Жарнама
Жарнама

Мемлекеттiк тiл мерейi қазақ футболы басшылығында да көрiнiс бердi

24.02.2011, 20:32
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футбол қауымдастығының ресми сайты ендi оқырмандарына жаңартылған нұсқада ұсынылатын болады. Бүгiнге дейiн ақпарат қорын тек ресми тiлде ғана жазып келген веб-сайттың негiзгi бетi бұдан былай мемлекеттiк тiлде, яғни, қазақша мәлiметтермен толтырылады. Алматыда баспасөз мәслихатын өткiзген ҚФҚ басшылығының журналистерге берген басты жаңалығы осы болды.

ҚФҚ-ның Бас хатшысы Саян Хамитжановтың айтуынша, сайт жасаушылардың алдына бiршама маңызды мiндеттер қойылған. Соған байланысты, сайт заман талабына сай үш тiлде жүргiзiлiп, қазақ футболының ғаламтордағы бетi Қазнеттiң спорт саласындағы ең үздiк жобаларының бiрi және ТМД мен Балтық жағалауы елдерi футбол қауымдастықтарымен тайталасатын деңгейде болуға тиiс.

«Веб-ресурстың ең маңызды жаңалығы – оның негiзгi нұсқасының қазақ тiлiнде болатындығы. ҚФҚ сайты басты бетiнiң қазақ тiлiнде ашылуы – бұл қауымдастықтың өзiндiк ұстанымы десек те болады. Елiмiзде спорттық веб-ресурстардың көпшiлiгi ана тiлiмiздi қолдана бермейдi. Ал, спорт, мәдениет, өнер және т. б. салалар арқылы бiз мемлекеттiк тiл қолданысының қанат жаюына жағдай туғыза аламыз. Осы тұрғыда, ҚФҚ да мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясының кеңеюiне өз үлесiн қоспақ», – дейдi Саян Хамитжанов.

ҚФҚ ресми сайтын қайта өңдеушi – «Креатида» компаниясы бұған дейiн Қазнет кеңiстiгiнде қарағандылық «Шахтер», қостанайлық «Тобыл», астаналық «Локомотив» футбол клубтарының сайттарын жасаушы ретiнде танылған.

Қазақ футболының кешегiсi мен бүгiнi және болашағы туралы ғаламтордан бiлгiсi келгендер ендi www.kff.kz және www.ffk.kz мекенжайлары арқылы толыққанды ақпарат ала алады. ҚФҚ Маркетинг және қоғаммен байланыс департаментiнiң басшысы Исмаил Бзаровтың айтуынша, сайттың жаңа нұсқасында Қазақстан футболы туралы флэш-модульдер, бейнебаяндар, сондай-ақ, жеке футболшылар туралы, олардың жасыл алаңдағы ойын өрнегi жөнiнде де статистикалық мәлiметтер орын алмақ.

Жаңа нұсқалы сайттың таныстырылымына Қазақстан спорт журналистикасының ардагерi Диас Омаров шақырылған екен. Ардагер айташы бүгiнгi таңдағы мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн спорт комментаторларының қарқынын жоғары бағалай отырып, спорт саласындағы қазақ тiлiнiң әлi де өз деңгейiне жетпей отырғанына тоқталды. «Кеңес Одағы заманында мұндай мүмкiндiк болған жоқ. Тiптi, Қазақстан спортының жарқын өкiлi «Қайрат» футбол клубы талай жылдар Одақ чемпионатында атой салғанда да комментаторлық тек бiр тiлде жүргiзiлдi. Ал менiң бүгiнгi жас әрiптестерiме жақсы мүмкiндiк туып отыр. Ол – ҚФҚ ресми сайтының мемлекеттiк тiлге толығымен көшуi», – дейдi Диас Омаров.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

"Футбол.кз"

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров