Футболдан Жамбыл обылысының біріншілігі бірінші айналымының мәресіне жақындап келеді. Екі топқа бөлінген он бес команда әр топтан төрт үздік команданы анықтауға таяп қалды. Әу баста топ басшылары болып белгіленген «Ска Юг» командасымен «Альтайс» командалары өз топтарының үздіктері екенін дәлелдеп топтарында бірінші орындарын ертерек анықтап қойды. «А» тобының қалған үш орынына теміржолшылардың «Локомотивы», өзбек қоғамының «Дантист», Жуалы, Шу, Меркі аудандарының командалары таласып келеді. Ал «Б» тобынан біріншілікті жалғастыруға мүнкіндік беретін алдыңғы төрт орынға, «Альтайс» командасынан бөлек, темір жол коледжінің «ҚЖТ», Спорт мектебінің, кәсіпкерлердің біріккен «Достар» және Байзақ ауданының «Бурыл» командасы таласып келеді.
Соңғы турлардың қызығы мен шыжығын өз көзіммен көрейін деп, Байзақ ауданына бет бұрдым. Мұнда «Б» тобының төрттігіне үміткер «Бурыл» командасымен қант зауытқа жақын орналасқан Спорт мектебінің түлектері арасында ойын өтеді. Мен «Көкталға» жеткенде екі командада ойын алдындағы жаттығуларын бастап, денелерін қыздырып жатыр екен.
Бұл матчты Қазақстан біріншілігінің ойындарында төрешілік етуге көмегін тигізіп жүрген Абданбаев Асқардың өзі төрешілік етеді екен. Қапталдағы көмекшілерімен өз жаттығуларын аяқтап, командаларды алаңға шақырып, ысқырығын шалып, ойынды бастап та кетті. Екі ұпай артықшылығы бар спорт мектебінің жастарынан айласын асырмаса, төрттікке ілінбей қалу қаупы бар Байзақ жігіттерінің қимылынан асығыстық байқалады. Екі командада жарты сағаттай мардымды шабуылсыз, бірін бірі ала алмай «қақпасыз», көбіне алаңның ортасында жүріп алды. Тек тайм аяқталар тұста ғана «Бурылдықтар» өз ауылдарында ойнап жатқаны естеріне түстіме, шабуылға жиі – жиі шыға бастады. Айып доптар, алыстан соққылар, бірде тіпті «Бурыл» шабуылшысы оң қапталдан көтерілген допты бір қадам жерден бос қақпаға енгізе алмай әлек болды.Ойынның бірінші жартысы мүлдем аяқталуға таяғанда қонақтар қақпасының алдында қызықты жағдай орын алды. Спорт түлектерінің алаңына асырылған кезекті бір доп спорт мектебінің түлегінің басына тиіп, өз қақпа жағына қарай ұша жөнелді. Қақпашы командасын бұрыштама добынан құтқарам деп жүгірген бойда барды да допты қақшып алды. Енді қызықты қараңыз, ұстауын ұстап алды да, қақпашының ұстауына болатын сызықтан өзінің асып кеткенін байқай қойып, добын жерге тастай салып, теуіп жіберді. Мұны байқамайтын Абданбаев па, тез арада ысқырығын шалып жанағы жерден айып добын белгіледі.Бірақ қақпашыға сары қағаз көрсетпек түгілі, ауызша да ескертпе бермеді. Жас қақпашыға аяушылықпен қарағаны ма, әлде, мұндайда ешқандай ескерту берілмейтін шығар, мұны «суперлигада» төрешілік етіп жүрген Асқардан артық кім біледі дегендей, ешкім көңіл аудара да қоймады...
