«Реал» шабуылшысы Килиан Мбаппе Алматыда «Қайратқа» қарсы кездесуде (5:0) жарақат алыпты.
Бұл туралы испаниялық әріптесіміз Альберто Перейро «Onda Cero» радиосына берген сұқбатында мәлімдеген болатын. Перейроның мәліметінше, франциялық шабуылшы екінші таймда тобығын созып алған. Соған қарамастан, ойынды соңына дейін жалғастырып, кейінгі турда «Вильярреалға» қарсы матчқа да шыққан еді. Алайда гол соққаннан кейін Мбаппе қайтадан ауырсыну сезінген көрінеді. Енді ол соңғы күндері Франция құрамасының жаттығуларына толық қатыспай, тек аз бөлігіне қосылып, кейін жеке қалпына келтіру жаттығуларын жасауда делінген.
Естеріңізде болса, Алматыда өткен ойында Мбаппе хет-трик авторы атанған болатын. Сондай-ақ, «Реал» сапынан Эдуарду Камавинга мен Браим Диас та бір-бір голдан соқты. «Қайрат» ЧЛ жалпы кезеңінің екі турынан кейін ұпайсыз соңғы орында келеді. 21-қазанда алматылықтар кипрлік «Пафосты» қабылдайды.
Біздің серіктес: FONBET