Жарнама
Жарнама

Неге бәрі жылауық?

14.09.2024, 21:55

Биылғы чемпионатта ызыңдаған адамдар көп болды ғой.

Жарнама
Жарнама

Чемпионаттың бүгінгі жарыс күні қызық болды. «Жеңіс» өзінің атына сай жеңіп тынды. Панцулая гол салып, грузиндердің Қазақстан чемпионатына жақсы бейімделетінін байқатты. «Қайсар» бұрыштамалар көтеріп жүріп біршама шабуыл жасағанымен гол сала алмады. Құмықовтың командасы статистикамен «айырғанымен» тоблодағы көрсеткіш бойынша жеңіліп қалды. «Дала қасқырларына» ендідігі матчта қайтадан аш қасқырдай ойнау қажет. Бәсе деп едік, соңғы кездері қызылордалықтар қатты ойнап кетіп еді, көз тиген-ау қайтадан жеңіле бастады.  

«Астана» мен «Қызылжар» ойыны қызық болды. Томасов бірінші таймда екі гол салды. Екеуі де бейнеқайталаудан кейін есепке алынбады. Екі оқиға да тәртіптің бұзылғанын көрсетіп тұр. Осы ортада «бәрі Астанаға» қарсы, төрешілер әдейі істеп жатыр» деген посттар көбейді. Алайда, таза голдар салынып, «Астана» алға шықты. Осы матчта төреші 2 мәрте пенальти белгіледі. Оның екеуін де елордалық ұжым голға айналдыра алмады. Не дейміз... сәттілік жетіспеген шығар. Алайда, осы ойында қарсыласынан басым болған «Астана» түбі дегеніне жетті. Есепті 2:1 қылып, керекті 3 ұпайын еншіледі. Бірақ, ең күлкілісі сол ойын барысында кейбір фанаттар «жылай» бастаған еді. Матч бітпей тұрып байбалам көтеру қаншалықты дұрыс?

«Жылау» одан кейінгі матчта да жалғасты. «Тұран» өз алаңында ойнап жатып, жергілікті жанкүйердің қолдауымен есепте алға шықты. Осы кезде «Шахтер» жанкүйерлері төрешілікке наразы болып, Савкивтің алаңнан қуылғанын қателік деп бағалап жатты. Кейіннен сол төреші әділ түрде «Тұран» ойыншысын да алаңнан қуды. Бұл ортада төреші Георгий Чеховский «Тұран» қақпасына пенальти белгілеп, «кеншілер» гол салатын мүмкіндік алды. Ашортия 11-метрліктен мүлт кетпеді. Есеп 1:1 болғанда түркістандық фанаттар «мынау не масқара, мұндай төрешіліктің бізге керегі не» деп айқайға басты. Бірақ, 99 минутта алаң иелері жеңіске жетіп, қасиетті Түркістан қаласының фанаттары жеңіс тойлап кетті.

Қазақстандағы футбол фанаттары мен футбол айналасындағылар бар кінәні неге төрешіден көре береді? Өздерінің командаларының кемшілігін неге көрмейді? Одан кейін футбол тәртіптері біршама өзгеріп кеткен. ФИФА арнайы өзгерістер жасап жатқанын төрешілерден басқа ешкім білмейтіндей көрінеді. Одан кейін чемпионаттағы 5 команда бір бөлек, қалған 5 команда бір бөлек деңгейде ғой. Алайда, кейбір матчтарда астыңғы жақта жүрген командалар мотивацияға тойып алып шығады да фаворитті қыспаққа алады. Бұл чемпионаттың биыл кішкене болса да күшейгенінен хабар береді. Себебі, бәрінде легионер бар, жергілікті талантты футболшылар бар. КПЛ деңгейі көтерілгені анық байқалады. Сондықтан, мұндай өзгерістерге футбол фанаттары да дайын болуы тиіс.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров