің ұстағаны белгілі. Көпшілік оны футболдың қыр-сырын жетік білетін білікті бапкер, тік жүріп, тура сөйлейтін атпал азамат, намысты нанға сатпайтын өр қазақ ретінде жақсы біледі. Алайда оның былайғы жұртқа беймәлім тағы бір сыры бар.
Аяқдопшылар әулеті
Бір әулеттің үш буынының, яғни әкесінің, баласының және немересінің кәсіби тұрғыдан футбол ойнауы – өте сирек кездесетін жағдай. Жөпелдемде ондай әулет ойыңызға оралмайды да. Иә, әлемдік деңгейде мұндай мысалдарды кездестіруге болады. Мәселен, италиялық Мальдинилерді алайық. Міне, дәл осындай әулет Қазақстанда да бар. Ол – Байсуфиновтер әулеті. Біздің кейіпкеріміз Талғаттың әкесі Маруа Әбілдаұлы – Павлодар өңіріндегі алғашқы кәсіби футболшылардың бірі. Маруаның кенже ұлы Талғат Байсуфиновтің футболдан алыстамағаны өздеріңізге белгілі. Кезінде оның «Трактор», «Аңсат», «Ертіс», «Экибастузец», «Жетісу», «Восток» секілді клубтарда доп тепкені мәлім. Павлодардың «Ертісін» жаттықтырып, бапкерлік қырынан танылғаны да белгілі. Енді міне, ұлттық құраманы жетегіне алып отыр. Атасы Маруа мен әкесі Талғаттың жолын қуған Темір Байсуфиновтің келешегінен үміт күтетіндер көп. «Ақсу», «Ертіс», «Оқжетпес» секілді клубтарда ойнап үлгерген 22 жастағы Темір Қазақстанның 19 жасқа дейінгі ұлттық құрамасына да жиі шақырылды. Буын сабақтастығы деген осы емес пе?!
Бұл аз десеңіз, тағы айтарымыз бар. Талғат Байсуфиновтің қызы Айнұр да – кәсіби футболшы. Ол – 17 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық қыздар құрамасының белді ойыншысы. Талғаттың зайыбы Ирина Анатольевна да футболдан алыс емес. Ирина – Павлодар футболы тарихындағы өзіндік орны бар Чупахиндер әулетінің өкілі. Уақытында жұбайын жігерлендіріп, қазір ұлы мен немерелерін қайрап отыратын белгілі әулеттің ұйытқысы Қадиша Қапасқызы – Байсуфиновтердің футболдағы ең басты жанкүйері. Міне, біз үшін «Байсуфиновтер әулеті» мен «футболдың» егіз ұғымдай естілетіні де сондықтан.
Футболшылар үйі
Павлодар өңірінде Байсуфиновтер әулетін білмейтін адам кемде-кем. Оларға деген құрмет те ерекше. Өйткені аймақ футболының дамуына әулетімен үлес қосқан дәл осы Байсуфиновтер ғана. Мұндай әулет өңірде бұрын-соңды болған емес. Мұны жергілікті журналист Станислав Тимофеев өзінің «Футбольный код Маруа» атты кітабында да жазды. Аты айтып тұрғандай, кітап Маруа Байсуфиновке және өңір футболының тарихына арналған. Өмірі бір кітапқа жүк болған адамның қандай тұлға екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Павлодар футболының білгірі Александр Прасоленконың айтуынша, аяқдоп өнері бұл өңірге 1915-1916 жылдары келген. Оны әкелген – аустриялық, чехиялық тұтқындар. Соларға қарап жергілікті жігіттер ойнай бастаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Павлодарда құрылған алғашқы футбол клубы «Звездочка» деп аталады. Ал 1923 жылдың көктемінде «Ястреб» деген клуб өмірге келген. Жергілікті халық әр сенбі сайын екі команданың тартысын тамашалауға жиналады екен. Павлодардағы алғашқы ресми матч 1947 жылдың 2 мамырында өткен. Дәл осы күні қаланың қазіргі Орталық стадионы пайдалануға берілді. Соның құрметіне жанкүйерлер футбол матчын тамашалаған. Ал аталған стадионда доп тепкен алғашқы қазақ – Маруа Байсуфинов.
– Қайын жұртым – Баянауыл. Дәлірек айтсам, әулиелі Қызылтау. Атам да, енем де сол жақтан. Екеуінің де сүйегі – күлік. Мәшһүр Жүсіпке туыстығы бар. Маруаның әке-шешесі 1930-жылдары Ресейдің Новосібір өңірін мекендеген. Күйеуім 1934 жылы сол жақта туыпты. Кейін Павлодарға көшіп келген. Сірә, соғыстан кейін болса керек. Онымен 1956 жылы Орталық стадионда таныстым. Сөйтсек, үйіміздің арасы жақын екен. Бірақ солай бола тұра, бұған дейін бір-бірімізді көрмеппіз. 1961 жылы осы әулетке келін болып түстім, – дейді өткен күндерді еске алған Қадиша апа.
Бүгінде сексеннен асқан Қадиша Қапасқызы Маруа салған үйде тұрады. Оны былайғы жұрт «футболшылар үйі» деп те атайды. Бұлай аталуының өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бұл шаңырақтан футболшылар шоғыры шыққан. Маруа, Талғат, Темір Байсуфиновтерден бөлек, Қадиша апаның үлкен ұлы Қайраттың баласы Қайсар да – кәсіби футболшы. Бүгінде білікті бапкер ретінде танымал. Екіншіден, бұл үйден футболшылар үзілген емес. Әсіресе Маруа Әбілдаұлының тірі кезінде, Талғат Байсуфиновтің Павлодарда қызмет атқарған жылдарында жас футболшылар, ардагерлер осында жиналып, естеліктер айтып, кеңес құратын. Үшіншіден, аталған үйдің құрылысына футболшылар атсалысқан. Ол туралы жергілікті спорт ардагері Яков Бердің естелігінде жазылған. «Тұтас команда болып, Маруаның үйін салуға көмектестік. Арнайы сенбілік шарасын да ұйымдастыратынбыз. Футболшылардың қолымен тұрғызылған бұл үйдің бізге ыстық болатыны да сондықтан», - дейді Яков Бер.
– Біз стадионда танысып, табыстық. Стадионға Маруаның – командадағы жалғыз қазақтың өнерін тамашалауға, оған қолдау көрсетуге баратынбыз. Оқушы күнімізден Маруаға жанкүйер болдық. Ол – жергілікті клубтағы жалғыз қазақ әрі команда капитаны. Өзге ұлт өкілдерінің ішінен суырылып алға шығудың өзі ол кезде ерлікпен пара-пар. 1956-1961 жылдары жергілікті командада Маруадан басқа қазақ ойнаған жоқ. Одан кейін қазақ жастарынан Еркін Қожахметов шықты. Қазақтар осылай біртіндеп көбейе берді, – дейді Қадиша апа Байсуфинова.
Талапшыл Талғат
Маруа Әбілдаұлы «ұлдарымның бірі ізімді жалғаса екен» деп армандапты. Ол арманы да орындалды.
– Тұңғышым, марқұм Қайрат та, ортаншы ұлым Рахат та, кенжем Талғат та футбол ойнап өсті. Рахат Алматыдағы спорт-интернатта оқыды. Алайда дәрігерлер оның денсаулығына байланысты спортпен шұғылдануына тыйым салды. Маруа ұлдарының футболшы болғанын көргісі келді. Арманын Талғат жүзеге асырды. Кенжеміз бала күнінен спортқа құмар еді. Теледидардан спорт бәсекелерін босатпайтын. Сол кездегі футболшылардың, хоккейшілердің аты-жөнін жеті атасын айтқандай жатқа соғатын. Талғат 10 жасқа толғанда Алматыға көштік. Маруа мұнда бес жылдай кәсіподақ ұйымының оқуын оқыды. Талғат Алматыда футболға түбегейлі бет бұрды. Алғашқы бапкері – Юрий Еремин. Кезінде Маруамен бірге ойнаған. 1983 жылы Павлодарға қайта оралдық. Талғат жаттығуын тастаған жоқ. Мұнда оны Анатолий Казаков жаттықтырды. 1984 жылы «Трактор» командасына алынды. Осылайша, Талғаттың футболдағы жарқын сәттері басталды. Оның әр жетістігіне қуандық. Бірақ қуанышымызды сыртқа шығара бермейтінбіз. Енем өте ырымшыл еді. 14 құрсақ көтерген. Содан жалғыз қалғаны – Маруа. Сондықтан ол балаларды аса еркелетпей, «жаман бала», «қара бала» деп отыратын. Біз де ол кісінің қас-қабағына қарап, ұлымыздың жетістігіне іштей қуанғанымызбен, сыртқа білдірмеуге тырысатынбыз, – дейді Қадиша апа.
