Марокконың 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы тарихтағы ең ірі жетістігіне жетті — Сантьягода (Чили) өткен финалда Аргентинаны 2:0 есебімен жеңіп, U-20 әлем чемпионатының жаңа жеңімпазы атанды. Бұл – Африка құрлығына 2009 жылдан бері алғаш келген чемпиондық.
Ойынның басынан-ақ Марокколық жастар шабуылға белсенді кірісті. 12-минутта Яссир Забири айып добынан есеп ашып, өз командасына сенімділік сыйлады. Ал 29-минутта Отман Мааманың шебер пасын дәл пайдаланып, сол Забири дубль авторы атанды.
Аргентиналықтар екінші таймда қарымта шабуылдар ұйымдастырғанымен, Марокко қорғанысы мызғымады. Қақпашы мен қорғаушылардың үйлесімді ойыны арқасында есеп өзгермей қалды.
Марокко құрамасы финалға дейін талай мықты қарсыласты артта қалдырды. Жартылай финалда Францияны пенальти сериясында ұтып, алғаш рет тарихында финалға шыққан еді.
Ал Аргентина жартылай финалда Колумбияны 1:0 есебімен жеңіп, тоғызыншы рет финалға жолдама алған. Дегенмен бұл жолы Оңтүстікамерикалық алып өз тәжірибесін пайдалана алмады – Марокконың ұйымшыл ойыны бәрінен жоғары болды.
Бұл жеңіс Марокконың ғана емес, тұтас Африка футболының мерейін өсірді. 2009 жылы Гана жеңімпаз атанғаннан бері мұндай жетістік ешбір Африкалық елдің қолынан келмеген. Енді Марокко "Атлас арыстандарының" ізін жалғап, жастар деңгейінде де әлемдік аренада өз атын жазды.
Финалдық матч кезінде стадион толы Марокколық жанкүйерлермен безенді. Қолдаушылардың отты ұраны, ту көтерген толқыны жас футболшыларға ерекше қуат берді.
Сол рух пен намыс Марокконың жастар құрамасын әлемдік шыңға алып шықты.
Марокко U-20 құрамасы әлем чемпионатына соңғы рет 2005 жылы қатысқан. Сол уақыттан бері ел жастары әлемдік додаға жолдама ала алмаған еді. Бірақ бұл жолғы оралу – нағыз ертегі. Бірден чемпиондық кубок!
Біздің серіктес: FONBET