УЕФА Чемпиондар Лигасының жартылай финалындағы қарымта кездесуде "Манчестер Сити" "Пари Сен-Жерменді" қабылдады. Кездесу Манчестердегі (Англия) "Этихад" стадионында өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Ойында Бьорн Кёйперс (Нидерланды) бастаған төрешілер тобы қызмет етті.
Есепті 11-минутта "Манчестер Сити" ашты. Рияд Марез Кевин Де Брюйненің пасын сәтті пайдаланып, қақпаны дәл көздеді. 63-минутта "қала тұрғындары" есепті еселеді, Рияд Марез дубль жасап, командасына үш ұпай сыйлады. Бұл жолы алжирлік футболшыға Филип Фоден көмектесті. 69-минутта ПСЖ-ның жартылай қорғаушысы Анхель Ди Мария қызыл қағаз алды. Аргентиналық ойыншы алдымен Фернандиньоны шетке ысырып тастады, содан кейін әдейі оның аяғын басып кетті. Он ойыншымен қалған ПСЖ ойын барысын өзгерте алмады. Париждік клуб ойын барысында қарсыластар қақпасына 14 соққы бағыттағанымен, бірде-біреуі дәл ұшқан жоқ.
ПСЖ мен "Манчестер Сити" арасындағы алғашқы кездесу 24 сәуірде Париждегі (Франция) "Парк де Пренс" стадионында өтіп, 2:1 есебімен "қалалықтардың" пайдасына аяқталды. Осылайша, Хосеп Гвардиоланың командасы жалпы есепте 4:1 есебімен жеңіске жетті және Чемпиондар Лигасының алғашқы финалисті атанды.
Естеріңізге сала кетейік, Чемпиондар Лигасының финалына берілетін екінші жолдаманы "Реал Мадрид" пен "Челси" командалары сарапқа салады, алғашқы кездесуі 1:1 есебімен аяқталған болатын.
Біздің серіктес: FONBET