Жарнама
Жарнама

«Манчестер Сити» қақпашысы мен «Спортинг» шабуылшысы Чемпиондар лигасының тарихына енді

10.03.2022, 15:03
Екі футболшы да рекорд жасап, өз есімдерін турнир тарихына жазып қалдырды.
Жарнама
Жарнама

«Манчестер Ситидің» 36 жастағы қақпашысы Скотт Карсон УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Спортингпен» болған (0:0, 5:0) екінші ойында алаңға шығып, турнир рекордын орнатты. Бұл туралы OptaJoe порталы хабарлады.

Кездесудің 73-минутында Карсон бразилиялық Эдерсонды алмастырды. Осылайша, 19 жасында Чемпиондар лигасында дебюттік ойынын өткізген қақпашы араға 16 жыл 334 күн салып, аталмыш турнирдің матчына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл екі матч арасындағы ең үлкен алшақтық болып табылады.

Жалпы, өз мансабында Карсон барлық турнирлерде 522 матчқа қатысып, 154 ойында қақпасына гол жібермеген. Ол бұған дейін «Лидс», «Ливерпуль», «Дерби Каунти», «Чарльтон», «Астон Вилла», «Вест Бромвич», «Бурсаспор» және «Уиган» клубтарында ойнаған.

«Спортингтің» 16 жастағы португалиялық шабуылшысы Родриго Рибейро осы матчтың 89-минутында алаңға шығып, өз есімін турнир тарихына енгізді.

Нақтырақ айтсақ, Рибейро Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі матчқа қатысқан ең жас ойыншы атанды (16 жас 315 күн).

Бірақ Родригоны Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен ең жас ойыншы деп айта алмаймыз. Өйткені дортмундтық «Боруссияның» шабуылшысы Юсуф Мукоконың 2020 жылы топтық кезеңдегі дебютін жасаған кездегі жасы 16 жыл 18 күнді құраған болатын.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров