Қазақстан құрамасының қорғаушысы Михаил Габышев ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Беларусьпен болатын матчқа дайындық туралы айтып, жанкүйерлерден қолдау күтетінін мәлімдеді, сонымен қатар командалардың Сербияда өткен кездесуін еске алды.
- Біз екі күн бұрын ғана жиналдық. Алғашқы күні жігіттердің бәрі құрама қосынына түгел келген жоқ. Атмосфера керемет. Барлығы алдағы матчты асыға күтуде. Оның Қазақстан үшін қаншалықты ерекше және маңызды екенін түсінеміз. Біз қалаған нәтижеге жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине бір-бірімізді сағындық. Бірақ әрқайсымыздың өз клубымыз, өз жұмысымыз бар, ол жақта жүріп команданың алға қойылған мақсат-міндетін шешуге көмектестік. Енді біз ортақ мәселемізді шешу үшін осында жиналдық.
Жанкүйерлердің қолдауына баға жетпейді. Толық стадион жиналып, бізді қолдайды деп сенеміз. Бұл біздің жеңіске көмектесетін он екінші ойыншымыз болмақ.
Беларусьпен алғашқы ойын Сербия жерінде өтті. Ойын кестесі тығыз болғандықтан бұл матч оңайға соққан жоқ. Содан кейін ұлттық құраманың ойындары арасында үлкен үзіліс болды. Жаттықтырушылар құрамы біз үшін бәрін дайындап қойды, олардың айтқанын бұлжытпай істейміз деп ойлаймын.
Словакиямен болған ойындағы нәтижелі пас? Айып алаңына осындай траекториямен асырылған пасты қорғаушыларға қағып алу оңайырақ болар еді. Бірақ бәрі мүлдем басқаша аяқталды. Бұл таңқаларлық жағдай болды.
Біздің серіктес: FONBET