Қазақстан құрамасының және «Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев футболшылық ғұмырында бір рет Қазақстан чемпионы атанып, екі мәрте ел кубогын төбесіне көтеріпті. Биыл Қазақстан кубогының финалында «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесіп, шымқалалықтар өз тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атанған еді. Осыдан төрт жыл бұрын «Тобылдың» сапында жүріп, туған қаласының командасын қалпақпен ұрып алуға көмектескен Азат енді «Ордабасыға» Еуропа лигасының жолдамасын алып беруге сүбелі үлес қосты.
– Азат, «Ордабасының» тырнақалды табысы құтты болсын! Шымкенттен қазақ спортының талай майталмандары шыққанымен, облыстағы футбол қарқын ала алмай тұр, осы… – Көптен бері жанкүйерін қуанта алмай жүрген клуб үшін биылғы жыл өте сәтті болды. Себебі «Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогын иеленді. Бұл біздің команда үшін – үлкен табыс. Менің ойымша, Қазақстан футбол федерациясы ел чемпионатын өткізуде тамаша жүйені қолданысқа енгізді. 12 команданы екі топқа бөліп тастап, 1-6 және 7-12 орындар үшін додаға түсу командалардың деңгейін өсіреді. Мәселен, алғашқы алтылыққа ілігіп, жүлде үшін таласу алты клубқа тек абырой әкеледі. Біздің клубтың басшылығы да ойыншыларға «үздік алты команданың қатарынан көрініңдер» деп талап қойды. Өз кезегінде, футболшылар да қарап қалған жоқпыз. Көшбасшы командалармен терезесі тең ойын өрнегін көрсетіп, иық тірестіруге талпындық. Нәтижесі жаман емес. Енді «Ордабасы» Еуропа лигасында орда бұзбағанымен, алысқа баруды көздеп отыр. – Ғаламтордағы соңғы мәліметтерге қарағанда, келесі маусымда «Ордабасыға» көмектесе алмайтын сияқтысыз. Өйткені сіз басқа клубқа ауысады деген сыбыс бар. – Негізі, «Ордабасымен» келісімшартым аяқталды. Клубта қалу, қалмауым бір айдан соң оқу-жаттығу жиынында анықталады. Қазір демалыстамын. Бірақ «Ордабасыдан» кетпей, Еуропа лигасында өнер көрсеткім келетіні рас. «Тобылда» бес жыл ойнап, ел чемпионы атанған соң, қостанайлық клубпен қош айтыстым. Сол себепті, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен тыс қалғаным бар. – «Тобыл» демекші, былтыр көш бастап, чемпионатта топ жарған қостанайлық клубтың биыл алғашқы алтылықтан сырт қалуы сізге қалай әсер етті? – Мойындауым керек, футболшы болып қалыптасуыма «Тобылдың» тигізген әсері көп. Дмитрий Огайдың қол астында жүріп, бір үйдің балаларындай болып кеттік. Он жылдан бері ішкі біріншіліктің бас жүлдесі бұйырмаған «Тобылдың» алғаш рет алтын алуы тарихи жеңіспен пара-пар еді. Өкінішке орай, биыл команда құлдырады. Неге? Өйткені клубтың қаңқасын құраған негізгі ойыншылар жан-жаққа тарап кетті. Команданың отымен кіріп, күлімен шыққан Нұрбол Жұмасқалиев пен Данияр Мұқанов «Тобылға» керек болмай қалды. Ал жаңа ойыншылар бір-бірін түсініп, үйреніп кеткенше біраз уақыт керек. Шын мәнінде, команда басшылығынан да көп қателік кетті. Әсіресе Равиль Сабитовтің кінәсі көп. Дмитрий Огай қазақ балаларына, қазақстандық футболшыларға көп мүмкіндік беретін. Ойыншылар арасында тамаша атмосфера қалыптасқан еді. Кейін легионерлер мәселесімен бас қатырды, басшылық. Келімсек ойыншылар бәрібір беріліп ойнамайды. Шеберлігі жағынан бір саты төмен болса да, отандық футболшыларда намыс бірінші орында тұрады, әрдайым. – Кез келген команданың ұшпаққа шығуы немесе құлдырауы бірінші кезекте бапкерге байланысты. Өзіңіз бірнеше бапкердің қолынан өтіп, тәрбиесін көрдіңіз. Қай бапкерді бөліп-жарып, «Осы маман мықты» деп айта аласыз? – Менің негізгі міндетім – футбол ойнау. Ана бапкер жақсы, ал мына бірі жаман деп ешкімді ақтағым да, даттағым да келмейді. Біреудің сыртынан әңгіме айту артық жұмыс. Негізі, әрбір бапкердің өзіне тән ерекшелігі, жаттығу тактикасы болады. Әр бапкер клубты өрге сүйресем, жеңіске жеткізсем деп ойлайды. Бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Бақтияр Байсейітов, Дмитрий Огай сынды қазақстандық бапкерлердің ешқайсысы мақтаулы шетелдіктерден титтей де кем емес. – Ел чемпионаты аяқталды. Енді үздік ойыншыны анықтайтын кез келді. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның үздік футболшысы атағына кім лайық? – Биылғы біріншілік өте қызықты әрі тартысты болды. Чемпион мен қола жүлдегер ең соңғы турға дейін анықталған жоқ. Бұрын тек «Тобыл» мен «Ақтөбенің» жолына қараған жанкүйер енді «Жетісу», «Шахтер» сынды командалардың әлеуетті екенін байқады. Көптеген жас футболшылар жарқылдаған чемпионат болды. Мәселен, ұлттық құраманың биылғы жаңа көзайымы – Сергей Гридин. «Тобылда» ойнап жүрген оны қазір барша Қазақстан жанкүйерлері таниды. Ұлан Қонысбаев та жастығына қарамастан, «Шахтер» сапында чемпион болып, Қазақстан құрамасының бетке ұстар футболшыларының біріне айналды. Шымкенттік Мұхтар Мұхтаров пен Дәуренбек Тәжімбетовтер жаман ойнады демеймін. Мергендер көшінде күміске ие болған Сергей Хижниченко деген жас талантты ұмытуға болмайды. Ал легионерлер арасында Ұлықбек Бақаевтың есебі түгел. Биыл ел чемпионын анықтау қалай қиын болса, үздік ойыншыны анықтау одан оңайға түспейтін секілді (күлді). Расы керек, біздің ішкі біріншілік сәл де болса, алға жылжыды. – Ұлттық федерация чех маманы Мирослав Беранекпен келісімшартты тағы екі жылға созды. Бұл басшылық тарапы жасаған дұрыс қадам болды деп ойлайсыз ба? – Мирослав Беранектің орнында қалғанына қарсы емеспін. Бұл маман жігіттерге жақсы мүмкіндік беруде. Командамен тіл табысып кетті. 2012 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі Мирослав Беранек үшін эксперимент болды. Енді тәжірибе жемісін беру үшін тағы да мүмкіндік беру – дұрыс жасалған қадам. – Футболшылардың жеке өмірі халыққа қашанда қызық. Отбасыңыз туралы аз-кем әңгімелей өтсеңіз… – Отбасымда ата-анам, ағам, қарындасым, келіншегім, кішкентай қызым бар. Үлкен отбасымыз! Әкемнің есімі – Мәлік. Анам – Жалғас ақ халатты абзал жан. Нұртай атты ағам мен музыкалық колледжде білім алатын 19 жастағы қарындасым бар. Өзім отбасы құрғанмын. Қазір келіншегім екеуміз Дамили есімді 9 айлық қызымызды тәрбиелеу үстіндеміз.Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ
Біздің серіктес: FONBET