Өткен аптада Чемпиондар Лигасы 1/8-финалының қарымта ойындары болып өтті. «Барселона» және «Байер» клубтарының арасындағы ойында каталондық шабуылшы Месси (видео) 5 гол соғып, «манито» жасады. Ойын 7:1 есебімен каталондықтар пайдасына шешілген болатын.
Сол ойыннан кейін гректің «SportDay» газеті «Тұтқындаңдар оны!» деп, ойын туралы ойларын жазған екен. «Алаңда Мессиге еркіндік берер болсаң, осындай оқиғалардың орын алуы қалыпты жағдай. Аргентиналық жарық жұлдыз «Байер» қақпасына 5 гол соғып, тарих шежіресін жаңартты. Ол тағы да жүйрікке тұсау жоқ екенін дәлелдей отырып, УЕФА Чемпиондар Лигасында 5 доп соққан бірден-бір футболшы ретінде тарихқа енді», – дейді грек басылымы. Естеріңізде болса 1986 жылы футбол жұлдызы Марадонна әлем чемпионатында Англия қақпасына қолмен гол салып, оны «құдайдың қолымен салынған гол» деп атаған еді. Соны негізге алған болар, «Байер» қақпасына соғылған 5 голды испаниялық «AS» газеті «Мессидің қолы» деп атаған екен. Тағы бір испан газеті «El País» Мессиді дауылға теңепті. «Біз Мессиді құрметтеуіміз керек. Себебі, ол әрқашан футбол ойнауды қалайды. Оған жолдастық және жарыстық кездесудің еш айырмашылығы жоқ. Қиын немесе ауыр, маңызды не болмашы ойын Мессидің ойынына әсер ете алмайды. Ол үшін суықтың да, ыстықтың да, сырт алаң мен өз алаңында, сенбі немесе дүйсенбі күнінің де айырмасы шамалы. Ешкім ойынды шоуға айналдыратын Мессиден артық ештеңе талап етпейді», – деп ауызының суы құрып жазады. «Футбол құдайы – Месси!» Каталондықтардан оңбай таяқ жеген немістердің «Bild» газеті осылай жазады. «Оның 5 голы леверкузендіктерді күлкілі көрсетті. 169 см-лік жігіттің 5 голы «Байер» үшін өте көп. Лео Месси Бундеслигаға қарсы ең әдемі бес голын салды. Леверкузендіктер үшін сәтсіздік, ал барша футбол жанкүйерлеріне үлкен ғанибет». Итальяндық «Corriere dello Sport» газеті болса Мессиді жатпланеталыққа теңепті. Әрі оның голдарын «аңызға айналған 5 гол» атапты. Голландиялық «De Telegraaf» «Сиқыршы Месси «Ноу Кампты» дүр сілкіндірді» десе, португалдық «Público» «Мессидің таусылмайтын кереметіне сирек кездесетін тағы біреуі қосылды» деп жазады. Сонымен қатар, оны теңейтін нәрсе табылмағанын да айтады. Мессиді мақтауда ағылшындар мен француздар да құр қалмапты. «Telegraph»: «Мессидің мастеркласы рекордтар кітабын қайта жазуды қажет етті» – десе, «L'Équipe» газеті Леоны стратосфераға теңепті. Ал, мадридтік «Marca» газеті «Құдайдың бестігі» деп атаған екен. Осы орайда, біз өзге футболшылардың Месси туралы туиттерге жазғанын оқып көрген едік. Ең бірінші Англия және «Манчестер Юнайтед» клубының шабуылшысы Уэйн Рунидің жазғанына көзіміз түсті: «Месси – әзілқой?! Мен үшін әлемдегі ең керемет футболшы!» «Бұл жігіттің ойынына үлкен сүйіспеншілікпен қараймын… Месси» (Джек Уилшер, «Арсенал»-дың жартылай қорғаушысы). «Месси – Пеле емес, Месси – Марадонна емес, Месси – Роналдо емес. Месси – ол Месси, жай ғана Месси. Керемет!» (Жулиано Беллети, бұрынғы футболшы). «Мессидің ойыны адам сенгісіз. Сырттай барлығы қарапайым секілді көрінеді» ( Йозеф Блаттер, ФИФА президенті). «Месси Вуду сиқырын қолданады… Дәлел» (Эммануэль Фримпонг, «Арсенал»-дың жартылай қорғаушысы). «Бұл шынымен Чемпиондар Лигасының ойыны ма, әлде Плэй-стейшн ба? Ол – тоқтаусыз!» (Радамель Фалькао, «Атлетико» шабуылшысы) «Сөз жоқ, сен өзге галактикалықсың. Рахмет саған, Лео!» (Макси Родригес, «Ливерпуль»-дың жартылай қорғаушысы) «Месси – әлемнің үздік футболшысы!» (Эден Азард, «Лилль» шабуылшысы) «Лео тарихты жазуды жалғастыруда. Ұлы Лео!» (Пабло Сабалета, «Манчестер Сити» қорғаушысы) Әйгілі қоянтіс Роналдо шыдай алмаса керек, әдептен озып туиттерге «Балаларыңды туиттерден алып кетіңдер. Месси футболды шайтан секілді ойнайды», – деп жазыпты. «Ал, сіз Мессидің адам екеніне сенімдісіз бе?» (Демба Ба, «Нюькасл» шабуылшысы) Біз осы бір аргентиналық «қортықтың» ойынын тамашалау мүмкіндігіне ие болдық. Пеле мен Марадонна ойынын көзімізбен көрмесек те, өкінбейтін халдеміз. Ал, сіз Мессиді әлі адам деп ойлайсыз ба? Әзірлеген Абай Асанкелдіұлы нұр астана газетіБіздің серіктес: FONBET