Жанкүйерлер Талғат Байсуфиновті талапшыл адам, қатал бапкер ретінде жақсы біледі. Ойын ірікпей айтады. Онысы кейде басшыларға ұнамай да қалады. Соған қарамастан, Талғат Маруаұлы алған бетінен, берген сертінен тайған емес.
– Өкінішке қарай, бізде кейде таланттар тасада қалып қояды. Үздіктердің орнын жоғары жақта аға-көкелері бар орта деңгейдегі немесе дарынсыз спортшылар басады. Допты түзу тебе алмаса да, солардың жұлдызы жарқырайды. Талғат «Ертістің» бас бапкері болып тұрғанда «Ұлыңа айтшы, менің баламды командаға алсын», деп мазамды алғандар көп болды. «Талғат менің немереме командадан орын бермеді», деп араласпай кеткендері қаншама. Футболда мұндай ағайыншылық жүрмейді. Талғат – туған ағасының ұлы Расулды «Деңгейің төмен!» деп командаға алмаған адам. Таныстың, туыстың баласына мүмкіндік бере берсек, футбол өспейді. Адалдық керек. Талғаттың бапкер ретіндегі қаталдығы, мінезділігінің артында адалдық тұр. Өзім де қаталдықты, тәртіпті сүйемін. Бұл мінездер бапкерге керек, әлбетте. Талғат – футболға жан-тәнімен берілген жан. Жеңілсе, жүрегі ауырады. Нәр татпайды. Оның мінезін, жайын бізден артық ешкім де білмейді. Қас-қабағына қарап отырамыз, – дейді Қадиша апа.
Жұлдызды шақ
Талғаттың бапкерлік қызметтегі жарқын сәттерінің бірі – Павлодардың «Ертісін» басқарған жылдар. Бұған дейін «Есіл-Богатырь» мен «Ақсуды» жаттықтырған ол, 2008 жылы «Ертіске» ауысты. Онда да бас бапкерлік қызмет бірден бұйырған жоқ. Тек 2010 жылы ғана клубтың тағдыры Талғатқа біржола сеніп тапсырылды. Ол жерге қаратқан жоқ. 2010 жылы жанкүйерлерін қуанта алмай жүрген клубты жүлдегерлер қатарына іліктірді (3-ші орын). 2012 жылы «Ертіс» чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Талғат басқарған жылдары павлодарлық клуб УЕФА-ның Еуропа лигасында да жақсы өнер көрсетті. 2011-2012 жылғы маусымның бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Ягеллониясын» ұтып (жалпы есеп – 2:1), Павлодарға нағыз футбол тойын тарту етті. Екінші іріктеу кезеңінде де жаман ойнаған жоқ. Грузияның «Металлург» командасымен сырт алаңда тең түсіп (1:1), өз алаңында 0:2 есебімен ұтылды. 2013-14 жылғы маусымда да Талғат бастаған жігіттер жергілікті жанкүйерлердің үмітін ақтады. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Левски» командасын жарыс жолынан шығарды (жалпы есеп – 2:0). Екінші кезеңде Босния және Герцеговинаның «Широки Бриег» командасына есе жіберді (жалпы есеп – 3:4). Футбол мамандары «Ертіс» екі маусымда да екінші кезеңнен әдейі сүрінді» деген пікір айтып жүр. Шындыққа жанасатын секілді. Өйткені сол кезде клубтың Еуропа лигасының үшінші кезеңінің шетелдегі ойындарына бара алатын мүмкіндігі жоқ еді. Ұжымның қаржылық жағдайы тым төмен болатын. Сөйткен клуб ақыры қаржылық қиындықтарға байланысты 2020 жылы ел чемпионатын да жалғастыра алмай, орта жолда тоңқалаң асты. Ол енді бөлек әңгіме.
Қалай десек те, Талғат Байсуфинов павлодарлық жанкүйерлерді Еуропа лигасындағы тамаша ойындарымен тәнті етті. «Ертіске» енді ешқашан жанкүйер болмастай болып түңілген жергілікті халықты стадионға қайта жинаған да осы Талғат еді. Талғатпен бірге командаға ұжымдық рух, жанкүйерлік мәдениет келді. Бұрын жанкүйерлер 12 мыңдық стадионның әр жерінде тауыққа шашылған тарыдай болып отырса, Талғат Маруаұлының кезінде стадионда ине шаншыр орын болмайтын жағдайға жетті. Әсіресе Еуропа лигасының матчтары кезінде билет таппай сан соғып қалатындар көбейді. Павлодарлықтардың футболға деген махаббатын қайта оятқан Талғат Байсуфинов жергілікті халықтың сүйікті перзентіне айналды.
Айтпақшы, Талғат Байсуфиновтен кейін «Ертісте» тоқырау кезеңі басталды. Бір жылда үш бапкерді ауыстырған жағдайлар да орын алды. Дәл осындай келеңсіздік бір емес, үш маусымда тіркелген екен. Тек болгариялық маман Димитар Димитровтың келуімен ғана команданың жағдайы дұрысталды. Ол кеткен соң тағы да қиын кезеңдер басталды. Сол тұста жергілікті халық «Ертісті» тоқыраудан тек Талғат Байсуфинов қана алып шыға алады деп, сүйікті перзентіне үлкен сенім артты. Алайда футболдың ақшасын талан-таражға салып үйренген өңірдің жоғары шенділері оны аттап бастырмады. Себебі олар Талғаттың анау-мынауға илікпейтінін, өзгенің айтқанымен жүрмейтінін, қысқасы, өздеріне ыңғайсыз адам екенін жақсы білетін еді.
Елдің үміті
Талғат Байсуфинов осымен екінші рет Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Бұған дейін бас құраманы 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың ақпанына дейін жаттықтырған еді. Тұп-тура 11 ай басқарды.
Осы уақыт ішінде ол сенім артуға тұрарлық жаттықтырушы екенін дәлелдеп үлгерді. Оған дәл сол кезеңдегі ұлттық құраманың статистикалық көрсеткіштері дәлел бола алады. Талғат Маруаұлының жетекшілігімен бас құрамамыз 8 ойын өткізді. Оның екеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түсті. Үш ойында ұтылды. ФИФА-ның ұлттық құрамалар рейтингінде 2015 жылды 132-ші орынмен тәмамдаған Қазақстанды 2016 жылы жүздіктің қатарына енгізді (98-ші орын). Тіпті Талғат Байсуфинов басқаратын құрама ФИФА-ның 2016 жылдың қыркүйек айындағы рейтингінде 83-ші орынға дейін көтерілді. Мұндай жетістік ел футболының тарихында бұрын-соңды тіркелген емес.
Ұлттық құраманы тегін-ақ басқаруға дайын екенін ресми түрде талай мәрте мәлімдеген Талғат Байсуфинов – Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған төртінші қазақ және бас командаға екінші мәрте жетекшілік еткен алғашқы бапкер. 28 жылда біздің құраманы 17 бапкер жаттықтырған екен. Оның ішінде ұлттық командаға Талғаттан бөлек, Бақтияр Байсейітов, Бауыржан Баймұхамедов, Серік Бердалин секілді қазақ бапкерлері жетекшілік еткен.
Талғат Байсуфиновтің алдында үлкен міндет тұр. Ол – 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсету. Елдің ендігі үміті – Ертістің перзентінде.
Фархат Қайратұлы
Мақала Egemen.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET