Жарнама
Жарнама

О ФУТБОЛ! СЕН НЕТКЕН КЕРЕМЕТ ЕҢ!

06.05.2013, 18:04
Жарнама
Жарнама

              Germany v Italy - UEFA EURO 2012 Semi Final

Футболға деген қызығушылық әлемнің барлық елінде бар. 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатындағы Бразилия мен Бельгия арасындағы ойынды тамашалап отырған Индонезияның Суматра аралының түрме күзетшілері 48 тұтқынның түрмеден қалай қашып кеткенін байқамаған. Олардың біреуі де ұсталмаған.

1967 жылы Нигериядағы азаматтық соғыс екі жақтың келісімімен 48 сағатқа тоқтатылады. Оның себебі бразилиялық шабуылшы Пеленің Нигерия астанасы Лагоста көрнекті ойын өткізу үшін жасалған.

2003 жылы Габриэла Ферейра есімді 10 жасар қыз Бразилия радиосында жұмыс істей бастады.

Американың жергілікті тұрғындары пасукуакоховог деген ойын ойнаған. Оның мағынасы «олар аяқпен доп ойнау үшін жиналды». Кейбір деректер бойынша ойын алаңының ұзындығы 1,6 шақырым, ал қақпаның ені 800 метрге дейін жеткен.

1995 жылы бразилиялық әйгілі футболшы Рональдоның бұрынғы әйелі допты жерге түсірмей ойнаудан әлемдік рекорд жасаған. Ол доппен аяғымен, басымен жерге түсірмей 9 сағат 6 минут бойы ойнаған.

Әйгілі бапкер сэр Алекс Фергюсонды өмірінде бір-ақ рет жұмыстан қуған. 1978 жылы Шотландияның «Сент-Миррен» клубының басшылығымен келіспей қалып жұмыстан кеткен. 1986 жылдан бері «Манчестер Юнайтед» клубының күні бүгінге дейінгі бас бапкері. 2004 жылы қызыл сойқандар сэр Алекс мырзаның қол астында 1000-шы ойындарын өткізді.

Роули Ховард танымал болуы тиіс. Неге десеңізші? Өйткені бір клубта ең ұзақ әрі тұрақты бапкер ретінде «Гиннестің рекордтар Кітабына» енген. Ол Англияның Солтүстік лигасында ойнайтын «Мэрин» клубынан 2004/2005 жылғы маусымында 33 жыл жұмыс істеп қызметінен босады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒАЛАР

Хуан Хосе Траматоле небәрі 27 жасында Аргентина ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде 1930 жылғы Әлем біріншілігіне бастап апарған.

1930 жылғы алғашқы Әлем чемпионатында тек төрт еуропалық құрамалар – Франция, Югославия, Бельгия және Румыния қатысқан. Аталмыш командалар Атлант мұхиты арқылы Уругвай астанасы Монтевидоға «Конте Верде» лайнерімен екі апта жол жүріп, жолдан Бразилия ұлттық құрамасын ала кеткен.

 1930 жылғы Әлем біріншілігінің қарсаңында Румыния ұлттық құрамасының ойыншыларын бас бапкер емес, сол кездегі ІІ Кароль королі қалыптастырған.

1934 жылғы Италияда өткен Әлем чемпионатында Уругвай құрамасы жарысқа өкпелеп келмей қалады. Өз жерінде өткен алғашқы Әлем мундиалінде уругвайлықтар чемпион атанған болатын. Бірақ Уругвайдағы біріншілікке Еуропаның аз құрамалары қатысты деген сылтаумен Италияға келмейді.

1938 жылғы біріншілікте Польша ұлттық құрамасының ойыншысы Эрнст Виллимовский Бразилия қақпасына 4 бірдей допты салады. Алайда ойындағы қорытынды есеп 6:5 Бразилияның пайдасына шешіледі.

1938 жылдың 9 сәуірінде әлемде тұңғыш рет  Би-би-си компаниясы Англия мен Шотландия арасындағы ойынды теледидар арқылы көрсетті. Ол кезде Англияда небәрі 20 мың теледидар болған.

Витторио Поццо және Италия құрамасы алғаш рет әлем Кубогін 2 рет қатарынан жеңіп алады.

