Жуырда өз мәресіне жеткен УЕФА Чемпиондар Лигасының ақтық ойынын тамашалаған әлем жұрты соңғы жылдары «Бундеслигада» бірінің орнын бірі алмастырып жүрген немістің қос мықтысының кезекті айқасына көз тікті. Былайша айтқанда, жай кездесу емес, «айқас» деп атап отырғанымыздың өзіндік мәнісі де бар.
Дәл қазір дортмундтық «Боруссия» мен мюнхендік «Баварияның» өзара кездесулері «Реал» мен «Барселонаның» «эль-классикосынан» кем емес. «Боруссияның» соңғы жылдардағы жеткен жетістіктері мен «Баварияның» неміс премьер-лигасының «Барселонасына» айналғанын ескерсек, оның үстіне, «Бундеслиганың» қазіргі жағдайы АПЛ-дан кейінгі деңгейде тұрғаны да осы ойымызға жеткілікті дәйек бола алады. Ал, УЕФА Чемпиондар Лигасының соңғы финалы несімен ерекше? Ойын барысынан қандай сәттерді бөлектеп айтуға болады? Енді соған тоқталып көрейік.
Бұл орайда «Бавариядан» бұрын, алдымен, дортмундтық команда туралы сөз қозғаған жөн секілді. Шынын айту керек, Еуропа футболының осындай жоғары мәртебелі жарыстарының бірінде небәрі 2 жылдың ішінде мұнша биікке көтерілу бұрын-соңды болған-болмағанын қайдам, немістер өткеннен сабақ алып, нәтиже шығаруға асқан тәртіппен, ыждағаттылықпен қарайтынын тағы бір дәлелдеп берді. Осыдан бір жыл бұрын алғашқы іріктеу тобынан аса алмай, тіпті, соңғы орында қалған дортмундтықтар бұл жолы көресіні көрсетіп, азулы мадридтік «Реалдың» өзін екінші орынға сырғытып, алғашқы топтық кезеңнен үздік шықты. Осыдан-ақ, Юрген Клоп жігіттерінің біразға баратыны аңғарыла бастаған еді.
Ал, «Бавария» ше? Көпшілік бұл команданың «Барселонаға» дейінгі жүріп өткен жолы жеңіл болды деген пікірде. Алайда, әлемнің бірінші нөмірлі командасындай күйде жүрген каталондықтарды не жағдайға түсіргені бар күмәнге толымды жауаптай тиді. Оның үстіне, соңғы 4 жыл бедерінде 3 мәрте финалға шығу басқа-басқа емес, осы команданың ғана қолынан келген шаруа. Сондықтан, «Баварияны» оң мен солы бәрібір дейтін нағыз балуан десек қателеспеспіз.
«Уэмбли» стадионындағы биылғы финал, ашығын айтқанда, былтырғы немесе алдыңғы жылғыларға қарағанда біршама қызықсыздау өтті. Қашанда құдды қалыптасқан механизмдей комбинацияларымен көрерменнің айызын қандыратын «Баварияның» біз күткен көркем ойыны да бұл жолы көмескіленіп қалғандай. Сәйкесінше, «Боруссияның» да жылдам ойынын көре алмадық. Құрамында Криштиану, Месси немесе Торрес секілді жылдам ойыншылар болмағанымен, алға қарай үздіксіз ұмсынатын ұшқыр команданың бірі екені мағлұм еді. Дегенмен, осы айтқан сипаттарымыз қос тарапта да толыққанды көрініс таппады. Бұның жауабын ойынға деген олардың немқұрайлығынан емес, керісінше, тың дайындығынан іздегеніміз абзал. Кездесу басталысымен допты өздеріне алған «Бавария» ойынды бәсең жүргізуге тырысты. Қарсыластарына өз ойынын жүргізуге тырысатын олардың бұл айласын түсінікті жағдай. Дегенмен, «Реалдан» аман өткізген «Боруссия» қорғанысы Мюллердің, сол арқылы, қос қапталдағы Рибери мен Роббеннің аяғын тұсауға күш салды. Негізінде, соңғы маңызды матчтарды жіберіп алған Тони Кроостың орны ойсырап тұрғаны әбден сезіледі. Қарсыластар қақпасына қауіп төндіретін Рибери – Манджукич (Гомес) – Роббен үштігіне оңтайлы пас шығарушы Тонидің орнын бірде Роббен, бірде осы Мюллер алмасып басып жүр. Дейтұрғанмен, «Баварияны» жеңімпаз етуде үлкен еңбек сіңірген Бастиан Швайнштайгер мен Хавиер Мартинесті атап өтуіміз керек. Команданың артқы қорғаушылар мен алдыңғы шабуылды ұйымдастырушылар арасындағы бел омыртқасы саналатын тұсқа осы екі ойыншының орналасуы өте ұтымды шыққан. Швайн – негізгі құрамның өзгермес ойыншысы екені сөзсіз. Ал, оған жұп боларлық екінші адам бір кездері Луиз Густаво болып жүрді. Әйтсе де, бұған дейін испан футболында Хавиер Мартинес есімінің жарқырап шыққанын көрмесек те, немістер сапында ол өзінің өте пайдалы екендігін дәлелдей білді. Тірек жартылай қорғаныста допқа таласып, өз жақтастарына алып беруде, әсіресе, шабуылдарды тойтаруда үлкен еңбек сіңірді. Былайша айтқанда, Илкай Гюндоған мен Свен Бендер жұбына қарағанда қызыл жейделілердің басымырақ болғаны көзге көрініп тұрды. Сондай-ақ, қос қапталдағы Франк пен Ариеннің қорғанысқа да қайтып ойнауы «Боруссия» шабуылына сөзсіз темір қақпа тұрғызды.
«Бавария» жанкүйерлерінің жүйкесін біраз жұқартқан Роббеннің жеме-жем сәтіндегі кемшілігі осы жолы тағы көрінді. Роман Вайденфеллермен бір-екі мәрте бетпе-бет шыққан сәттерін пайдалана алмаған оны осал демей, «Арсеналдағы» Жервинью секілді допты қақпаның алдына дейін әкеліп беретін нағыз «еңбекқор» ретінде танығанымыз дұрысырақ. Ал, 89-минуттағы голы оны қақпашымен бірге-бір шығып, жіберіп алған нешеме жылғы ұтымды сәттерінің артын жуып-шаюға тамаша сәт болды. Өзі де осыны ойлаған болу керек, шыдай алмай, көз жасына ерік берді.
Жартылай финалда өте тәжірибелі, тісқаққан «Реалды» артқа қалдырған дортмундтықтардың ойыны жөнінде көп нәрсе айта алмаспыз. Тек, қарсыластарда Тони Кроос жоқ болса, Роберт Левандовский, Марко Ройс секілді сұрменгендерге ұтымды пас шығаруда немесе шабуылда соларға оңтайлы сәт тудыруда таптырмас ойыншы саналатын Марио Гëтценің болмауы мұнда да анық сезілді. Иә, «Боруссия» финалға тектен-тек жеткен жоқ. Әйткенмен, анығында, былайғы ойын барысында «Боруссия» жасаған қауіпті сәттерді кез келген кездесуде болатын жағдай деп қарауымызға болар. Әйтпесе, матчтың өне бойында қызылдардың басымдығын байқау қиын емес. Қорғанысты қос өкпеден қысуы тиіс Кевин Гроскройц пен Якуб Блащиковский күткен нәтижені бере алмады. Ал, шабуылда Левандовскийден гөрі Ройстың белсенді әрі нәтижелі қимылдағанын көрдік. Роберт жылдам жүгіретін футболшы емес, сондықтан, ірі денелі әрі ширақ қимылды Данте мен Боатең оның әр қадамын жіті бақылай алды. Есесіне, керек жерде табыла кететін Марконың керемет қасиеті ғана пенальти тебуге мүмкіндік туғызды. Роналдудай асқан шеберлігі немесе ұшқыр жылдамдығы болмаса да, оның осы бір ерекше қыры немістердің ұлттық құрамасына ілігуге сеп болып тұрғанын мойындауымыз керек.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Нойер мен Вайденфеллердің мызғымас беріктігі бұл жолы да сыр бермеді. Екі қақпашының мықтылығы командаластарына біраз көмек болатыны о бастан-ақ сезілген.
Осылайша, әлем футболсүйерлерінің сүйікті командалары – «Реал Мадрид» пен «Барселонаны» қапы қалдырған Германияның қос алыбы «немістер ылғи екінші команда» деген жаңсақ пікірге батпандай нүкте қойып, «Баварияның» қай уақытта да әлемдік деңгейдегі тұрақты әрі нағыз алпауыт ұжым екенін дәлелдеп берді.
Ербол ТҰРЫМБЕТ.
Біздің серіктес: FONBET