Жарнама
Жарнама

Неміс футболының несі артық?

28.08.2020, 22:17
“Неміс футбол машинасы” атанған Мюнхендік «Бавария» биылғы маусымда шашасына шаң жұқтырмады. Маусым бойына қатарынан үш додада жеңіске жеткен ұжым, УЕФА Чемпиондар Лигасының ширекфиналдық сайысында Лионель Месси бастаған каталондық «Барселонаны» 8-2 есебімен тас-талқан етті. Құрылғанына он жыл ғана толған «РБ Лейпциг» те биыл өз ойынымен талайды тәнті етіп, футбол жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген еді. Неміс футболының осыншалықты деңгейінің артында қандай еңбек жатыр?
Жарнама
Жарнама

“Еуро-2000” додасы немістер үшін тарихта қалары сөзсіз. Топтық кезеңде Англия, Португалия, Румынияны алдыға жіберіп, тек бір гол ұрған Германия бір ұпаймен шектелген еді. Қорқынышты түстей болған сол турнир, неміс футболының тағдырын шешсе керек, бұл сұмдықтан кейін елдегі футбол федерациясының атқамінерлері жиналыс ұйымдастырып, кеткен қателіктердің орнын толтыруға кіріседі.

 а) Кәсіби клубтар жас футболшыларды дайындауда өз ресурстарын барынша пайдаланбайды;

 б) 11-ден 14 жасқа дейінгі және одан жоғары жастағы дарынды ойыншыларды іріктеуде күрделі мәселе бар.

Нәтижесінде, Германия Футбол Федерациясы жастар футболының жандануына мұрындық болған «Таланттарды қолдау бағдарламасын» жасап шығарды. Мұны түсінікті ету үшін ата-анасы футбол бөліміне апарған баланың ықтимал жолдарын байқап көрейік. Әдетте, ойынмен алғашқы танысу 4-7 жас аралығында болады.

1. Скауттардың пікірінше, бала 10 жасында әлеуеті жақсы жас футболшылар кәсіби клубтардың академиясына шақырту алады - реформалар барысында елдің барлық кәсіби клубтары (бірінші және екінші Бундеслиганың қатысушылары) оларды алуға уәде берді. Ал лигадан жастар академиясынсыз лицензия алу мүмкін емес.

Маңыздысы, академияларға қойылатын талаптардың нақты тізімі жасалды. Мысалы, міндетті: өзінің футбол философиясы, синтетикалық және табиғи алаңдар, спорт залы, медициналық орталық және PRO санатындағы дипломы бар менеджер, жалпы білім беретін мектеппен келісім. Сондай-ақ мемлекетте лицензияланған жаттықтырушылар, физиотерапевт және психологтың болуы. Әр үш жыл сайын сапа мен сәйкестікті футбол қауымдастығының ревизоры бақылап отырады және академия белгілі бір деңгейдегі жұлдыздарға ие болады (ең жоғары көрсеткіш- 4 жұлдыз).

Бүгінде Германияда федерацияның қатаң талаптарына сай келетін 50-ге жуық жоғары сапалы академиялар бар. Клубтардың өз академияларын құру қажеттілігі жүйенің негізі болады. Бірақ жас ойыншылар үшін дамудың жалғыз мүмкіндігі емес. Кәсіби скауттардың назарына ілінбеген балалар да мұқият қадағаланады.

2. Федералды бағдарламаның екінші кезеңі – 11-14 жастағы балаларға арналған.

«Тексеру нүктелері» идеясы - келешегі зор балалар, аптасына бір рет тегін, жеке шеберліктерін дамытуға бағытталған жаттығулар алуға мүмкіндік алады. Осы жоспарға сәйкес Германияда аумақтық негізде 387 «Тірек нүктелер» ашылды. Яғни, баланың тұрғылықты мекеніне жақын жерлерден жаттығу алаңдарын ашу. Талап бойынша ешқандай жас ойыншының жаттығу алаңына дейінгі ара қашықтығы 25 шақырымнан асып кетпеуі керек. Бұл талапты орындауда үлкен құрылыс жобасы қажет туындамады: федерация қолданыстағы алаңдарды жалға алу орынды деп санады. Өйткені «тірек нүктелер» аптасына бірнеше сағат жұмыс істейді. Барлық жас ойыншылардың шамамен 5-8 пайызы (14000 адам) - бұл бағдарламаға қатысады.


Әлем Чемпионаты – 2014, Бразилия.

Жеткіншектердің қабілетін кім бақылап отырады және әр баланың өз мүмкіндігіне ие болуына қалай сенімді болу керек?

Германияда барлығы 27000-ға жуық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектептер бар. Ал әр «Тексеру нүктелерінде» үш жаттықтырушы болады. Кестеге сәйкес олар демалыс күндері ауданның барлық мектептерінің ойыншыларын қарап, үздік үміткерлерді таңдайды (барлығы 40 ойыншы). Содан кейін олардан топ жасақтап, жаттықтыруға кіріседі. Бұл орталықтарға қызмет көрсету үшін 1000-нан астам маман жұмылдырылған. Бағдарламаны құрастырушылардың бірі Ульф Шоттың айтуынша:

«Бапкерлер кесте жасайды, онда демалыс күндері қандай ойындарға баруды жоспарлап отырғанын көрсетеді. Олар кестеге сәйкес ойыншыларды бақылайды. Бағалау белгілі бір критерийлерге сәйкес жасалады: жылдамдық, техникалық шеберлік, допты қабылдау және бақылау, дриблинг, финт, физикалық дайындық, тактикалық сауаттылық, сонымен қатар жеке мінез ерекшеліктері. Егер бапкер ойыншыны лайықты деп санаса, оны бағдарламаға қатысуға шақырады. Сонымен қатар, жылына бір рет әр учаскеде үлкен көрсетілім ойындары өткізіледі. Бұл «Таланттар күні» деп аталады. Ниетті командалар өз ойыншыларын осы сайысқа жібереді, жаттықтырушылар оларды сол жерде қарсы алады. Сондай-ақ, жаттықтырушылар әуесқой турнирлерді де бақылайды. Нәтижесінде олар жылына шамамен 600 000 ойыншының қарым-қабілетін бағамдамай алады».

Ерте жастан бастап қатал талап қою –  ойыншыларды алға ұмтылдырып, оларды бәсекелестікке үйретеді. Бағдарламаға енбегендер де өздерінің лайықты екендіктерін дәлелдеуге ынталы. Ал енгендер «бақытты адамдар» ретінде  одан да көп жұмыс істейді. Өйткені басқалар оларды кез келген уақытта басқа баламен алмастыра алатынын түсінеді.

Оқу бағдарламаларын әзірлеудегі стратегияның маңызды бөлігі – немістер әлемдегі ең таңдаулы академиялардың модельдерінің тәжірибесіне жүгінген. Алайда, аталмыш үздік мектептердің барлығы бір нәрсеге: жеке шеберлікті дамытуға баса назар аударады. Жасөспірімге дейін балаларға іс жүзінде физикалық ауыртпалықтарға жоламайды - барлық жұмыс доппен жасалады. Ал сабақтар жеткіншектердің ойынға деген құштарлығын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар бағдарламада түбегейлі өзгеріске ұшыраған фактор: бұрын физикалық күштің болмауынан мобильді және алаңдағы ойынның  жылдамдығын жақсы сезінетін ойыншылар іріктеуден өтпей қалатын. Бүгінде неміс футболы осы санаттағы балалармен жұмысты күшейтті. Тестілеу Германия футбол одағының әдістері бойынша қатаң түрде жүзеге асырылады. Тіпті, оның шеңберінде ғылыми кешен де құрылды.

«Бізде футбол мен ғылымға арналған орталық бар. Ғылыми жұмыстардың қорытындылары футбол одағына, оның жеке бөлімшелеріне жіберіліп отырады. Осы бөлімдердің мамандарынан туындайтын сұрақтар ғылым өкілдеріне беріледі. Сонымен қатар, кейбір мәселелер бойынша біз арнайы институттарға ғылыми зерттеулер жүргізуге бұйрық береміз. Өсіп келе жатқан футболшыларды қолдау бағдарламасын зерттеушілер де талдайды: мәліметтер базасы тест нәтижелері бойынша құрастырылады, бағалау жүргізіледі және т.б.», - деді Ульф Шотт.

Жалпы білім беретін мектептерге де қолдау көрсетіледі. Неміс футбол қауымдастығы мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарын өткізеді. Сонымен қатар оларды соңғы зерттеулерге сай материалдармен, оқулықтармен және жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Шын мәнінде, Германияда ешқандай революция болған жоқ: тек олар бұрын үлкен футболға түсуге мүмкіндік ала алмаған балаларға мұқият қарауды бастады.

«Германияда 80 миллион тұрғын бар, бірақ менің ойымша 2000 жылға дейін ешкім мақсатты түрде таланттарды іздеумен айналысқан емес. Ал бүгінде біз бәрін бақылаудамыз»,-деді Германия футбол федерациясының бұрынғы спорттық директоры Робин Датт.


УЕФА Чемпиондар Лигасы - 2019-20, финал, Лиссабон.

Чемпиондар Лигасының биылғы жеңімпазы «Баварияның» ойыншылары – Мануэль Нойер, Джером Боатенг, Томас Мюллер, Йозуа Киммих, Серж Гнабри, Никлас Зюле, Леон Горецка, Свен Ульрайх, Лерой Сане осы бағдарлама бойынша бақтарын сынап, арманға қол жеткізгендер. Яғни, қыруар қаражат пен төккен тердің ақталғаны.

Кешегі 2014 жылғы Бундестимнің Әлем біріншілігіндегі чемпиондығы, бүгінгі Мюнхендік ұжым «Баварияның» триумфы осы бағдарламаның жеңісі де жемісі. Футбол алпауыттары осындай батыл қадамдарға барып жатқанда, отандық аяқдопшылардың ірі сайыстардың плей-офф кезеңіне өте алмауына реніш білдіруге бола ма?

 

Әнуар Құрман

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров