2022 жылдың 18 желтоқсанында Катардағы "Лусаил" стадионында өткен әлем чемпионатының финалы футбол тарихындағы ең есте қаларлық матчтардың бірі болған еді. Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе сол ойында хет-трик жасап, керемет ойын көрсеткенімен, ақтық сынның ауыр сәтін ұмыта алмай жүргенін жасырмады.
Үш жылға жуық уақыт өтсе де, Мбаппе үшін сол түннің жарасы әлі жазылған жоқ. Ал 2026 жылғы әлем чемпионаты жақындаған сайын, ол сол тәжірибеден сабақ алғанын айтады.
Испандық журналист Хорхе Вальдано жүргізетін Universo Valdano бағдарламасында берген сұхбатында Француз жұлдызы сол финал мен өз мансабы туралы шынайы ойымен бөлісті.
"Финалда гол соғуды емес, жеңісті ойлайсың. Ол ессіз ойын болды. Аргентина бүкіл матч барысында бізден жақсырақ ойнады, сондықтан олардың жеңісі әділ болды." – деді ол.
Финалда Аргентина алғашқы таймда 2:0 есебімен алға шыққан еді. Бірақ Мбаппе екі минуттың ішінде есепті теңестіріп, команданы қайта ойынға қайтарды. Қосымша уақытта Аргентина тағы алға шыққанда, Мбаппе 118-минутта хет-тригін жасап, Францияға үміт сыйлады. Дегенмен, бәрін шешкен пенальти сериясы болды. Сол жерде Месси бастаған Аргентиналықтар жеңіске жетті.
"Біз де жақсы сәттер көрсеттік, бірақ жалпы ойынға қарасаңыз Аргентина жеңіске лайық болды. Бұл ауыр сезім, бірақ оны ұмытуға болмайды. Себебі 2026 жылы сол қателікті қайталамауымыз керек.” – деп мойындады ол.
Сұхбат барысында Мбаппе өзіне шабыт сыйлаған тұлғалар туралы да айтты. Оның айтуынша, Криштиану Роналду бала кезінен үлгі тұтатын кумирі болған.
"Криштиану әрқашан мен үшін үлгі. Ол нағыз кәсіби, табандылықтың символы. Мен бақыттымын, онымен сөйлесіп, кеңес алу мүмкіндігім бар. Ол мен үшін нөмір бірінші. Реалдың әр ойыншысы үшін Криштиану – үлгі. Ол клуб үшін көп нәрсе істеді, жанкүйерлер оны әлі де еске алады. Бірақ мен өз жолыммен жүруді қалаймын.” – деді Мбаппе.
Мбаппе Роналдумен бір командада ойнамағанымен, Мессимен бірге өнер көрсеткен. 2021 жылы Лионель Месси "Барселонадан" кеткен соң, "ПСЖ” құрамына қосылған еді. Екі маусым қатар ойнаған бұл дуэт туралы Мбаппе жылы естеліктер айтты:
"Мессимен ойнау – менің мансабымдағы ерекше сәт. Мен ешқашан бұл мүмкін болады деп ойламадым. Әрдайым “Реал Мадридтің” ойыншысы болуды армандадым, ал Мессиді өмір бойы “Барселонада” қалады деп есептейтінмін.” – дейді ол.
Француз шабуылшысы Мессидің адамгершілігі мен қарапайымдылығына ерекше тоқталды:
"Даңқ адамды өзгертеді дейді ғой, бірақ Месси ондай емес. Ол өте кішіпейіл, баршаға құрметпен қарайды. Оның жанында болу – нағыз мектеп. Мен оның әр ісінен, ойынынан көп нәрсе үйрендім.” – деп түйіндеді Мбаппе.
Сөз соңында ол екі жыл бойы Мессимен бірге өткізген сәттерін алтын мүмкіндік деп атады.
"Мен одан көп нәрсе үйрендім, сол үшін ризамын. Ол екі жыл – менің футбол өмірімдегі ең ерекше кезеңдердің бірі болды.” – деді шабуылшы.
Осылайша Мбаппе Аргентина жеңісін мойындап, спорттағы адалдық пен кішіпейілдіктің үлгісін көрсетті.
Біздің серіктес: FONBET