Жарнама
Жарнама

Марадона – Марко Полоның ұрпағы

01.10.2018, 23:54
Жарнама
Жарнама
Осы қазан айының соңында 58 жасқа толатын атақты футболшы Диего Марадона туралы қысқаша деректер ұсынамыз. Кезінде Марадонаның аяғы ғана емес, «қолы» да алтын болды. 1986 жылғы Мексикадағы футбол тойында Диего атой салды. Тіпті, сол чемпионатты жанкүйерлер әлі күнге дейін Марадоның мундиалы болды деп жүр. Ширек финалда Аргентина-Англия кездескен еді. Осы ойында капитан екі гол соқты. Біреуін қолмен... Әріптесінің әуелетіп берген добына басы жетпеген Марадона қолымен енгізіп жіберген. Тунистік төреші Бен Насер неге екені белгісіз байқамай қалады. Кейіннен журналистерге берген сұхбатында футболшы: «Гол шынымен де қолмен соғылған шығар. Бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап береді. Диего Армандо Марадона 1960 жылы 30 қазанда Аргентина астанасы Буэнос-Айрестің маңайындағы Ланус қаласында дүниеге келіпті. Әкесі –диірменші, анасы үй қызметінде болды. Диегоның алдында төрт қыз бар. Футболшының арғы аталары Аргентинаға Италиядан көшіп барған. Олар жиһанкез Марко Полоның ұрпағы екен. Әжесінің хорваттарға да қатысы бар. Диего  он айлығында жүре бастапты. Кішкентайынан аула балаларымен бірге доп теуіп өседі. Немере ағасы Бето 7 жасында Марадонаға доп сыйлайды. Бұл сыйлықтың  ұнағаны сонша, кей күндері добын құшақтап ұйықтап қалатын болған. Ауладағы үлкен балалармен қатар ойнап, допты ырығына оңай бағындыратын шебер ойыншылардың біріне айналады. Мектепке барған күні-ақ оны «Эскалада» командасына қосып қояды. Ата-анасы футболға деген әуестігін білгенімен, көбіне үйден шығармайтын болған. Алғашқы кәсіби келісімшартын 16 жасқа толмай-ақ жасады. Бірінші командасы – «Архентинос Хунирос». 1982 жылы «Бока Хуниорстан» Испанияның  «Барселона» командасына ауысады. Жиырма екі жастағы футболшы алты жылдық келісімшартқа қол қояды. Футболшының құны сол кездегі рекордтық сома – 8 млн долларға бағаланып, оның 3 миллионын Марадонаның өзі алған. Сондай-ақ жылдық табысы 200 000 доллар болған. Католониядан Диего 1984 жылы кеткен. Жалпы саны 58 ойында 38 гол соққан. Кейіннен өзі «Барселонаға» ауысуын өміріндегі қателіктердің бірі болғанын айтты. Сол жылы «Наполидің» жейдесін киді. Трансфер құны 7 миллион долларға бағаланды. Арада үш жыл өткенде команда өз тарихында алғаш рет чемпион атанған. Осыдан соң көшеден Марадонаның жейдесі «хит» болды. Италиядағы ең танымал ас мәзірінің бірі пицца 1987 жылы «Марадона» деген атаумен сатылып жатты. Марадонаның кезінде «Наполи» екі мәрте Италия чемпионы болды (1987, 1990). Ел кубогы мен суеркубогына иелік етті (1987, 1990). Сондай-ақ УЕФА кубогында топ жарды (1989). Команда бұған дейiн 60 жыл бойы Еуропада немесе Италияда бiрде-бiр рет жеңiмпаз атанып көрмеген екен. 1990 жылғы әлем чемпионатынан кейін Марадонаның өмірі күрт өзгереді. Алдымен жеке агенті Гильермо Копполды жұмысынан босатып, орнына Маркос Франки қояды. Футболшы команданың ішінде ішкі тәртіпті бұзады. Жаттығуға баруы азаяды. Ойындарға да қатыспайды. Тіпті, бір мачтан кейін допинг тест тапсырғанда, қан құрамынан шамадан тыс кокаин табылады. Бұдан кейінгі Марадона талай рет есірткімен ұсталды. Түрмеге де түсті. Ойындардан шеттетілді. Ең соңында 37 жасында спорттық карьерасын аяқтады. Футболдан кеткен соң әйгілі футболшы көп ауырады. Қозғалыс қимылы аз болғандықтан семіздікке ұшырады. Бойының ұзындығы бар-жоғы 1,68 метр болуына қарамастан, салмағы 121 келіге жеттi. Түрлi клиникаларда ем-дом қабылдады. Артық салмақтан арылды. Сол кездерi Диего 50 келі салмақты артқа тастады. 2008 жылы өзі армандаған Аргентина құрамасын жаттықтырады. Бірақ көрсеткен нәтижесі жанкүйерлердің көңілінен шықпайды. Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында Месси бастаған жігіттер ширек финалдан аса алмады. Футбол королі Пеле мен Марадонаның аралары ешқашан жақсы болған емес. Журналистер Марадонадан «Пеле екеулеріңіздің қайсыңыз футбол королісіз?» деген сауалына: «Мені анам футбол королі деп айтып отырады. Ал Пеле жайлы оның анасынан сұраңыздар» деген жауап беруден таңбай келеді.

Бек Төлеуов

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров