Еуропада футбол маусымы қызып келеді. Алайда азуын айға білеген кейбір алпауыттардың ойыны жанкүйерлерінің көңілінен шықпауда. Ендеше осы маусымды сәтсіз бастаған Еуропаның алпауыт командалары жайлы бірер сөз...
«Манчестер Юнайтед» (Англия)
Ағылшын премьер-лигасының 2012/2013 жылғы чемпиондары бұл маусымды өте сәтсіз бастады. «Қызыл сойқандар»
6 кездесуден кейін 7 ұпаймен 12-ші орында келеді. Дербиде
«Манчестер Ситиден» жеңіліс тапты.
«Ливерпульге» де есе жіберді. Онымен тоқтап қалмай 6 турда
«Вест Бромвичке» де жол берді. Маусым алдындағы мұндай нәтижені
«Манчестер Юнайтедтен» ағылшындар 20 жыл бойы байқамаған еді. Команда тізгінін ұстаған
Дэвид Мойес бұл тығырықтан қалай шығар екен?
Еуропа мен ағылшыннның көптеген басылымдары жаңа бапкердің атына сынды қарша боратуда. Барлығы да манчестерлік команданың ойыны құрдымға кетіп бара жатыр деп асыра жазуда.
The Guardian жазуы бойынша, Дэвид Мойес көп еңбектенбей жүрген көрінеді. Ал кезінде
сэр Алекс Фергюсон команданың оқу-жаттығу алаңына футболшылардан ерте келіп, кеш қайтатынын баса көрсеткен. Ия, Дэвид бапкер команданың ойындағы жүйесін алға қоя алмай келе жатқаны көрініп-ақ тұр. Өйткені команданы бастан жасақтау керек екені өткен маусымда-ақ көзге ұрып тұрған-ды. Мұны Сэр Алекс те сезді. Манкуниандық командаға хавбек пен жартылай қорғаушылардың көмегі тимей тұр. Алдағы уақытта команданың ойын жүйесі мен футболшылардың өзара түсінісуін дұрыс жолға қоюуы үшін шотландиялық маманға әлі біраз уақыт қажет сияқты. Расында да бір клубты
26 жыл бойы басқарып келген бапкердің өз орнын босатуынан кейінгі команда ойынының сәтсіздікке ұшырауы заңдылық та.
Мұндай команданың маусымды сәтсіз бастауы сэр Алекс Фергюсонның басынан да өткен. Футбол клубына жаңадан келгеннен кейін бұл бапкер де команданың тізгінін босатуға шақ қалған екен. Енді не де болса, әліптің артын бағайық...
«Манчестер Юнайтед» ертең ағылшын премьер-лигасының 7 тур аясында «Сандерлендте» қонақта болады.
«Реал Мадрид» (Испания)
«
Корольдік клуб» 7 кездесуден кейін 16 ұпай жинап, Ла-Лиганың ІІІ сатысында келеді. Ежелгі қарсыласы каталондық
«Барселона» көш бастап келе жатса,
«Атлетико М» да жеңіліссіз келеді.
Карло Анчелотти бапкер команда тізгінін ұстағалы ұжымның ойын жүйесінде көзге ұрарлықтай өзгеріс орын ала қойған жоқ. Ал футбол тарихындағы ең қымбат футболшы болып келген
Гарет Бэйл де Мадридте өз шеберлігін танытуға асығар емес. Бас бапкердің мәлімдеуінше валийлік футболшы алаңға 15 күннен кейін оралады. Ал
Месут Озилдың «Арсенал» сапына ауысуын
«Реалдың» жанкүйерлері де күтпеген еді...
Италияндық маман осыған дейін бапкерлік мансабында көбіне
қорғаныс пен қарымта шабуылды басты назарда ұстайтынын аңғартқан болатын. Негізінен
мадридтік клуб маусымды сәтсіз бастады деп айтуға болмайды. Чемпиондар Лигасында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңуде. Дегенмен, ол командалар әлдеқайда әлсіздер қатарында. Соңғы кездесулерін еске түсіріп қарар болсақ,
«Эльчемен» тең түсуге шақ қалды. Тек төреші пенальти белгілемегенде... Ал мадридтік
дербиде жеңілді. Кейде командадан жеке бастың шеберлігіне мойынсұнатынын айқын байқауға да болады. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен Карло Анчелотти бапкерге әлі де еңбектену қажет. Әйтпесе,
«Испанияда әлемнің 2 үздік футболшысы және 18 бақытсыз команда бар» деген пікірдің жоққа айналуы ғажап емес...
«Милан» (Италия)
Италияның А сериясындағы
«Миланның» жағдайы мүшкіл-ақ.
6 кездесуден кейін команда небәрі 8 ұпай жинап, 9-шы орында келеді. Чемпиондар Лигасының алғашқы кездесуінде өз алаңында
«Селтикті» соңғы минуттарда гол соғып жеңді. Екінші кездесуін Нидерландыда
«Аякспен» тең аяқтады. Бас бапкер
Массимилано Аллегри команданы әлі де осы бір тығырықтан шығарар жолды таба алар емес. Шабуыл шебіндегі
Робинью мен Матри жұбы ала-құла ойнап келеді. Ал
«Супер Марио» сол баяғы қызықуқандылығына салынуын қайта бастады. Және Серия А-да қызыл қағаз алып 3 ойынға шеттетіліп те үлгерді.
6 қазан күні Туринде команданы басты кездесу күтіп тұр. Команда әзірге ішкі біріншілікте жеңілмей келе жатқан 4 команданың бірі -
«Ювентуспен» (Наполи, Интер, Рома) жасыл алаңға шығады.
«Шальке 04» (Германия)
Чемпиондар Лигасында «Е» тобында ойнап келе жатқан команда екі кездесуден кейін өз тобының көшін бастап-ақ тұр. Бірақ, бундеслигадағы жағдайы өте мүшкіл халде.
7 турдан кейін небәрі 8 ұпай жинап, «қауіпті аймақты» айналшықтауда. Ал Чемпиондар Лигасындағы кездесулеріне келер болсақ, команда өз тобының фавориті
«Челсимен» бір қатарда. Осыған дейінгі екі кездесудегі қарсыластары -
«Стяуа» мен «Базель» Еуропаның ортаңқол командаларының санатына жатады.
Осыған дейін
Йенс Келлер командасының қатарынан
Класс Ян Хунтелар жарақат алса, бүгін дәрігерлік тексеруден кейін
Джефферсон Фарфан да 1 айға жуық емделуіне орай командасына көмектесе алмайтыны белгілі болды. Енді команда жанкүйерлері
Юлиан Дракслер мен Кевин Принс Боатенгке үлкен сенім артпақ. Ертең команда «
Фелтинс Аренада» «Аугсбургты» қабылдайды.
«Бенфика» (Португалия)
Өткен маусымда Еуропа Лигасының финалына шыққан португалдық команда бұл маусымда өз қарқынын жоғалтып алғандай.
Ішкі Супер-Лигада 6 кездесуден кейін 11 ұпаймен 4-ші орында келеді. Ал Чемпиондар Лигасында алғашқы кездесуде жеңіске жеткенімен, екінші кездесуінде
«ПСЖ»-дан ойсырай ұтылды. Команданың бас бапкері
Жорже Жезуш жанкүйерін қорғамақ болыпбасы біраз дауға да ілікті.
Рубен Аморим, Силвиу, Эдуардо Сальвио және Бруно Кортес сынды футболшыларының жарақатынан толық айығуына әлі де уақыт бар.
«Бенфика» 6 қазан күні өзімен ұпай саны бойынша үзеңгі қағыстырып келе жатқан «Эшторилде» қонақта болады.
Дайындаған:
ЕРНАТ ТЕМІРБЕКОВ