«Тұран» командасының ойыншысы Милан Стоянович Prosports.kz сайтына берген сұхбатында жарақаты жайлы, алаңға қашан оралатыны мен алдына қойылған мақсаты туралы айтып берді.
- Милан, жағдайың қалай? Қалай жарақат алып жүрсің?
- Жаттығуда тізем ауырды. Сосын ісіп кетті. Команда дәрігерімен сөйлескен соң, жаттығуды жалғастырамын деп ойлағанмын. Алайда алаңға шыға алмадым. Аяғымды МРТ-ға түсіріп, Сербия құрамасының дәрігеріне тексеріске жібердім. Ол ірің бар екенін айтып, ертерек тазалауға кеңес берді.
- Дәрігерлер алаңға қашан оралуға болатынын айтты ма?
- Ота жасатқан соң бір айдан кейін алаңға оралуға болады. Сосын екі апта жаттыққан соң ойынға дайын боламын. Маусым айындағы ұлттық құрамалардың матчтары уақытында бабыма келетін шығармын.
- Сербияда емделіп жатырсың ба?
- Иә, қазір Сербиядамын. Физиотерапевттің қол астында ақырындап жаттығуларға оралдым. Сондықтан формамды жоғалтып аламын деп ойламаймын. Ол командадағы жаттығу процесіне толыққанды дайын болатынымды айтты.
- «Тұран» мансабыңдағы үшінші қазақстандық клуб. Бұл командаға қалай қосылдың?
- Қыста жақсы танысым Таңат Нөсербаев хабарласты. Онымен бірге «Оқжетпесте» ойнаған едім. Басқа командалардан ұсыныс түссе де, Таңат осында келуге көндірді. Жаңа команда, жаңа стадион, болашағы бар деді. Бас бапкермен сөйлескен соң «Тұранға» қосылуды шештім.
Қазір нәтижеміз жақсарып келеді. Жаңа командаға бір-бірін түсіну үшін уақыт керек. Алда бәрі жақсы болатынына күмәнданбаймын.
- Қазақстанды жақсы көргенің соншалық басқа елге кеткің келмей ме?
- Иә, бұл Қазақстандағы үшінші командам (жымиып). Қыста шетелден де ұсыныс түскен еді. Бірақ мен Қазақстанға қуана-қуана оралдым. Команданы жиі ауыстырғанды ұнатпаймын. Маған Қазақстан футболы, адамдары, бәрі ұнайды. Денсаулығым әлі Қазақстанда ойнауға мүмкіндік береді деп сенемін.
- «Оқжетпесте» жалақыңды толық берді ме? Әлде қарыз болып қалды ма?
- Жоқ, толық бермеді. Ол команданың көп ойыншыларға қарыз екенін білемін. Жақын уақытта бәрін қайтарады деп сенемін. Көкшетауда футболды жақсы көреді, жанкүйерлері де керемет. Бұл командаға Премьер-лигаға тез арада оралуын тілеймін.
- Биылғы маусымда «Тұранның» алдына қандай мақсат қойылды?
- Ең бастысы - алдына қойылған мақсатты шеше алатын команда құрып, жоғары дивизиондағы орнымызды сақтап қалу.
Біздің серіктес: FONBET