Сонымен, не керек айып добынан ештеңе өндіре алмай, артынша үзіліс ысқырығы естіліп, командалар демдерін алып, екінші таймға алаңға шықты. «Бурылдықтар» бірден бас салып шабуылға шығып, айналдырған он минуттың ішінде екі гол соғып тастады. Тағы бір - екі қауіпті шабуылдар жасаған алаң иелері сәл босансынған болулары керек, қарсыластың жас шабуышысы қақпашымен бірге – бір шығып, есеп айырмасын қысқартып кетті. Соғылған гол жастарға дем беріп, шабуылдарын үдете бастады.Бірде қақпашы, бірде қорғаушылар қауіпті соққыларға бөгет болуда. Осындай бір сәттің бірінде әуелеп келе жатқан допты секіріп қақшып алып жатқан «Бурылдықтардың» қақпашысына арқасын қоя салған қарсыластар шабуылшысы, қақпашыны мұрттай ұшырды. Ол домалаған күйі қақпашының ұстауына болатын сызықтан асып барып тұруға шамасы келмей ауырсынып жатыр. Ойын сәтінен алшақтау тұрған төрешіміз жүгіріп келеді. Қапталдағы көмекшісіне қарап еді, ол еш қимылсыз тұр екен. Келген бетте қолымен айып добы «Бурыл» қақпасына қарай екенін көрсетіп, қалтасынан түрлі - түсті қағасын шығарып дайындалып тұр. Әу баста ел (ауыл тұрғындары өз жігіттеріне демеу болуға бірталай жиналған) шабуылшыға сары қағаз көрсете ме деп ойлаған, сөйтсек, ыңырсып орнынан зорға түрегелген қақпашыға бірден қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан шығуын талап етіп тұр. Қақпашының не үшін қуылғанын туралы сұрағына, «айып сығынының сыртында допты ұстағаның үшін» деп жауап қайырды. «Мен допты сызықтың ішінен ұстап сыртқа шабуылшының итеруімен шықтым ғой» деп ақталуына, «сен өзің аунап кеттің» деп, өзінің шешімін өзгертпейтінін айтып тұр. «Ал бірінші таймда ешкім итермей-ақ допты сырттан ұстап алған қарсылас қақпашысына сары қағазда көрсеткен жоқ едіңіз ғой» дегеніне, адамның күлкісі келетін, орысша араластырып, «ол жерде ол «инерциямен шығып кеткен» деп жауап беріп тұр. Қызыл қағаз иегерінің «сонда ол қақпашыда «инерция» барда менде ол жоқ па» дегеніне екі команданың да ойыншылары күліп жіберді. Әйтеуір не керек, қосалқы құрамда қақпашысы жоқ «Бурылдықтар» қақпасына алаңда ойнап жүрген ойыншы тұрып, соңғы он минутта қақпаларына гол дарытпай ойынды аяқтады. Есеп 2 – 1 алаң иелерінің пайдасына.
Бәрі бітті - ау деп алаң жиегінде тұрғанмын. Бас төреші қызыл қағаз алған қақпашының жанынан өтіп бара жатыр еді ол наразылық танытып:
- Асеке жанағыңыз дұрыс болмады, қызыл қағаз беретін жер емес еді манағы сәт, болмаса бірінші таймда олардың қақпашысына сары қағаз болсада көрсетсеңіз мен сізге ештеңке демес едім – деп сөйлеп жатыр.
Сондағы төрешіміздің берген жауабы сырт тұрған менің көңіліме тікендей қадалды.
Ол « Сары (қақпашыны солай атады) мен қай жерге төрешілік етемін, сен қай жерде ойнайсың кішкене жан жағыңа қарасай, мен білем бе сен білесің бе» деп ары қарай сөз бітті дегендей айналып кете барды. Зәбір көруші қақпашы ызаға булыққан күйі «керемет төреші болсаң біріншіліктегі төрешіліктен бес – алты турға неге шеттетілдің» (біріншілік ойындарынан алты турға шеттетілгені рас еді) деген сауалына, «онда шаруаң болмасын» деп (намысына тиіп кетті білем) кесіп айтты да, теріс қарай берді.
Төрешінің артынан қарап тұрып қазағыма билік берсең шыққан жерін ұмытып кететіні жаман деп қапа болып қалдым. Төрешілігін қалалық біріншіліктен бастаған адам «премьер-лига» төрелік еттім деп кешегі өзін төреші болып қалыптасуына септігін тигізген біріншілік адамдарынан өзін биік санап менсінбей бара жатыр. Мен қай жерде төрешімін сен қай жерде ойнайсың – дейді. Ондай менсінбейтіні бар болса, дәл бүгін мұнда не қылып жүр, Абданбаев мырза. Мейлі ол бүгін қателескен шығар, мүмкін шешімі дұрыс болар, мен оған ызыланбаймын, манағы «жан жағыңа қара» дегені қақпашы жігітті жерге таптағандай әсер алдым. Қазақстан біріншілігіне (көбіне бірінші лига) төрелік еткенде айтып бара жатқаны мынау болса, ертең күн туып Еуропа алаңдарында төрелік етіп келсе (бірақ оған күмәнім бар) «премьер-лига» ойыншыларын да адам қатарына қоспайтын шығар бұл жігітің, деген оймен қалаға қарай бет алдым.
Біздің серіктес: FONBET