Жер-жиһанның жанкүйерін жаппай теледидар алдына жинайтын ірі додалардың алды – Олимпиада болса, футболдан әлем және Еуропа чемпионаттарына да басым жұрт маңыз бере қарайды. Биылғы Еуро-2012- де тәмамдалуға жақын. Осы бір футболи аураның әсерімен біздің портал да спорт тақырыбын жағалай бастады. Белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ «Жақсыға» арнайы сұхбат берді.
-
Еуропаның 16 мемлекетіне ғана тікелей қатысты біріншілік сізді қаншалықты қызықтырады?
- Бұл біріншілікке журналист ретінде де, жанкүйер ретінде де қызыға қараймын. Өйткені, Еуропа футболы – көруге рахат дүние. Оның үстіне, әлемнің ең үздік құрамаларының ойынын көру ерекше ләззат сыйлайды.
-
Өзіңіз қай құрамаға жанкүйерсіз?
- Ағылшын футболын өте жақсы көрем. Кезінде, тіпті, Құдай жол бұйыртып, «Манчестер Юнайтед» командасының спорттық базасында бірер күн түнегеніміз бар. Ол әлемдік спорт журналистерінің конгресіне барған сапарымыз болатын. Сонда оларға деген ерекше құрмет пайда болды. Сол 1994 жылдың өзінде команданың жылдық бюджеті 1,5 миллиард фунд-стерлинг екен. Бұл – сол шақтағы анау-мынау мемлекеттің жылдық бюджетіне пара-пар қаржы болатын. Әрине, мен оның ақшасын айтайын деп тұрған жоқпын, бірақ осыншама қаржымен футбол ойнайтын клубтың шын мәнінде бет-бейнесін көрдік. Өзінің заводы, фабрикасы бар, өзін қорғайтын үлкен армиясы бар, өзінің базасы, стадионы – ол енді өз алдына. Қазір армандаймын, шіркін, Қазақстанның футболы қашан осындай деңгейге жетеді деп. Неге десеңіз, бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан футбол клубтары үкіметтің есебінен футбол ойнап жүр. Ал бүйткен клубтар түптің түбінде Еуропаның клубтары секілді шеберлікке де, ғаламат ойынға да жете алмайды. Өз жанын шырылдатып жүріп тапқан қаржысына өнерін шыңдамайды. Жеңіл ақшаға жүрдім-бардым ойнайтыны сондықтан.
-
Қазақстанның футболына тағы ораламыз. Қазір өтіп жатқан чемпионаттағы басты үміткерлер туралы айтсақ.
- Жеңіске жететін командалардың бас-аяғы көп емес қой. Оның біреуі – немістер. Біреуі – мен жақсы көретін ағылшындар еді. Әрине, бүгінгі таңда олар жарқырап тұрған жоқ, сонда да болса үміт күткенмін. Одан кейін Испания...
-
Кешегі күміс жүлдегерлеріміз топтан да шыға алмады.
- Голландияның биылғы командасы шын мәнінде командалық деңгейде болған жоқ.
-
Сіздің ағылшындарды жақсы көретініңіз секілді, маған осы Нидерланды құрамасы ұнайтын. Бірақ бұл елдегі былық-шылықтың тым көбейіп, гейлердің отаны, жезөкшелердің жайлы мекеніне айналуы менің аталмыш елдің құрамасына деген құрметімді төмендетіп жіберді. Әрине, оған футболшылардың түк қатысы жоқ, бәлки спортты саясатқа айналуы деген осы шығар?
- Спорт дегеніңіз – 100 пайыз саясат. Спорттың айналасындағы саясаттан аяқ алып жүре алмайсыз қазір. Мысалы, дін мен мемлекеттің арасында шекара бар, бір-бірінен бөлек дейміз. Бірақ шекара қойып жатқан бірде-бір мемлекетті көрмейсіз. Діннің болу-болмауының өзі әр мемлекеттің саясатында нағыз ойып тұрып орын алатын нәрсе боп тұр. Бұл да сол секілді. 1980 жылы Мәскеу олимпиадасы кезінде құрамаға кейбір ойыншыларды алу-алмау мәселесі орталық комитетке дейін жеткен еді. Одан кейін мұны саясат демей көріңіз. Ал қазір олимпиадалардың өту кезеңінде 80-90 мемлекеттің басшылары қатысады. Саясат болмаса, олар ойнап жүрген жоқ қой.
-
Бұл саясат спорттағы әділеттілікке қаншалықты әсер етеді?
- Әділеттілікке тек қана саясат әсер жатқан жоқ. Бұл өзі үлкен әңгіме. Сен екеуміз «Астана-Аренаның» қасында, далада әңгімелесіп тұрып бұл тақырыптың түбіне жете алмаймыз. Спорттың әділеттілігіне әсер етіп жатқан дүниелердің бас-аяғын санай бастасақ, шаш-етектен. Оның бірі – саясат!
-
Сонымен, елдің бет-бейнесіне қарап, ұлттық құрамасына деген құрметтің бәсеңдеуі дұрыс па?
- Дұрыс емес. Неге десеңіз, жаңа өзіңіз айтқан бәле бар, одан басқа «бәлелер» бар, шынын айтқанда, күллі әлемнің проблемасы. Қатері. Қазір бүкіл әлемдік қоғамдастық бұзылды. Жаңағы өзің айтқан жаманат, жезөкшелік, алыпсатарлық, небір қантөгіс, жауыздық, адамның құнының бес тиын болып, дүниенің алдыға шығып кетуі – осының бәрі бір елде туып жатқан жоқ. Бұл – әлемдік қауымдастықта туып жатыр. Бір жаманы, спорттың айналасында да неше түрлі «бәлелер» көп.
-
Ол қандай бәлелер?
- Ол, әрине, жоғарыдағы тура мағынасындағы бәлелер емес. Мысалы, жаңа өзің айтқан Голландия. Қарап отырсаң, бұл команданың құрамында, голланд деген құрама ұлт болғанның өзінде, жергілікті ұлттың өкілдері жоқтың қасы. Бәрі сырттан келген, сатып алынған адамдар. Кезінде таза қанды ұлт жасаймыз деген немістердің құрамасын қараңыз. Бүгінде гол соғып жатқан испандар, поляктар, қара тәнділер, сосын араб елінің өкілдері. Францияда таза француз ойнамағалы неше заман болды. Кешегі Зиданың, Анриің, мына Насриің – бәрі арабтар. Бұл, әрине, кәсіпқой футбол клубтары үшін шектеу қойылған дүние емес. Алайда, ұлттық құрамаға келгенде сөз басқа. Қазір бізге бәрібір. Бізге жеңіс керек. Құрамамыз жеңсе болды. Еуропаны жеңіп алу керек, әлемді жеңіп алу керек. Болды. Осының ар жағында бір жаман пиғыл бар ма? Бар, менің ойымша. Осының кесірінен сол елдің ұлттық өрендері, ұлттық кадрлары өспей жатыр. Оларға қарайтын уақыты жоқ ешкімнің. Қай әдіспен алсам да, медаль алсам болды деген спорттағы ең жаман әдет – спорттың ішіне түскен жегі құрт. Қаншама спортшылар әкеліп жатырмыз сырттан. Олар біздің балалардың орнын алып жатыр. Ал бізге ертеңгі Олимпиадада медаль керек, орын керек, Қазақстан жақсы деп айту керек. Сол үшін тыпырлап жатыр. Ол басшыларды да түсінуге де болады, мен оларды кінәлап тұрған жоқпын.
-
Енді сөйтіп тыпырлағанда жеңсек тағы мейлі ғой. Футболымыз не ұлттық деген атқа сай емес, не нәтижені жарытып жатқан жоқ. Қашанғы біз осындай ірі додаларды теледидардың бер жағынан тамашалап отыра береміз? Бізге не жетпейді? Намыс? Ақша? Стадион?
- Ең басты себеп – біздің Еуропа футбол қауымдастығына кіріп кеткеніміз. Сен де таңқаласың. Оқырмандар да таңқалуы мүмкін. Мына жігіттің есі дұрыс па деп. Менің есім дұрыс негізі. Қай елдің футбол федерациясының болса да негізгі мақсаты – өз елінің құрама командасын құрлықтық чемпионаттың финалдық ойындарына және әлемдік чемпионаттың финалдық турниріне жеткізу. 32 команданың қатарына қосу. Бұл барлық федерацияның №1 мақсаты. Ал біз қайдамыз қазір? Он жыл бұрын Еуропаның футбол одағына қосылдық. Сол арқылы өзіміздің жанкүйерлерімізді, сені, мені құрығанда 50-100 жылға дейін құрлықтық және әлем чемпионаттарының финалдық турниріне жеткізбейтін жағдайға түсіріп қойдық.
-
Бірақ сол Азиядағы кезінде бізді ұтып жүрген командалардың өзі соған жете алмай жатыр ғой.
- Неге жете алмай жатыр? Корея ойнап жатыр. Жапония ойнап жатыр. Өзбекстан Азия құрлығының чемпионатында финалға жетті. Ендеше, неге біз Азияның финалдық кезеңінде ойнамаймыз? Тақиямызға тар ма? Жоқ, әлде, осылай салпаңдап, барған жерімізден бес доп, он доп қапқа салып арқалап қайтып жүре береміз бе? Кеше қыздарымыз 17 доп алып келді бір ойында. 3 млн. халқы бар Армениядан 3 доп арқалап келдік. Қайда Қазақстанның құрама командасы? Екіншіден, біздің ұлттық олимпиадалық комитетіміз Азияда. Біреулер айтады «14 пайыз жеріміз Еуропада екен» деп. Мен айтам «86 пайыз жерің Азияда ғой, егер пайызға қарасақ». Оны айтып тұрғаным, біздің Азияның финалдық кезеңіне шығуға мүмкіндігіміз бар еді. Еуропаға бардық та, біз мұны 50 жылға, 100 жылға, тіпті 150 жылға шегердік. Енді осылай телміргеніміз телмірген теледидарға. Біз көрмейміз. Сендердің де көретіндеріңе күмәнім бар. Ал 100 жылдан кейін Еуропаның футболы бұлтқа шығып кетеді. Сол кезде біз аспанға қарап тұрамыз төменнен. Не болдық сонда? Біз Азия ойындарына қатысамыз. Азия чемпионаттарына қатысамыз. Тек қана футболымыз Еуропада.
-
Бұл ұсынысты кезінде бәрі қолдаған сияқты еді ғой.
- Қолдаған – басшылар, шенеуніктер, мамандар. Біздің ол кездегі футболдағы негізгі кадрларымыз ойыншылар, бапкерлер еуропалық ұлттың өкілдері болатын. Олардың Азиядан ат-тондарын ала қашқаны – Азия о бастан-ақ бізді дұрыс қабылдамады. Бір мысал айтайын. Тәуелсіз ел болып алғаш рет 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарына қатыстық. Құрамамен бірге мен де бардым. Осака қаласынан түсе сала, жапондық журналистер бізді қоршап алып, әуежайда бүкіл құрамадан сұқбат алды. Сонда бірінші қойғандары: «Сіздер Азия мемлекет емессіздер ме, неге құрамдағы 90 пайызға таяу адамдарыңыз Еуропа ұлтының өкілдері?» деген сауал болды. Не деп жауап бересің? Бірақ басшылар бізде Семей полигоны болған, бізде Арал құрып жатыр,тағы бірдеңе-бірдеңе деп жауап берді. Оның қандай қатысы бар? Кейін де байқадық, Азияның көптеген мемлекеттері біздің сол құрылымымызды жақсы көрмей, жағымсыз көзқарастарын байқатып жүрді. Неге десеңіз, Қытай –100 пайыз өзінің қытайларын, корей – 100 пайыз өзінің корейлерін, жапон – 100 пайыз өзінің жапондарын ойнатады. Соның арқасында біздің федерацияның маңайында жүрген басшылар, мамандар бірігіп, бізді тездетіп, әйтеуір Еуропаға өткізді де жіберді.
-
Олардың деңгейі жоғары, үйренерміз көп болады дедік қой.
- Еуропа бір қарағанға жақсы. Еуропа - жанкүйерлерге рахат. Мықты-мықты клубтарды көресің, мықты ойыншаларды көресің. Анда-санда Қазақстанға келіп қалып жатыр. Бұл - көруге жақсы. Ал ұлт ретінде, мемлекет ретінде, азап, бұл бізге намыс, бұл бізге таңба.
-
Болары болды. Ірі додалар сағымдай бұлдырап тұра тұрсын. Тап қазіргі кезде, өз құрамамыздың кіммен ойнаса да, жеңсе екен деп емес, ірі есеппен жеңілмесе екен деп тілек тілеуге мәжбүр болып қалғанымыздың басты себебі не?
- Басты себебін мен айта алмаймын. Біз – жас мемлекетпіз. Енді ғана етек-жеңімізді жинап жатырмыз. Мен жақсармаудың себебін емес, жақсарудың жолын айтайын. Футбол алаңдары көбеймей, футбол жақсармайды. Бір. Екінші, елімізге жақсы спортшылар келмей, біздің балалар үйренбейді. Біздің елімізге келіп жатқан футболшылардың бәрі, көңілдеріне келмесін, сыпырып тастайын сыпырынды секілді футболшылар. Еш жерге жарамаған ойыншыларды біз жинап алып жатырмыз. Үшінші, жақсы-жақсы мамандар шақыруымыз керек. Әрине, олардың бәрі ақшаға ғана келмейді. Онсыз да ақшаға батып отыр. Оларға команда керек. Өз өздерін көрсету керек. Мысалы, Жозе Моуриньюді шақыршы Қазақстанға. Қанша миллиард берем десең де келмейді. Өйткені, бұл жерде оның командасына алатын адам жоқ. Сондықтан ештеңе көрсетпеген, еш жерге шықпаған Пайперске, Беренекке, Шторкке жалынамыз. Ал енді елде спорттың өсу дәрежесі биік боп тұратын болса, жаңағы мықты бапкерлердің өздері-ақ қызығар еді.
Сұхбаттасқан Сырым ТАҢЖАРЫҚ
http://jaqsy.kz/story/780