«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев Қазақстан кубогінің 1/4 финалында «Шахтермен» өткен матч туралы пікір білдірді:
- Біріншіден, тамаша қолдау көрсеткен біздің жанкүйерлерге мың алғыс! Кубоктың жартылай финалына шығуымен баршасын құттықтаймын!
Ал, ойынға тоқталар болсақ, «Шахтер» кейінгі кездері екі орталық қорғаушымен ойнам жүр. Бірақ бүгін үш орталық қорғаушымен ойнап, бізді алаңның орта тұсынан күтіп алуға тырысты. Алайда, ондай тактикаға да дайын болып, екі күн футболшылармен жұмыс істедік. Жалпы қандай ойынға болсын дайын болдық деп ойлаймын. Қарсылас команданың қорғанысы жақсы ойын көрсетті. Бізге оңай болған жоқ. Бірінші таймда Абылайдың жақсы бір мүмкіндігі болып еді, оны пайдалана алмады.
Ал екінші тайм шиеленіске толы болды деп ойлаймын. Біраз ойыншыларды алмастырдық. Тыңнан қосылған Марат Шахметов Абылайхан есепті теңестіргенде өзінің пайдасын тигізді. Жақсы көмек көрсетті. Қарсылас команда қарымта шабуылда өте жақсы ойнады. Соның бірінде олар гол соғып кетті.
Жалпы негізгі уақыттың аяғына қарай жеңіске жетіп, матчты аяқтайтын бір-екі мүмкіндігіміз болды. Алайда ойын пенальти сериясына дейін жетті.
- Пенальти тебетін футболшыларды өзіңіз белгіледіңіз бе, әлде олар өздері сұранды ма?
- Бапкерлік құраммен ақылдасып, шешім шығардық. Біз кеше жаттығудан соң пенальти болып қалған жағдайда дайын болу керектігін ескеріп, оған арнайы дайындалдық. Жігіттер психологиялық тұрғыда әзір болуы тиіс еді. Сол бізге бүгін көмектесті ғой деп ойлаймыз.
- Келесі кезеңдегі қарсылас белгілі болды. Ол - «Ақжайық» командасы. Матч сырт алаңда өтеді. Бұл туралы не айтасыз?
- Бізге жартылай финалда географиялық жағынан алматылық команда дұрыс еді. Себебі алысқа бармай, жолға шығындалмайтын едік. Ал қарсылас жағынан біз үшін бәрі бірдей. «Қайрат» болсын, «Ақжайық» болсын, бәріміздің деңгейіміз бірдей деуге болады. Сол себепті жеңіске жету мүмкіндігі 50/50 деп ойлаймын.
- Бүгін Елдос Ахметов алаңға шығуы мүмкін ойыншылар тізімінде мүлдем болмады. Оған не себеп?
- Елдостың ескі бір жарақаты мазалап, ойынға қоса алмадық. Өткен матчқа да қатыса алмады. Оған дәл қазір жақсы емделіп, қайта жаттығуға кірісу қажет. Сол үшін ол жақын арадағы бір-екі матчқа қатыса алмауы мүмкін. Тезірек жазылып, қайта қалпына келуін тілейміз.
Біздің серіктес: FONBET