Осыдан 9 жыл бұрынғы Чемпиондар Лигасының финалы естеріңіз де ме? Стамбулдағы футбол спектакльі. Драма. Футбол тарихындағы ең ұлы матчтардың бірі. Сол драманың бас қаһарманы "Ливерпуль" болып еді ғой. Бірінші таймда 0-3 есебімен "Миланға" ұтылып жатып, екінші таймда Джеррард бастап, Хаби Алонсолар қостап, есепті теңестіріп, ақыр аяғы пенальтиден жеңісті жұлып әкеткен болатын. Сол бір матчқа арнап жақында кино да шығарды. Бір кездері Чемпиондар Лигасының жан кешті батыры "Ливерпуль" сол турнирдің дәмін татпағалы ғаламшарда екі әлем чемпионаты өтіпті. Соңғы мәрте үздік клубтық турнирде 2009/2010 жылғы маусымдарда өнер көрсетіпті. Бұның бәрі тарихқа көз жүгірту, есте болсың деген ниетпен тілге тиек етіп отырмын.
Өткен жазда "Ливерпульде" біраз ауыс-түйіс болды. Бүгінгі таңда әлемнің үздік ойыншыларының бірі Луис Суарестің орнын қалай жоқтатпаса болады деген мәселе төңірегінде бас қатырғаны белгілі. Онымен қоса, сол Чемпиондар Лигасы тағы бар. Жанкүйерлер көп үміт күтеді. Былтырғы күмістің буы бар, кем дегенде төрттікке ену керек. "Барселонаға" кеткен уругвайлықты жоқтатпау мақсатында, бірнеше ойыншылар сатып алынды. Лаллана, Ламберт, Маркович, Балотелли дегендей.
Осы маусымда, "қызылдардың" әр сүрінісі кезінде жанкүйерлер Луис Суаресті сағына еске алады. Уругвайлық сұрмерген өзі үшін де, әріптестері үшін де тақыр жерден мүмкіндік туғызатын. Тек, оның ғажайып фантазиясынан басқа ештенке керек емес-тұғын. Командаға Даниэль Старридж келгенде, Еуропадағы ең үздік шабуыл жұбы пайда болған еді. Ал қазір Луис Испанияға кетіп, Старридж жарақат ізінен жарақат алып еркін көсіле алмай жүргенде, "Ливерпульдің" шабуыл шебі ақсаңдап жүр. Нәтижесіз олай-бұлай пастар, тисе терекке тимесе бұтаққа деп қарсылас айып алаңына әуелете асырыла салатын доптар. Бұндай ойынмен ұзаққа бармасы түсінікті. Әрине, Суаресті барымен базар дегендей трансфер базарында қандай ойыншылар бар, солармен алмастыруға тырысты. Бірақ, іс жүзінде оңай емес екен.
Бүкіл "Ливерпульдің" зығырданын қайнататын бір мәселе бар. Клуб директоры Иэн Эйрдың трансферді немқұрайлы жүргізуі. Болашақты барлай алмауы. Кезінде, Фернандо Торресті "Челсиға" сатып, соңғы сәтте ғана ғана жан ұшыра шабуылшы іздегені бар. Онда да тапқаны, Энди Кэрролл. Әрине, ол Англия ұлттық құрамасының деңгейіне дейін көтерілген футболшы, дегенмен сол кездегі Торрес пен Кэрроллды салыстыруға келмейтін еді. Команданың үздік ойыншысын сатар кезде, алдын-ала оны жоқтатпайды-ау деген футболшыны көздеп қою керек қой. Ең соңғы сәтте осыған да шүкір деп, кезіккен футболшыны қанағат тұтпау үшін.
Директордың ол "былығы" жайлы талай айтылды да, жазылды да. Бірақ, сол жағдай тағы қайталанды. Естеріңізде болса, Балотеллиді трансфер маусымның соңғы сағаттарында ғана "Миланнан" 20 миллион еуроға сатып алған болатын. Балотелли Суаресті жоқтатпайды деген, шындығына келгенде күлкілі ғой. Балотелли-өз мінезіне өзі билік ете алмай жүрген футболшы. Жер тепкілеп, сабақ орындамаса да, шешесіне балмұздақ әпер деп жылайтын бала секілді. Балотелли мен Суаресті салыстыру мүмкін емес, қажет те емес. Иә, Суарес те түрлі жанжалдардан кет әрі емес, бірақ матчта бүкіл күшін сол жасыл алаңда қалдыратын. Ол үшін жеңілу өліммен пара-пар. "Қарсылас тұс-тұсты тұсаған кезде, Суареске пас берсең болды, өзі-ақ қауіпті сәт немесе гол ойлап табады"-деген ұғым болатын. Ал, Марио біріншіден, әріптестеріне бағынышты. Екіншіден, оның жақсы ойын көрсетуі ауа-райына байланысты екені тағы бар.
Премьер-Лигада бүгінге дейін бір гол салған жоқ. Әрине, оны белсенділігі үшін мақтап жатады. Ол аз ғой. Шабуылшыдан голды күтетіні белгілі, әр ойында мүмкіндіктер болады, ол оны голға ұластыра алмайды. "Ливерпульдің" кез келген жанкүйері сол кезде Луисті еске алатыны түсінікті. "Ех, осы жерде Суарес болғанда, сөзсіз доп қақпада болушы еді"-деп. Мүмкін командаға сіңісе алмай жатыр деп ақтауға болатын шығар. Бірақ, доптың домалақ, қақпаның қайда екенін ұмытпаған болар.
Келесі бір жаңадан қосылған ойыншы-Лазар Маркович. Сербиялық шабуылшы үшін бақандай 25 миллион еуро төленді. Қай еңбегі үшін? Команданың механизміне енуі-енбеуі ол бір сұрақ. Адам Лаллана мен Рики Ламбертты сәтті трансферлер деп атауға болады. Адам жартылай қорғаныста шабуылға жауап беріп, Джеррардтың жұмысын жеңілдетіп жүр. Ағылшынның Иньестасы деп те атайды бұл жас талантты. Ал, Рикки Ламберт болса, Каррагер, Джеррард секілді жүрегі "Ливерпуль" деп соғатын жандардың бірі. Уақытында клубтың академиясында тәлім алған, "Ливерпуль" тынысын білетін футболшы. Оны алаңдағы әрбір қимылынан-ақ байқап жүрміз.
"Ливерпуль" былтырғы маусыммен салыстырғанда, құлдырамаса, беріктене түскен жоқ. Бэйл мен "Тоттенхэмның" жағдайы есімізде ғой. "Шпорлар" 100 миллионға Реалға команданың нағыз лидерін сатты да, оның орнына Сольдадо, Ламела, Паулиньо секілді футболшыларды алды. Нәтижесінде не болды? Команда толықтай құлдырады, ақыр аяғы бас жаттықтыруышының орнынан қуылуына әкеп соқтырды. Чемпионаттағы төрттіктің бәріне ірі есеппен ұтылып шықты. Бэйлдің кеткеніне күні бүгінге еті үйренер емес. "Қызылдардың" да сондай күй кешпесіне кім кепіл? Әрине, уақыт өз төрелігін айтар, дегенмен де командаға Суарестың жоқ екенін, онсыз да өмір сүру мүмкін екені үйрету үшін Брендан Роджерстың біраз тер төгетіні түсінікті.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