Қазақстан ұлттық құрамасы мен Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліптің Түркияның «Галатасарай» командасына ауысуы мүмкін екені туралы ақпаратқа футболшының өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды, Aladop.kz
Бұған дейін Түркиялық журналист Бурак Эрен 26 жастағы Қазақстандық футболшының кандидатурасы Ыстанбұл клубына ұсынылғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, ықтимал трансфердің артықшылықтарының бірі – Әліптің Түркия чемпионатында легионер болып есептелмеуі мүмкін екені.
Алайда футболшының мүддесін қорғайтын PC Management агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Агенттік өкілдерінің мәлімдеуінше, «Галатасарай» Нұралы Әліптің трансферіне қатысты футболшының өзіне де, «Зенит» клубының басшылығына да ешқандай ресми ұсыныс жібермеген.
Сонымен қатар олар Қазақстандық ойыншылардың Түркия чемпионатындағы мәртебесіне қатысты тараған мәліметтің қате екенін атап өтті.
«Бұрын Қазақстандық футболшылар Түркия чемпионатында легионер болып есептелмейтін. Алайда қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Сондықтан жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп түсіндірді агенттік өкілдері.
Футболшының болашағына қатысты да мәлімет белгілі болды. Нұралы Әліптің «Зенитпен» қазіргі келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды. Дегенмен тараптар келісімді ұзарту мәселесін әзірге жеделдетіп отырған жоқ.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қазақстандық қорғаушы қазіргі уақытта бар назарын Санкт-Петербург клубындағы өнеріне аударған. Оның басты мақсаты – негізгі құрамдағы орнын нығайтып, «Зенитпен» бірге тағы бір чемпиондық атаққа қол жеткізу.
Біздің серіктес: FONBET