«Астана» маусымның қалған бөлігіне дайындығын жалғастыруда. Команда көшбасшыларының бірі Марин Томасов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында маусымға қысқаша бағасын беріп, команданың дайындығы және клуб рекордтары туралы өз пікірімен бөлісті:
- Біз 11-ші қарашадан бастап Алматыда маусымның қалған бөлігіне дайындалып жатырмыз. Алда бізді өте ауыр кесте, яғни 10 күнде 4 ойын күтіп тұр. Бірақ, соған қарамастан, маусымды жақсы нотада аяқтауға тырысамыз.
- Осы маусым қаншалықта қиын болды?
- Биылғы жыл психологиялық тұрғыдан қиын өрбіді - карантин, біз үш айға жуық жаттығу жасамадық, отбасымыз жанымызда болған жоқ, содан кейін Алматыға көштік, бұл жерде 4-ші ай қонақ үйде тұрып жатырмыз. Әрине, мұның бәрі біздің ойынға өз әсерін тигізді.
- Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, Сіз үшін осы маусым өткен жылдардағыдай жарқын болмаған сияқты?
- Өкінішке орай, бұл маусым мен үшін ғана емес, команда үшін де сәтсіз болды. Оған көп себеп айтуға болады деп ойлаймын. Бірақ, клубқа, басшылыққа, жаттықтырушылар құрамына және футболшыларға қажетті қорытынды жасау одан да маңызды.
- Командамен Андрей Тихонов бастаған жаңа бапкерлер құрамы жұмыс істеп жатыр. Ол нені өзгертті, жалпы ол маманмен жұмыс жасаған қалай екен?
- Ол жаттығу процесін өзгертіп, біздің ойынға түзетулер енгізді, бірақ мұндай қысқа мерзімде, әсіресе қатарынан ойындар өтіп жатқан уақытта түбегейлі өзгерістер жасау өте қиын. Сондай-ақ, «Астана» сапында өз құрамаларына шақырту алған ойыншылар өте көп, сондықтан, біз толық құрамда жаттыққан жоқпыз.
- Сіз осы маусымда Патрик Твумасидің рекордын бұзып, клуб тарихындағы ең нәтижелі ойыншы атандыңыз. Сіз үшін бұл жетістік қаншалықты маңызды?
- Әрине, клуб тарихында қалған өте жақсы, әсіресе бірінші орында болсаң. Бірақ, уақыт өте келе барлығы менің голдарым мен нәтижелі пастарымды емес, команданың нәтижесін есте сақтайтын болады. Сондықтан бізге осы маусымда үлкен қиыншылықпен келіп жатқан «Астананың» жеңістері маңыздырақ.
Біздің серіктес: FONBET