Нұркен Мазбаев: «Соңғы секундқа дейін ойнаймыз деген жоспарымыз болды»

24.04.2022, 20:08
Жамбылдық клуб бесінші орынға көтерілді.

«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев «Ақсумен» өткен кездесудегі жеңісті нәтижеге (1:2) қатысты пікір білдірді.

- Нұркен Қалдыбекұлы, ойын жайлы не айтасыз?

- Біз бұл жерде қиын ойын болатынын білдік, өйткені «Ақсуға» шегінетін жер болмады және олар шынымен де жеңіске жетуді қалайды. Бірінші таймда жақсы шабуылдар жасап, нәтижесінде гол соқтық. Екінші голды да соға алар едік, бірақ мүмкіндікті пайдалана алмадық. Екінші таймда шыдай алмай, гол жіберіп алдық, бірақ одан кейін төзімділік таныттық. Үзіліс кезінде ойыншыларға кез келген нәтиже мен жағдайға қарамастан соңына дейін, соңғы секундқа дейін ойнау туралы тапсырма берілді. Ал олар жеңісті соңғы секундтарда жұлып алды. Командамыздың жанкүйерлерін осы жеңісімен құттықтаймыз. Сондай-ақ әрине, алаңда күрескен жігіттерге алғысымды білдіргім келеді. Жалпы, қарсыластың ойын стилі мені тәнті етті, павлодарлық команда сапында қазақстандық футболшылар көп. Сондықтан оларға алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Қазір турнирлік кестеге назар салсаңыз – 1-ден 10-шы орынға дейінгі кез келген команда жеңіске жетсе, үздік үштікке енеді.

– «Таразда» жергілікті ойыншылар көп. Олармен ойнау ыңғайлы ма?

– Біз мұндай стратегияны қолдаймыз және онымен нәтижеге жетеміз. Бүгінгі таңда ойыншылардың 80 пайызы жергілікті футбол түлектері. Расында, бұл менің шешімім емес, клубтың стратегиясы. Матч алдында мен ойыншыларға бүгінгі 20 адамның ішінен кез келген адам негізгі құрамда ойнай алатынын және барлығы өздерінің ойынына байланысты екенін айттым. Қосалқы құрамда қалғандардың кез келгені алаңға шығу арқылы ойынды жақсарта алуы керек. Олар осындай көзқараспен шығып, жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсаса, біздің болашағымыз зор болады.