Sports360 басылымына берген сұхбатында клубтың бұрынғы вице-президенті Жорди Местре Аргентиналық жұлдыз бен клуб президенті Жоан Лапортаның арасындағы қарым-қатынас бүгінде ең төмен деңгейде екенін мәлімдеді.
"Маған сенімді адамдар айтты — Лео Месси мен оның отбасы Лапортаға өте, өте, өте қатты ренжіген. Иә, дәл солай — қатты ашулы.” — деді Местре, 2021 жылғы қоштасудан кейінгі жараның әлі жазылмағанын растай отырып.
2015–2019 жылдары клуб басшылығында болған Местре Мессидің клубқа қосқан үлесі спорттық жетістіктермен ғана шектелмегенін ерекше атап өтті:
"Біз Месси үшін не істесек те, жеткіліксіз. Ол бізге спорттық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да баға жетпес нәрсе берді. Мессимен бірге өткізілген турлар — бір деңгей, ал онсыз — мүлде басқа. Иә, ол көп табыс тапты, бірақ клубқа бұдан да көбірек пайда әкелді. Көптеген әлемдік жұлдыздар тек Мессимен бірге ойнау үшін “Барселонаға” келді."
Местренің айтуынша, клуб әлі күнге дейін Мессиге лайық құрмет көрсете алған жоқ.
"Клуб не жоспарлап отырғанын білмеймін, бірақ не істесе де, аз болады. Мен болсам жаңа “Spotify Camp Nou”-дың басты трибунасына Лионель Мессидің есімін берер едім. Ол есім ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс."
Местре Месси "Барселона" тарихындағы ең ықпалды тұлға екенін атап өтіп, клубты қайта құрылу кезеңінде ұлы ойыншысымен қарым-қатынасын қалпына келтіруге шақырды:
"Мессидей әсер қалдырған ойыншы ешқашан болмайды — ол тек алаңда ғана емес, клубтың рухында да ерекше орынға ие."
Сол сұхбатта Местре Неймардың 2017 жылы "ПСЖ"-ға кетуін клуб тарихындағы ауыр соққы ретінде сипаттады:
"Неймардың жобасы жүзеге аспағаны өте өкінішті. Ол керемет ойыншы еді, әрі Мессидің мұрагері болуы тиіс болатын. Леоның өзі маған оны қайта алып келгісі келетінін айтқан. Мен оны түсінемін — Неймармен ойнау оған бәрін жеңілдететін."
Местре 2017 жылы айтқан атақты сөзі — "Неймар ешқашан кетпейді, бұған 200 пайыз сенімдімін.” — есінде екенін де мойындады. Бірақ бірнеше күннен кейін ол қателескені анық болды:
"Сол кезде тіпті ойыншылардың өздері де оның кететінін білмеген. Кейін бәрін түсіндім — бұл трансфердің артында Пини Захави тұрды. Ал оның жақын досы кім екенін бәріміз білеміз.” — деп меңзеді ол.
Местре сұхбат соңында көпшілікті таңғалдырған мәліметті де айтты — клуб Неймардың отбасына 16 миллион еуро қарызды кешірген көрінеді:
"Лапорта Израильге барып, Захавимен кездескеннен кейін бұл істен бас тартқан. Ал шын мәнінде “Барса” сол кезде сотта екінші рет жеңіп шыққан болатын."
Местренің бұл мәлімдемесі "Камп Ноудағы” ескі жараларды қайта қозғады.
Ал, Месси мен Лапорта арасындағы дау — өткен шақтағы мәселе емес. Бұл — әлі аяқталмаған оқиға.
Біздің серіктес: FONBET