«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев «Ақсумен» өткен кездесу жайлы пікір білдірді:
- Алғашқы 20 минутты нашар бастадық. Қарапайым қателіктер болды. Алаң жиегінде дауыстап жігер беруге тырысып едік, бірақ ойын ойдағыдай жүре қоймады. Бірінші голда Сүйімбаевтың жасаған соққысы Әділет Кеңесбектің аяғының астынан өтіп, қарсылас гол соғып кететін сәт орын алды. Екінші голда Алекс Джуниор өз ойыншысын жіберіп алды.
Одан соң шегінерге жол жоқ екенін сезініп, жігіттер жігер танытып, таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде қысымды арттырып, қапталдағы қорғаушыларды шабуылға араластыруды, қорықпай алға шығуды жоспарладық. Бірақ қарсылас қарымта шабуылда тағы да гол соғып кетті. Бұл ретте Тони Сильва өз ойынын тауып, шеберлігі маңызды рөл ойнады деп ойлаймын. Оның бірер күн бұрын әкесі қайтыс болған екен. Осы сәтті пайдаланып, көңіл айтамын. Мүмкін Алла тағала оған көмектесті ғой деп ойлаймын.
Одан кейін де біз есепті теңестірген едік. Тіпті екі-үш жақсы мүмкіндік орын алды. Өкінішке қарай, сәтсіз болып, соңғы минутта тағы да қарымта шабуылда қарсылас гол соғып кетті.
Дегенмен, басты төмен түсірмейміз. Командаға қатты күйзеліске түспеңдер, қайғырудың қажеті жоқ екенін түсіндірдім. Алдымызда сырт алаңда болатын тағы да маңызды матчтар бар. Қателіктерімізді саралап, соған дайындалуымыз керек.
Өткен ойындар психологиялық салмақ салғаны анық. Оған сынбай, қиыншылықты көтере білуіміз керек. Байқасаңыздар, біз қай ойын болмасын, барымызды саламыз. Ешбір команда бізден бір бас жоғары болған емес. Соңына дейін күресеміз!
- Елдос Ахметов жарақатынан қашан айығып, алаңға оралады?
- Оның бүгін соңғы ем қабылдау процедурасы болды. Бұйыртса, ертең көреміз. Бірақ бірден қатарға қосылып кете алмайды. Жеке жаттығып, жүгіртуіміз қажет. Мүмкін, «Ақтөбемен» ойында бір тайм ойнап қалатын шығар. Алайда, нақты емес.
Біздің серіктес: FONBET