Отандық футбол ардагері Михаил Гурман Қазақстан футбол федерациясындағы бассыздық пен ел чемпионатындағы сорақылықтарды аяусыз сынады. Ол федерация президенті Марат Омаровтың қос қызметті қатар алып жүруі отандық спортты құрдымға кетіріп жатқанын ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Михаил Гурманның пайымдауында, кез келген ұйымдағы сәтсіздік пен ретсіздікке ең бірінші кезекте оның басшысы жауапты болуы тиіс. Алайда, қазіргі ҚФФ жетекшісінің жағдайы мүлдем бөлек болып тұр.
“Біз футболда небір қиын кезеңдерді бастан өткердік, бірақ әрқашан бір нәрсені түсіну маңызды — жауапкершілік әрдайым бірінші басшының мойнында болады. Қазіргі таңда ҚФФ президенті Омаров сонымен бірге ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде өте маңызды мемлекеттік лауазымды атқарып отыр. Осыдан кейін қарапайым адамдық сұрақ туындайды: оның футболға бөлуге таза физикалық тұрғыдан уақыты қалады ма?” — деді Гурман Sporthub басылымына берген сұхбатында.
Футбол маманы ел біріншілігіндегі жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін және жүйенің мүлдем жұмыс істемей тұрғанын нақты мысалдармен тізіп берді. Оның айтуынша, қазақ футболы бұрын-соңды мұндай дағдарысты көрмеген.
"Ұзақ жылдардан бері алғаш рет отандық ұжымдар бірігіп, федерацияға ұжымдық хат жазуға мәжбүр болды. Төрелік ететін бөлім қазіргі уақытта орасан зор қысым астында жұмыс істеп жатыр. Жанкүйерлер бейнеқайталау жүйесінің әділдігіне сенуден қалды. Қазір ел чемпионатының әрбір туры үлкен жанжалмен аяқталатын болды. Бұл — жүйенің тиісті деңгейде бақыланбай отырғанының айқын дәлелі.” — деп күйінді маман.
Михаил Гурман сөзінің соңында отандық футболды бұл тығырықтан алып шығудың жалғыз жолын көрсетті. Оның ойынша, федерация тізгінін мемлекеттік шенеуніктер емес, футболмен өмір сүретін нағыз майталман ұстауы қажет.
“Біз мына бір ащы шындықты ашық мойындауымыз керек: бүгінгі таңда Қазақстан футболына спортты өзінің көп лауазымдарының бірі ретінде емес, бүкіл саналы ғұмырының басты ісі деп санайтын, футболмен тыныстайтын нағыз кәсіби басшы ауадай қажет.” — деп түйіндеді сөзін Михаил Гурман.
Біздің серіктес: FONBET