Жарнама
Жарнама

Нұр-Жетістігіміз – неміс қақпасына гол соқтық (фото+бейне)

27.03.2013, 19:02
Жарнама
Жарнама
Йоахим Лев жанкүйерлердің Нойердің қателігіне соншама шулағандарына риза болмай қалыпты. «Оның олай қателесуіне жалғыз қақпашы емес, Қазақстан ойыншыларын оған жақын жіберіп қойған басқа ойыншылардың бәрі де кінәлі» деп, қақпашысының арасына түсті.
Футболдан Қазақстан ұлттыққұрамасы немістің Нюрнберг қаласында 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасы аясындағы кезекті ойынын өткізіп, Германия құрамасынан 1:4 есебімен ұтылып қалды. Германия — Қазақстан 4:1 (3:0)  Голдар: Ройс, 23. Гетце, 27. Гүндоған, 31. Ройс, 90 — Шмидтгаль, 46 Германия: Нойер, Лам, Мертезакер, Боатенг, Шмельцер, Гүндоған, Хедира, Мюллер, Өзіл, Ройс (Янсен 90), Гётце Қазақстан: Сидельников, Гурман, Киров, Мұхтаров, Дмитренко, Энгель, Нұрдәулетов (Жолшиев, 46), Коробкин, Қонысбаев (Шомко, 78), Шмидтгаль, Остапенко (Көкеев, 64.) Бас төрешіХалис Озкахия (Түркия) Қапталдағы төрешілер: Мехмет Сатман, Волкан Наринч (екеуі де — Түркия) 26 наурыз. Нюрнберг. «Франкенштадион» Германия — Қазақстан 4:1 (3:0) Доп иелену көрсеткіші:    —      76% — 24% Қақпаға соққы:                      —      27 — 4 Қақпаға тура соққы:           —      17 — 3 Тәртіп бұзу:                             —      6 — 9 Офсайд:                                   —      1 — 2 Бұрыштама:                          —      5 — 2 Сары қағаз:                           —       0 — 0       Ойын басталарда екі құраманың сапы жария болып, Қазақстан құрамасының сапында қорғаушылар көп екенін байқадық. «Бұлар алаңға қалай орналасып, ойнайды екен» деген ой матч басталғанша маза бермеді. Екі елдің Әнұраны шырқалып, Нюрнберг стадионына жиналған аз ғана қазақ жанкүйерлері (шет елдерде тұратын немесе жұмыс жасайтын қандастарымыз) «Менің Қазақстанымды» қосыла шырқап, қиқуға басқан соң, ойыншылар алаңдағы өз орындарына орналаса бастады. Сонда байқадық, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері екі қабат бекініс құрып қорғануды жөн санапты. Қорғаныстың бірінші қабатында Гурман – Мұхтаров – Дмитренко – Киров төртеуі ойнады. Олардан сәл ілгерірек Энгель – Нұрдәулетов – Коробкин үшеуі ойнады. Қос қапталдағы Қонысбаев пен Шмидтгаль да оларға көмектесумен болды. Алда тек Остапенко ойқастады. Ойын басталған бетте алаң иелері алға қарай лап қойып, біздің құраманы қыспаққа алды. Ойын негізінен біздің қақпаның маңында өрбіді. Біздің футболшылар аракідік қарсы шабуыл ұйымдастырғандарымен, мұндай ұмтылыстарымыз аса пәрменді болмады. Ал «неміс мәшинесі» қарқынын үдетіп, біздің құраманы тықсыра түсті. Доп біздің футболшылардың аяғында тұрақтаудан қалды. Тез айырылып қалады. Қорғаушылар естерін жинап үлгерер емес. Содан басталды дерсіз. Германия құрамасының екі қауіпті соқысы қақпа бағанынан кері серпілді. Жан мұрынның ұшында. Екпін алған «неміс мәшинесі» дамылдар емес. Құйындай орап соғып, қорғаушыларымызды әбден састырды.   Ақыры бірінші таймның ортасында өз дегендеріне жетіп тынды. М.Райстың иіре тепкен добы қақпашы Сидельниковқа «жалын» да ұстатпай, қақпа торын бүлк еткізді. Содан соң тура Астанадағыдай, біздің ойыншыларға ес жиғызбай, екінші голды да біріншісінің ізін суытпай енгізді. Қолды-аяққа тұрмайтын, қорғаныс пен шабуылда қатар шапқылайтын Лам біздің екі қабат бекінісімізді «тесіп» өтіп, Гетценің аяғына салып берді. Бірінші голдың өкінішінен арыла алмай жүргенде, екіншісін де қақпа ішінен қармаған футболшыларымыздың ұнжырғалары түсіп кеткендей болды. Алаң иелері айылдарын тартар емес. Шабуылды үдеткен үстіне үдете отырып, үшінші голды да тоғытты. Стадион Озил мен Гюндоганның өнеріне тінті болып, дүр сілкінді. Арасына төрт минут салып, үш гол соққан Германия құрамасы мұнымен шектелер емес. Тағы да шүйіліп, біздің қақпаны нысанаға ала бастады. Абырой болғанда, енді бір қауіпті соққылары қақпа маңдайшасын «жалап» өтіп, алаң сыртына шығып кетті. Германия құрамасының қақпашысы Мануэль Нойер тоңды ма, әлде біздің футболшылар өзіне гол соға алмайды деп ойлады ма, әйтеуір қақпасын тастап, алға шығып кете береді. Тіпті біздің қақпадан кейін серпілген допқа жүгіріп, алаң ортасына дейін келген сәті болды. «Апырай, шіркін, алыстап допты әуелетіп асыра салып, аптығын басар ма еді» деп қозғалақтаймыз. Шамбайымызға әбден тиді, мына қақпашы...   Алдымызда «Қазақстан алға» деп қиқуға басып отырған шағын топ басылар емес. Ойын басталғалы қиқуға басып отырған шет елде тұратын қандастарымыз қолдарындағы жалауларымызды да төмен түсірер емес. Бар дауыстарымен айқайлап, таблодағы есепке мән бермей, футболшыларымызды тынымсыз қамшылауда. Ал бас бапкер Мирослав Беранек те «үн» жоқ. Орнынан тұрмаған да сияқты. Алаң жиегінен бірде-бір рет көре алмадық. Жеңіп жатса да, Йоахим Лев қайта дәміл-дәміл орнынна тұрып кетіп, ойыншыларына айғайлап жүр. Ал Беранек үнсіз... Осылай бірінші таймда бітті-ау, әйтеуір. Екінші таймда алаңға команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов шыққан жоқ. Бірінші таймның аяғында жарақаттанып қалып еді, сонысы жеңіл-желпі болмаған секілді. Оның орнына Бауыржан Жолшиев шығып, ол Шмидтгальдің орнына барды да, Генрих ортаға ауысты. Бірінші минуттан-ақ алаң жиегінде ойыншыларымызға нұсқау беріп жатқан бас бапкерімізді көрдік. Осылардың пайдасы тиді ме, екінші тайм басталған бетте, ойнақ салған Нойер жаза басып, аяғындағы добынан айырылып қалды. Шектен тыс сенімділігі түбіне жетті. Допты одан Жолшиев тартып алып, Шмидтгаль Германия құрамасының торын қақ айыра жаздап, допты шірене тартты. Стадион дүр сілкінді. Қазақстан жанкүйерлері естері шыға қуанып жатса, Германия жанкүйерлері Нойерге деген реніштерін бүкпесіз білдіріп, екі жақта шулап кетті.   Содан ойын тартысты өтті. Біздің футболшылардың тағы бір гол соғатын екі-үш мүмкіндіктері болды. Ал неміс футболшылары үш рет біздің қақпаның діңгегін дір еткізіп, бір рет тағы да маңдайшасын солқылдатты. Үш рет Сидельников алаң иелерінің жақыннан тепкен пәрменді соққыларын тойтарды. Алаңға Жамбыл Көкеев шыққанда, «е дұрыс болды» деп бір орында байыз тауып отыра алмай, тықыршып кетіп едік. Бірақ біздің футболшылар қанша тырысқандарымен, есепті қысқарта алмады. Ал ойынның соңғы минуттарында Райс тағы бір гол соғып, есепті ұлғайта түсті. Көп ұзамай ойын аяқталып, Германия құрамасы тағы да ірі есеппен жеңіске жетті. Ойыннан соң Филипп Лам «Нойердің құрама сапында да, «Баварияда» да тәуекелге бел буып, ойқастап кететіні бар» деп күлді. Әрі өздері мақсат тұтқан алты ұпайды қоржындарына салғандарына риза екендігін білдірді. Йоахим Лев жанкүйерлердің Нойердің қателігіне соншама шулағандарына риза болмай қалыпты. «Оның олай қателесуіне жалғыз қақпашы емес, Қазақстан ойыншыларын оған жақын жіберіп қойған басқа ойыншылардың бәрі де кінәлі» деп, қақпашысының арасына түсті. Әрі біздің топта енді ешкімге жеткізбестеріне бек сенімді екенін білдірді. «Өз тобымызда бәрін жеңеміз» деп желпініп отыр. Ал Мирослав Беранекті журналистер көп «ұстаған» жоқ. Яғни көп сұрақ қойылмады. Неміс журналистері ешқандай сұрақ қойған жоқ десек те болады. Енді біздің бас бапкердің сөздеріне тоқталыр өтелік:   – Германия құрамасы бізден басым түсті. Бірінші таймдағы қарқындары керемет болды. Екінші таймда біз олардың қақпашыларының қателігін кәдеге асырдық. Ойының екінші жартысында біздің қақпашымыз бірнеше рет олардың қауіпті шабуылдарына тосқауыл бола білді. Содан соң бірнеше рет біздің бағымызға орай, олардың жолдары болмай, доп қақпаға енбеді. Қарсыластарымыз жеңді, бізден асып түсті. – Екінші таймда біздіңқұрамаға қанат бітті ме, әлде Германия құрамасы қарқындарын бәсеңсітті ме? – Германия құрамасы тізгін тартты деп айта алмаймын. Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, бірнеше рет доп қақпа бағаны мен маңдайшасына тиді. Қақпашымыз да қанша соққыға тойтарыс берді? Яғни Германия шабуылдаудан тайынған жоқ. Мүмкін сәл-пәл жылдамдықтарын азайтқан болар, бірақ артынан қайтадан қарқындарын үдетті. Ойыншыларымыздың ынта-жігерлерін жоққа шығаруға болмайды.   – Сіз бірінші таймда мүлде орныңыздан тұрмай, отырып алдыңыз. Мүмкін алаң жиегінде дауыс көтеріп жүргеніңіз ойыншыларға рух берер ма еді? – Отырып алдыңыз дейсіз бе?.. Бірінші таймда ойын негізінен біздің айып алаңымызда өрбіді. Мен қанша айқайласам да, олар дауысымды естімес еді. Өйткені біздің орнымыз алаңның екінші бөлігіне тұспа-тұс орындықтар болды. Ал екінші таймда қақпа «ауыстырдық». Яғни біздің ойыншылар біз отырған алаң бөлігінде ойнады. Олардың бәрі мені көріп, дауысымды еститін болды. Ал бірінші таймда қанша айқайласам да, дауысым оларға жетпес еді. Осылай, Германия құрамасынан тағы да екі рет ұтылдық. 2011 жылғы електік циклде 0:3 және 0:4 есептерімен ұтылсақ, биыл 0:3 және 1:4 есептерімен жеңілістің кермек дәмін таттық. Екі елдің футболшыларының деңгейлерінің айырмашылығы әлі сол күйі сияқты. Бірақ Нюрнбергтегі матчтың екінші таймында азулы қарсыластармен ойнауға болатынын және ойнай алатынымызды көрсеттік. Әрі төртінші ойында неміс қақпасына гол соқтық-ау әйтеуір. Бүгінге осымен доғара тұрайық, газетемідің алдағы санында толығырақ саралай жатармыз... Нұрғазы САСАЕВ,"Алаштың аренасы" үшін арнайы Нюрнбергтен  
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров