Жарнама
Жарнама

Нұркен Мазбаев: «Күннің ыстығы кездесуге әсер етті»

27.06.2022, 16:45
Жамбылдық клуб осы маусымда екі рет «Қайратпен» тең ойнады.
Жарнама
Жарнама

«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев «Қайратпен» өткен матч (1:1) туралы пікір білдірді. 

- Бүгін күн өте ыстық болды. Ауа-райының ойынға әсер ететіні белгілі. Дегенмен күн райы қос командаға да бірдей тиеді. 

Бірінші таймда стандартты жағдайдан жылдам гол жіберіп алдық. Жігіттер барын салып, алға ұмтылды. Нәтижесінде гол соғып, есеп теңесті. 

Екінші таймда ойынға өзгеріс жасадық. Күннің ыстығында ойыншылардың шаршағанын күтпей, ертерек алмастырдық. Ол ойдағыдай шықты. Ал матч соңында гол соғатын екі-үш жақсы мүмкіндік болды. Бірақ кейбір тұста сәттілік, кей сәтте шеберлік жетіспей жатты. Ойында ұтып кетуіміз де, жеңіліп қалуымыз да мүмкін еді. 

- Ермек Қуантаевты алғашқы минуттан бастап негізгі құрамға шығардыңыз. Ол ойынға қаншалықты сіңісіп кете алды деп ойлайсыз?

- Ол позицияда ойнайтын Мақсат Әмірханов жарақат алып қалды. Ал Алекс Джуниор өз елінің ұлттық құрамасында ойнап келді. Шаршағаны түсінікті. Ермек - тәжірибелі ойыншы. Бұл кездесуде оның қаншалықты пайдалы болғанын сараптап шығамыз. Бірақ көптеп бері алаңға шықпағаннан ба, әлде ауа райы әсері етті ме екен... Ол одан да жоғары деңгейде ойнай алатын футболшы. 

- Еліміздің оңтүстігінде ауа райы қазір өте қатты ыстық. Кездесулерді кешкі сағат 8 немесе 9-ға қою туралы жанкүйер пікірлері бар. Бұл туралы ойыңыз қандай?

- Әрине дұрыс болар еді. Футболшыларға ғана емес, жанкүйерлерге де қиын деп ойлаймын. Алдағы матчтарды сағат 20:00-ге белгіленеді екен деген әңгімелерді естіп жатырмыз. Оңтүстікте тіпті 21:00-де де ойнауға болады. Бұл мәселеде телеарна түсірілімі де ескеріліп жатыр деп ойлаймын.

- Бүгін бірінші рет Денис Калинов негізгі құрамда өнер көрсетті. Мұхамеджан Сейсен қосалқы құрамда қалды. Бұл матчқа қойылған тактика ма?

- Мұхамеджан төрт күн бұрын саусағынан жарақат алды. Бір күн жаттығуға қатыспады. Одан да үлкен жарақат алып қалмаудың алдын алып, Денисті шығардық. Ол өте жақсы ойнай алды. Тәжірибелі екені көрініп тұр. Аяқпен де пастары сәтті болып жатты. Жалпы көңіл толады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров