Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасындағы өнерін сәтсіз аяқтап, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қала алмады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазақстан чемпионатының 30-турында Қызылордалық команда сырт алаңда елордалық «Жеңіспен» кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Бұл нәтиже «Қайсардың» Премьер лигадан шығып қалуына себеп болды.
Маусымның соңғы кездесуіне дейін «Қайсар» турнирлік кестенің төменгі бөлігінде орналасып, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін ұпай жинауға міндетті еді. Алайда шешуші ойында қажетті нәтижеге қол жеткізе алмады.
Айта кетейік, биыл «Қайсар» құрамын Англия Премьер лигасының бұрынғы чемпионы, «Челси» сапында өнер көрсеткен Нигериялық футболшы Виктор Мозеспен күшейткен болатын. Дегенмен тәжірибелі ойыншының келуі де команданың чемпионаттағы жағдайын жақсартуға жеткіліксіз болды.
Осылайша, Қызылордалық клуб 2027 жылғы маусымды Қазақстанның Бірінші лигасында өткізуге мәжбүр болады.
Соған қарамастан, «Қайсар» үшін биылғы футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. 7 қарашада команда Қазақстан кубогының финалында Шымкенттік «Ордабасымен» кездеседі.
Биыл ел чемпиондығын мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен «Ордабасы» кубокты да жеңіп алып, маусымды екі бірдей жүлдемен аяқтауды көздейді. Ал «Қайсар» Премьер лигадағы сәтсіздігін кубоктағы жеңіспен жуып-шайып, жанкүйерлерін қуантуды мақсат етеді.
Осылайша, Қазақстан кубогының финалында маусымды мүлде қарама-қайшы нәтижемен аяқтаған екі команда кездеседі. Бірі ел чемпионы атанса, екіншісі жоғары дивизионмен қоштасты.
Біздің серіктес: FONBET