Жарнама
Жарнама

Месси «Барселонаға» кезекті үш ұпай сыйлады.....

28.02.2017, 04:30
Жарнама
Жарнама

Испания Премьер-лигасының 24-ші турының орталық кездесуі Мадридта өтті. Атақты «Висенте Кальдерон» стадионында турнирлік кестеде 2-ші орында келе жатқан каталондық «Барселонаны» қабылдаған «Атлетико» өз жанкүйерлерінің алдында 1:2 есебімен жеңіліс тапты.

Бұл ойын қос команданың бапкерлері үшін ерекше ойын болды десек артық айтқанымыз емес.  Себебі,  Диего Симеоне үшін, алаң қожайындарының бас бапкері ретінде 300-ші кездесу болса, қонақтардың бас жаттықтырушысы Луис Энрике үшін 100-ші ойын еді.  Ұйымшылдықтарын дәлелдегісі келген  «блаугранас» ойыншылары, бұл кездесуге жарақаттанып, лазаретте жатқан, әріптестері Алеиш Видальды қолдау мақсатында арнайы жейдені киіп шықты. Назарларыңызға өткен кездесуге қысқаша шолуымызды ұсынамыз.

Ойынның бас төрешісі Антонио Матеу Лахостың ысқырығы шалынып, кездесу басталды.  Кездесудің бірінші бөлігінде қос команда алма-кезек шабуылдағанымен, есеп өзгеріссіз болды. 25-ші минутта Гризманның алыстан шірене тепкен соққысын Тер Штеген бұрыштамаға шығарып жіберсе, артынша айып добынан тепкен Мессидің соққысын Облак қайтарып, командасын голдан аман алып қалды. Осылайша бірінші таймда жиналған жанкүйерлер гол көре алмады. Ойынның екінші бөлігінде ширақ, әрі сергек қимылдаған қонақтар есеп ашты. Кездесудің 64-ші минутында  алаң иелерінің айып алаңында болып жатқан қарбаласты тиімді пайдаланған Рафинья гол соғып, көзге түсті. Алайда Энрике шәкірттерінің қуаныштары ұзаққа созылмады. Стандарттық жағдайдан Кокенің асырған добына бірінші жеткен Годин қақпашыдан айласын асырып, қос команданың терезесін тең қылды. Ойын аяқталар сәтте жеңіске деген жігер танытқан қонақтар дегендеріне жетті. Гомештен пас алған Месси допты қақпаға  бағыттады, алайда қорғаушыға тиіп қайта серпілген допты екінші мәрте тепкен аргентиналық шабуылшының соққысына ешкім тосқауыл бола алмады. Осылайша маңызды ойында жеңіске жеткен Энрике шәкірттері  2-ші орынға жайғасты. Көш басында мадридтік «Реал» келе жатыр, ал үздік үштікті  «Севилья»түйіндеп тұр.

Руслан МЕРАЛИЕВ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров