Жарнама
Жарнама

"Неміс мәшинесін" жүргізе білген Месут

14.08.2011, 17:24
Жарнама
Жарнама
Месут Өзіл 1988 жылдың 15 қазанында Германияның батысындағы Гельзенкирхен қаласында дүниеге келеді. Аты-жөні мен түр-түсі неміске ұқсамайтын себебі – Месуттың ата-анасы Түркиядан көшіп келгендер еді. Жастайынан футбол ойнағанды ұнатып өседі. 2000 жылы алғаш рет «Рот Вайс Ессен» клубымен 5 жылдық келісім шартқа отырады. 2005 жылы Өзіл «Шальке 04» клубының құрамына ілінеді. Физикалық дайындығының мықтылығына қарамастан, бапкерлер оны алаңға көп шығармайды. Соңында осы клуб сапында ойнап жүріп, Месут бірде – бір гол салмайды. 2008 жылдың 31 қаңтарында 20 жасар Месут «Вердермен» 3 жылдық келісім-шартқа отырады. Бремендік «музыканттар» бұл жігіт үшін «Шалькеге» 4 млн. еуро төлейді. Өзіл бас бапкер Томас Шаффпен тез тіл табысып, айтқандарын бұлжытпай орындап, жасыл алаңның орталық жартылай шабуылшы қызметін атқарады. Жас футболшы командаға тез бейімделіп, екі маусым ішінде 13 гол салады. Осы команданың негізгі құрамынан орын алып, шабуылды жүргізетін плеймейкерге айналады. 2007 жылдың қыркүйек айынан бастап Германия жастар құрамасына ілінген талантты жартылайқорғаушы нәтижесінде 2009 жылдың маусымында 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионы атанады. Месут дәл осы қарқынынан ьтаймай керемет өнер көрсетуінің арқасында әлемнің ең үздік командаларының бірі Германия ұлттық құрамасының сапына алынады. Ол күн (2009 жылдың 5 ақпаныны) Өзілдің футболдағы ғұмырында ерекше орын алады. 11 ақпанда Норвегия құрамасына қарсы алғашқы ойынын өткізеді. Міне, осы уақыттан бастап Өзіл бундеслигада және ұлттық құрамада керемет ойынымен көптің көңілінен шыға бастайды. Қазіргі уақытта неміс халқы Өзілге Германияның жаңа көшбасшысы ретінде қарайды. Былтырғы жыл Өзілдің өмірін өзгертіп жіберді десек те болады. Өйткені, 2010 жылғы ОАР-да өткен Әлем чемпионаты Месутті бүкіл әлемге танымал етіп жіберді. Осы дүбірлі доп додасының алғашқы 4 ойнында негізгі құрамда алаңға шығады. Сөйтіп, кескілескен кездесулердің бірінде Ганаға гол салып, жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды. Англияға қарсы өткізген ойынында өзінің құрдасы Томас Мюллерге керемет пас шығарып, оның қарсылас қақпасының торын бүлкілдетуіне керемет мүмкіндік жасап береді. Жартылай финалда Аргентина құрамасын 4:0 есебімен ұтқаннан кейін Месут чемпионаттың «Алтын доп» сыйлығына үміткер атанады. Осы Әлем чемпионатынан кейін Еуропаның алдыңғы қатардағы командалары Месутке құда түсе бастайды. Жозе Моуринью мадридтік «Реалды» өз қолына алғаннан кейін, клубтағы «кәрі» ойыншыларды тазартып, оның орнына кілең талантты жастарды іздейді. Жаздың соңғы трансферлік күндерінде Өзіл «бақыт» кемесіне мініп, корольдік клубқа жүзіп кете барады. Үстіміздегі жылдың 17-тамызында «Вердер» сапынан Өзіл корольдік клуб «Реал Мадридке» ауысады. Ресми ақпараттарға сүйенсек, футболшының трансферлік құны 15 млн. еуроға бағаланған. Сол кездері «Енді ғана өсіп келе жатқан Өзіл бұл атақты клубта қаншалықты ойнай алады?», - деген сұрақтар туындағаны анық. Бұл сұрақтардың жауабын Месуттің өзі ғана тапқандай. Тіпті, өзін осы клубта бұрыннан бері ойнап жүргендей сезінеді. Бас бапкер Жозе Моуриью бұл жігітке дән риза екенін талай рет баспасөз беттеріне жариялаған болатын. «Реал» сапында белді футболшыға айналған ол үнемі негізгі құрамда шығады. Реал сапында 52 ойын өткізіп, 10 гол салып және 24 гол ұратын керемет пас беріп үлгерген. Польша мен Украинада өтетін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарын Месутсіз елестету қиын-ақ. Қарап отырсаңыз, әр ойынында жаңа қырынан танылып, үнемі голдың кілтін іздеп жүреді. Қазақстанмен өткізген ойында Месут бірнеше рет біздің қақпаны нысанаға алды. (Абырой болғанда салдырмадық(!)) Жалпы, ойынды жүргізген осы жігіт болды. Түркия құрамасынан бірнеше рет шақырту алған Өзіл тарихи Отанының намысын қорғауға әлі күнге дейін бас тартып келеді. «Су ішкен құдығыңа түкірме» демекші туған жері Германияны қимағандықтан болар. Кім білсін? Руслан БАҚЫТЖАН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров