Қызылордалық "Қайсар" танымал Нигериялық шабуылшы Ахмед Мусамен келіссөздерді бастады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Dop телеграм арнасының хабарлауынша, “Қасқырларэ қазіргі таңда футболшымен байланысқа шыққан. Ол ұлттық құрамадағы серіктесі Виктор Мозес сияқты соңғы онжылдықтағы ең танымал Африкалық ойыншылардың бірі болып саналады.
Қазіргі уақытта тараптар арасындағы келіссөздер алғашқы сатыда. Клуб пен футболшы мүмкін болатын ынтымақтастықтың форматы мен қаржылық шарттарын талқылап, бір-бірінің талаптарын саралауда екен.
Ахмед Муса — шабуылшы әрі вингер. Қазіргі уақытта Нигерия Премьер лигасындағы "Кано Пилларс" клубында өнер көрсетеді. Ол Нигерия ұлттық құрамасы сапында 110-нан астам матч өткізіп, ел тарихындағы ең көп ойын өткізген рекордшы футболшы ретінде танымал.
Мусаның үлкен футболдағы жолы 2008 жылы "JUTH FC” клубында басталып, кейін "Кано Пилларсқа” жалға берілді. Оның халықаралық деңгейдегі танымалдылығы Еуропаға ауысқаннан кейін басталды.
– Нидерланды (2010–2012): "ВВВ-Венло” сапында 42 ойында 10 гол соғып, команданың Эредивизияға жолдама алуына көмектесті.
– Ресей (2012–2016): Мәскеулік "ЦСКA” сапында нағыз жұлдызы жанды. Ол Ресейдің үш дүркін чемпионы (2012/13, 2013/14, 2015/16) және Ресей Кубогының иегері атанды. 144 матчта 44 гол соғып, команданың негізгі күшіне айналған болатын.
– Англия (2016–2018): Рекордтық 16,6 миллион фунт стерлингке сол кездегі Англия чемпионы "Лестер Ситиге" ауысты. Дегенмен, АПЛ-дағы көрсеткіші Ресейдегідей жоғары болмады (38 ойын, 5 гол).
– Сауд Арабиясы және Түркия (2018–2023): "Әл-Наср” сапында Сауд Арабиясының чемпионы атанды. Кейін Түркияның "Фатих Карагюмрюк” және "Сивасспор" клубтарында бақ сынады.
2024 жылдың қазан айында Муса туған клубы "Кано Пилларсқа" қайта оралды. Қызықты дерек: 2025 жылдың шілдесінде ол тек ойыншы ғана емес, сонымен қатар Кано штаты губернаторының шешімімен клубтың бас менеджері болып тағайындалды. Осылайша, ол алаңда өнер көрсете жүріп, әкімшілік қызметті де қатар алып жүр.
Муса — Нигерияның "Супер бүркіттерінің” символы.
– Әлем чемпионаттары: 2014 жылы Аргентина қақпасына екі гол соғып, Әлем чемпионатының бір матчында дубль жасаған алғашқы Нигериялық атанды.
– Африка Кубогы: 2013 жылғы турнирдің жеңімпазы.
Футболдағы ерен еңбегі үшін ол Нигерияның жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталған:
– MON (Member of the Order of the Niger) – 2013 жылы.
– OON (Officer of the Order of the Niger) – 2017 жылы.
Егер бұл ауысу жүзеге асатын болса, ол Қазақстан Премьер лигасы тарихындағы ең шулы әрі беделді трансферлердің біріне айналмақ. Бұл тек "Қайсардың” шабуыл әлеуетін арттырып қана қоймай, бүкіл чемпионаттың халықаралық деңгейдегі абыройын одан әрі асқақтата түсері сөзсіз.
Біздің серіктес: FONBET