Жарнама
Жарнама

Мюнхенде кім мықты?!

15.05.2012, 18:54
Жарнама
Жарнама

Осы аптаның соңында, дәлірек айтсақ, 19 мамыр күні Германияның Мюнхен қаласында футболдан Чемпиондар лигасының финалдық кездесуі өтеді. Биыл 57-ші мәрте сарапқа салынғалы отырған мәртебелі кубоктың иесі Еуропаның қос мықтысы – «Бавария» мен «Челси» арасындағы ойыннан кейін анықталады.

 Мамырдың 19-ы күні Чемпиондар лигасының шешуші ойыны өтеді

 Финалдық ойынға қатысатын «Бавария» мен «Челси» командалары бүгінде шешуші ойынға сақадай-сай отыр. Бундеслига ойындарын осыдан екі апта бұрын аяқтаған «Бавария» футболшылары ішкі біріншіліктің бас жүлдесін Дортмундтың «Боруссиясына» ұстатып, өздері күміспен күптелді. Екі апта бойы Чемпиондар лигасының финалдық кездесуіне тыңғылықты дайындалған Юпп Хайнкестің шәкірттері биылғы маусымның соңғы ойынына бар күштерін салатыны анық. Оның үстіне финалдық ойын дәл осы «Баварияның» стадионында өтетінін ескерсек, Бастиан Швайнштайгер бастаған мюнхендік футболшылар жергілікті жанкүйерлердің алдында намысты қолдан бермеуге тырысады. 

 «Баварияға» қарағанда лондондық «Челсидің» жағдайы қиын. Ағылшын премьер-лигасында ала-құла өнер көрсеткен «ақсүйектер» өткен аптада аяқталған ішкі біріншілікті алтыншы орынмен қорытындылады. Бұл дегеніміз, келесі жылы «Челси» Чемпиондар лигасының топтық ойындары тұрмақ, іріктеу ойындарының алғашқы кезеңіне де қатыса алмайды деген сөз. Лондондықтарға тек Еуропа лигасының ойындарына ғана қатысуға мүмкіндік бар. Чемпиондар лигасының бас жүлдесін қалай жеңіп алсам деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген клуб қожайыны Роман Абрамович Еуропа лигасының кубогын менсіне ме екен?.. Дегенмен, «Челсиге» келер жылы Чемпиондар лигасының ойындарына қатысудың тек бір-ақ жолы бар. Ол үшін әрине, лондондық клуб Мюнхенде «Бавария» футболшыларын ұтып, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атануы тиіс. Сонда ғана, УЕФА басшылары «Челсиді» турнирдің жеңімпазы ретінде жарысқа қоса алады.

 

Ағылшындардың айы оңынан туып тұр...

 Бұған дейін Чемпиондар лигасының финалына сегіз мәрте шыққан «Бавария» футболшылары соның төртеуінде жеңімпаз атаныпты. Ал, қалған төртеуінде жеңіліс тауып тек екінші орынды місе тұтқан. Бір қызығы, сол төрт  ойынның үшеуінде мюнхендік клуб ағылшын командаларымен ойнап, екеуінде ғана жеңіске жеткен. Мәселен, 1975 жылы Парижде өткен Чемпиондар Кубогы (қазіргі Чемпиондар лигасы) жолындағы жарыстың финалында «Бавария» «Лидс» футболшыларын 2:0 есебімен жеңсе, 1982 жылы Роттердамда өткен шешуші ойында «Астон Вилладан» 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ал, 1999 жылы Барселонада «Манчестер Юнайтед» футболшыларымен болған финалдық ойын бүкіл жанкүйерлердің есінде болар. Сол ойында неміс футболшылары кездесудің 89-минутына дейін 1:0 есебімен жеңіп жатып, қалған уақытта өз қақпаларына екі доп жіберіп, қолда тұрған жеңістен айырылды. Айтпақшы, бұл ойындардың қатарына 2001жылы «Бавария» мен «Ливерпуль» командалары арасындағы Еуропаның Суперкубогы үшін өткен ойынды да («Бавария» – «Ливерпуль» – 2:3) қосуға болады. Қарап отырсақ, «Бавария» үшін Англияның клубтары өте қолайсыз қарсылас болғанын аңғарамыз. Әсіресе, шешуші яғни, финалдық ойындардың басым бөлігінде ағылшын командаларының айы оңынан туыпты. Биылғы маусымда өз тарихында екінші рет Чемпиондар лигасының финалына шығып тұрған «Челси» клубы 2008 жылы Мәскеудегі финалда «Манчес-тер Юнайтед» футболшыларынан ұтылып қалды. Мұның алдында лондондық клуб еурокубоктық жарыстың финалында 1998 жылы ойнады. Ол кезде «ақсүйектер» УЕФА кубогы жолындағы жарыстың финалына дейін жетіп, тіпті мәртебелі кубоктың иесі де атанды. Иә, дәл сол финалдық кездесуде «Челси» футболшылары Германияның «Штутгарт» футболшыларын тізе бүктірген-ді.  

«Ақсақалдар» арамызда әлі жүр

 «Челси» мен «Бавария» футболшылары Чемпиондар лигасының ойындарында өзара екі рет кездесті. Бұл 2004/05 жылғы маусымаралық ойын болатын. Чемпиондар лигасының ¼ финалында ойнаған қос мықтының арасындағы кездесуде гол да көп соғылды. Мәселен, Лондонда өткен алғашқы ойында алаң иелері 4:2 есебімен басым түссе, қарымта кездесуде немістер 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алайда, бұл жеңіс мюнхендік футболшыларды жартылай финалға алып шыға алмады. Бір айта кетерлігі, «Челсидің» сол кездегі ойыншыларының ішінде Фрэнк Лэмпард, Дидье Дрогба, Джон Терри және Петр Чех сынды футболшылар әлі күнге дейін лондондық клубта өнер көрсетеді. Ал, «Бавария» сапынан тек Бастиан Швайнштайгер ғана осыдан жеті жыл бұрынғы ойында бой көрсеткен. 2004/05 жыл. ¼ финал «Челси» – «Бавария» – 4:2 (Д.Коул, 4, Лэмпард, 60, 70, Дрогба, 80 – Швайнштайгер, 52, Баллак, 90-пен); «Бавария» – «Челси» – 3:2 (Писарро, 65. Герреро, 90, Шолль, 90+5 – Лэмпард, 30, Дрогба, 80);

  Хаппель, Хитцфельд, Моуринью... Хайнкес?

 «Баварияның» бүгінгі бас бапкері Юпп Хайнкес 1998 жылы «Реалдың» бас жаттықтырушысы ретінде Чемпиондар лигасының бас жүлдесін жеңіп алған. Егер 19 мамыр күнгі финалдық ойында «Баварияның» бағы жанып жатса, онда Хайнкес Чемпиондар лигасының бас жүлдесін екі командаға әперген бапкер ретінде тарихқа енеді. Мұндай бапкерлер әлемде санаулы ғана. Мәселен, австриялық бапкер Эрнст Хаппель 1970 жылы Голландияның «Фейеноордын» жеңіске жетелесе, 1983 жылы немістің «Гамбург» командасымен бірге Чемпиондар лигасында топ жарды. Сондай-ақ, 1997 жылы Дортмундтың «Боруссиясы» мен 2001 жылы мюнхендік «Баварияны» жеңімпаз тұғырына шығарған неміс маманы Оттмар Хитцфельдтің де екі командамен жеңіске жеткен бапкер ретінде тарихта аты қалды. Бұлардың қатарына, әрине Жозе Моуриньюді де қосуға болады.  Португалиялық маман 2004 жылы «Порту» командасын, ал, 2010 жылы Италияның «Интер» командасымен» бірге Чемпиондар лигасының бас жүлдесіне ие болған. Жалпы, мәртебелі жарыстың бас жүлдесін бір командаға екі рет әперген бапкерлердің саны әлемде он төрт. Ал, үш рет иеленген бапкер тек біреу ғана. Ол – Боб Пейсли. Ағылшын маманы 1977, 1978 және 1981 жылдары «Ливерпуль» командасын Чемпиондар лигасының шыңына шығарған болатын.

 УЕФА қателікті кешірмейді

Алдымыздағы сенбіде өтетін финалдық ойынға «Бавария» мен «Челсидің» негізгі құрамынан орын алған бірнеше футболшы алаңға шықпайды. Жартылай финалда дөрекілік танытып, төрешіден ескерту алған футболшыларға амал жоқ, ойынды сырттан тамашалауға тура келеді. Мұндай «құрметке» «Челси» командасының сапынан Рауль Мейрелеш, Ромирес, Бранислав Иванович және Джон Терри ие болды. Ал, «Баварияның» қатарынан Луис Густава мен Давид Алаба финалдық кездесуге қатыспайды. Осыдан екі аптадай уақыт бұрын қос команданың өкілдері УЕФА-ға арнайы хат жолдап, онда ескерту алған футболшыларды финалдық ойынға қатыстыруын өтінген болатын. Алайда, УЕФА басшылары арызды ары қарап, бері қарап, ақыры «кешірім жоқ!» деген шешімге келді.

Ақша, ақша, ақша...тағы да ақша!

Чемпиондар лигасының финалында жеңіске жеткен команда 9 миллион еуро мөлшерінде сыйақы алады. Ал, жеңілген командаға 5,6 миллион еуро табыс етіледі. Чемпиондар лигасының ойындары нағыз ақша табудың көзі екені бәрімізге мәлім. Мәселен, топтық бәсекеде өнер көрсеткен командалардың әрқайсысына алдымен «топтық бәсекеге шыққаның құтты болсын» деп 3,9 миллион еуродан ұстатады. Одан кейін топтық кезеңнің әр ойынын өткізген  сайын команданың қоржынына 550 мың еуродан түсіп отырады. Егер жеңіске жетіп жатсаң, 800 мың еуроны қалтаңа басасың, тең түссең, онда қарсыласыңмен осы ақшаны бөлісуге тура келеді. УЕФА жеңілгенің үшін көк тиын да төлемейді. Есесіне, топтық ойыннан озып шығып, 1/8 финалға қадам бассаң, УЕФА 3 миллион еуроны шытырлатып санап береді. Ширек финалға жолың түсіп жатса, бұл қаржының көлемі 3,3 миллион еуроға өседі. Ал, жартылай финалға шыққан төрт команданың әрқайсысына  4,2 миллион еуродан үлестіреді.

  Күйреген командада көңіл күй бола ма?

Өткен аптада ағылшын премьер-лигасының ойындары аяқталды. «Челси» соңғы ойынды өз алаңында өткізіп, «Блэкбернді» 2:1 есебімен жеңді. Ал, мюнхендік клубқа өткен апта абырой әкелген жоқ. Германия кубогы жолындағы жарыстың финалында Дортмундтың «Боруссиясымен» ойнаған мюнхендік футболшылар 2:5 есебімен күйрей жеңілді. Бұл кездесуде Юпп Хайнкес бапкер мықты деген футболшылардың барлығын ойынға қосты. Алайда, Бундеслигада екінші жыл қатарынан топ жарған дортмундтық футболшылар дес берсін бе?! Финалға дейінгі бес ойын  «Бавария» 21.04.2012. Бундеслига. «Вердер» – «Бавария» – 1:2; 25.04.2012. Чемпиондар лигасы. ½ финал. «Реал» – «Бавария» – 2:1 (пен. – 1:3); 28.04.2012. Бундеслига. «Бавария» – «Штутгарт» – 2:0; 05.05.2012. Бундеслига. «Кельн» – «Бавария» – 1:4; 12.05.2012. Германия кубогы. Финал. «Боруссия Д» – «Бавария» – 5:2.   «Челси» 29.04.2012. Премьер-лига. «Челси» – «КПР»  – 6:1; 02.05.2012. Премьер-лига. «Челси» – «Ньюкасл» – 0:2; 05.05.2012. Англия кубогы. Финал. «Челси» – «Ливерпуль» – 2:1; 08.05.2012. Премьер-лига. «Ливерпуль» – «Челси» – 4:1; 13.05.2012. Премьер-лига. «Челси» – «Блэкберн» – 2:1.

 Дайындаған М.Төлеубекұлы

алаш арена

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров