Қазақстан ұлттық құрамасының ойын өрнегі бір жүйеге түсіп, дамып келеді. Сенімділік пайда болды. Бір анығы - аутсайдер болмаймыз
Қыстың соңғы күнінде Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы жылдың алғашқы ойынын өткізген болатын. Анталияның "Ататүрік" стадионында Мирослав Беранек шәкірттері Латвия құрамасымен айқасқан. 0:0 есебімен аяқталған бұл ойын Мирослав Беранектің ұлттық құрамамыздағы тоғызыншы матчы болыпты. Осы кездесуден алған әсері туралы, Исламхан мен Ахметовтың дебюті жайлы және ел футболының өзге де мәселелері төңірегіндегі ойларымен Мирослав Беранек матчтан кейін журналистермен бөліскен еді.
- Мирослав, аталмыш кездесу туралы толыққанды әсеріңізді айтсаңыз. Жігіттерге не жетіспеді? Көңіліңіз толған тұстары болды ма? - Егер матч алдында біреу менен, "тең ойынға қанағаттанар ма едіңіз?" деп сұраса, ойланбастан "иә" деп жауап берер едім. Бірақ, матч барысын сараптай келе, ойын нәтижесі біздің пайдамызға шешілуі тиіс болғанын бағамдаймын. Төрешінің алаңнан қарсыластың бір футболшысын аластатқанын да айтпай кетуге болмайды. Он ойыншымен қалған қарсылас тактикасын һөзгертуге мәжбүр болды. Қорғанысқа көңіл бөлумен матчты өткізді. Нәтижесінде біздің де жоспарымыз орындалмады. Негізі, әуелете ұшқан доптардың барлығын өз пайдамызға шешуіміз керек деген мақсатымыз болмаған. Матчтың алдында-ақ қарсыластың бұл кездесуде қалай ойнайтыны жайлы көз алдыма елестеткенмін. Айып добын орындауда ойлағанымыз көп жағдайда жүзеге аспай жатты. Дегенмен, басқа аспектілерде жоспарлаған комбинацияларымыздың барлығын іске асыра алдық. - Бұл ойында жартылай қорғаушыларымыз тамаша ойнап жатты. Шабуылшыларымыз солардың асырған пастарын тиімді пайдалана алмай жатқандай көрінгені рас. Жалпы, ұлттық құрамамыздың орта тұсы жайлы не айтасыз? - Иә, рас, жартылай қорғаушыларымыз жақсы ойнады. Әлбетте, алғы шепте гол соғудан ақсап жаттық, жартылай қорғаушыларымызға да аздап сәттілік жетіспей жатты. Дегенмен, орта тұсымызға көңілім толды. - Екінші таймда сіз алаңға Қонысбаев пен Мұжықовты шығардыңыз? Қалай ойлайсыз, олар шабуылымызды түлете алды ма? - Олар кіре салысымен қос қапталымыздың жылдамдығы артты. Бірақ, айта кетерлігі, екеуі де бұл жиында ауырып, денсаулықтары сыр беріп жүрді. Кішігірім жарақаттары болды. Сондықтан, бұларды алаңға ойынның басынан шығара алмадым. Жаңа маусым алдында олардың жарақаттарын одан бетер асқындырғымыз келмеді. - Матч бойы сіз Александр Кировқа айқайлап нұсқау беріп жаттыңыз. Оның алаңда орындайтын қосымша міндеттері болған ба еді? - Мен Хайруллинге сәл ортаға ығысуға, ал Кировқа толығымен сол қапталға ие болуға нұсқау бергенмін. Өйткені, шабуылда Киров керемет пастар асыра алады. - Жастар құрамасымен керемет қарым-қатынастасыз. "Достастық кубогі" турнирінің алдында "жастарға" Сергей Хижниченконы берген едіңіз. Бұл жолы U-21 сапынан Бауыржан Исламхан мен Елдос Ахметовты алдырттыңыз... - Дарынды футболшылар өсуі керек. Сондықтан реті келіп жатса оларға бас командада ойнауға мүмкіндік беріп тұрған дұрыс. Дегенмен, мұндай байланыстар кез келген елдің ұлттық құрамасы мен жастар құрамалары арасында болуы керек деп ойлаймын. -Соңғы кездері жастар құрамасы ұлттық құрамаға лайық көптеген футболшыларды дайындап шығарды. Олардан бөлек, ұлттық құрама сапында ойнай алатын дарынды жастар бар ма? - Дәл қазір ұлттық құрама сапында "жастардың" бес ойыншысы ойнайды. Мұның өзі үлкен жетістік. Айта кетейін, бас команданың есігі барлық футболшыға ашық. - Бір тектес екі шабуылшыны алаңға қатар шығару тактикасы өзін ақтап жатыр ма? Бәлкім денелі шабуылшының жанына шағын, әрі жылдам әріптесін қосқан дұрыс шығар? - Егер Бауыржан Исламхан сияқты командаға пайдасын әкеле алатын, алаңды керемет түсінетін жан-жақты бір шабуылшыныңыз болса, мен оны қазір-ақ командаға алар едім. - Ал Гридин мен Остапенкоға гол соғуға не жетіспеді деп ойлайсыз? - Латыштардың орталық қорғаушылары жайлы айтып өттім ғой. Олар өте тәжірибелі ойыншылар. Бойшаң. Өте мықты командаларда ойнайды. Сондықтан, оларға қарсы ойнау оңай болмайтынын түсінгенбіз. Өзіміздің артық құрамымызды тиімді пайдалана алмағанымызбен өз ойлаған комбинацияларымызды жүзеге асыра алдық. Тіпті, гол соғатын бірнеше шабуылдарды да ұйымдастыра алдық. -Сіз Түркияға матчтан бірнеше күн бұрын келіп алған едіңіз. Клубтарымыздың жиындарын да тамашаладыңыз. Исламхан мен Ахметовты жиындардаға көрсеткіштеріне байланысты бас командаға шақырттыңыз ба? - Бұл ойыншыларды өткен жылы-ақ байқағанмын. Жастар құрамасындағы және клубтарындағы ойындарын көріп, риза болғанмын. Бүгін де бұлардың ойындарын көріп, шеберліктеріне қуанып қалдым. Олардың болашағы зор. - Сізді футболшыларымыздың маусымаралық үзіліс кезіндегі физикалық дайындығы қанағаттандыра ма? - Қазір әр клубта физдайындық жөніндегі жаттықтырушы бар. Олар ойыншылардың бабында жүрулері үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Дегенмен, мұндай бапкерлердің болуы маусымаралық үзіліс кезінде футболшылардың толық бабында болуына еш кепіл бола алмайды. Бұған уақыт керек. - Сіздің Қазақстан ұлттық құрамасымен жұмыс жасап жүргеніңізге бір жыл болды. Ұлттық біріншіліктің ойындарын көріп жүрсіз. Қалай ойлайсыз, клубтарымыз ұлттық құрамаға жеткілікті түрде футболшылар дайындап шығаруда ма? - Оңай сұрақ емес екен. Айтарым, клубтардың ойыншыларды тәрбиелеу жұмыстарына бағамды бере алмаймын. Бұл жерде басты критерий уақыт болып саналады. Тек уақыт қана премьер-лига клубтары ұлттық құрамаға ойыншылар тәрбиелеуде жұмыс жасап жатыр ма, әлде футболшының дарыны негізгі құрамға жетелеп шығарды ма, соны айғақтап береді. - Келесі іріктеу додасына дейін қай құрамамен жолдастық кездесуді өткізуді қалар едіңіз? - Дәл қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Жалпы, менің құзырымдағы мәселе емес. ҚФФ менеджерлеріне қойылар сұрақ. Қазір "Еуро - 2012" турнирі алдында жолдастық кездесулердің кестесі түзіліп қойған. Сондай-ақ, жазда футболшылардың көбісі демалысқа шығады. Оның үстіне, жазда Қазақстан жастар құрамасы өз ойындарын өткізеді. Ұлттық біріншілігіміз тағы бар. Яғни, бос уақытты қарастыру керек. - Келесі іріктеу додасында өз тобымызда қай орынды алсақ, көңіліңіз тоқ болады? - Сұрақты бұлайша қою дұрыс емес. Әлем біріншілігі - 2010 іріктеу додасына тартылар жеребе алдында біз алтыншы себетте болғанбыз. Дегенмен, Қазақстан ұлттық құрамасының ойын өрнегі бір жүйеге түсіп, дамып келеді. Сенімділік пайда болды. Бір анығы - аутсайдер болмаймыз. Автор: Әлішер Абдулин (Алматы-Анталья-Алматы) www.kff.kzБіздің серіктес: FONBET