Катар 2022

1940 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты Әлем Кубогі ұйымдастырылмады. Турнир тек 1950 жылы қайта өріс алып жарысқа тек 13 құрама қатысты. Бұл біріншілікте Уругвай құрамасы чемпион болды.

1954 жылғы Әлем чемпионатындағы ақтық ойында Венгриямен ойнап жатып, уругвайлық Хуан Хохеберг есепті теңестіреді. Командалас жолдастары қуаныштан оның үстіне топырлап жатқанда, Хуан есінен танып қалады. Өкінішке орай, ойын соңында Уругвай құрамасы 4:2 есебімен жеңіліп қалады.

Батысгерманиялық ағайынды ойыншылар Фриц және Оттмар Вальтерлер Әлем біріншілігінде қос-қостан гол салған алғашқы және әлі күнге дейін жалғыз ойыншылар. 1954 жылы Австрия құрамасымен жартылай финалда кездесіп, ФРГ құрамасы 6:1 есебімен жеңіске жетті.

1958 жылғы мундиаль футбол тарихында ерекше сақталды. Біріккен Корольдіктен барлық 4 команда қатысқан. Олар – Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия.

1962 жылғы мундиаль дөрекі ойындарға толы болды. 12 ойыннан кейін 37 адам жарақат алып, 4 адам алаңнан қуылды. Оған қоса сынған аяқтар мен мұрынды қосыңыз. Чили мен Италия арасындағы кескілескен ойында алаңдағы барлық ойыншылар төбелесіп, «Сантьягодағы шайқас» деген атпен тарихта қалды.

1966 жылғы Ұлыбританияда өткен Әлем біріншілігі тарихта басқаша атпен қалды. Вестминстрдегі «Сенртал Холл» көрме үйінде Жюль Римэ Кубогі ұрланып кетті. Бір апта өткен соң Оңтүстік Лондондағы Пиклз деген лақап аты бар ұры дәл осы Кубокпен қолға түсті.

1970 жылы Әлем чемпионатында КСРО ойыншысы Анатолий Пузач Әлем біріншілігінде алғаш рет Виктор Серебряниковты ауыстырып, жасыл алаңға шықты.

1970 жылғы Мексикадағы мундиальда алғаш рет сары және қызыл қағаздар пайдаланылды. Бір қызығы аталмыш жарыста бірде бір ойыншы алаңнан қуылмаған. Бірақ кейінгі чемпионаттарда мұндай оқиға болмаған. Яғни алаңнан ойыншылар тәртібіне байланысты қуылып отырған.

1970 жылғы мундиальда әйгілі немістің аты аңызға айналған футболшысы Франц Беккенбауэр Италияға қарсы жартылайфиналда шығып кеткен иығымен ойнаған. Беккенбауэр қолын жіппен матап алаңға шыққан.

1974 жылғы біріншілік те қызықтарға толы болды. Сол ойындағы ағылшын бас төрешісі Джек Тейлор бұрыштама алаңының жанындағы тулардың жоқтығын байқап, алаңға шығып келе жатқан құрамаларды кідірте тұрды.

1974 жылғы чемпионаттағы барлық ойындар алғаш рет түрлі-түсті телевидениемен түсірілді.

1978 жылғы біріншілікте голландиялық Робби Ренсенбринк Әлем чемпионаттарындағы 1000-шы голды соқты. Алайда оның командасы Шотландиядан 2:3 есебімен ұтылып қалды.

1982 жылы Солтүстік Ирландия құрамасының ойыншысы Норман Уайтсайд Әлем чемпионатында ойнаған ең жас аяқдопшы ретінде танылды. Ол небәрі 17 жас 42 күн жас шамасында еді.

1986 жылы ширек финалда Англия мен Аргентина құрамаларының ойындарында Диего Марадона күмәнді гол салады. Ол ағылшын қақпашысы Питер Шилтонның жанынан ұшып келе жатқан допты жұдырығымен қақпаға ұрып жібереді.Төреші голды есепке алады. Ағылшын жанкүйерлері күмәнді голға көңілдері толмай отырғанда араға 6 минут салып Марадонаның алаң ортасынан бастап ойыншылардың тең жартысын алдап, қақпаға гол салғаннан кейін басылады. Салынған гол мундиаль тарихындағы ең керемет голдардың бірі болып қалды. Кейіннен аргентиналық футболшы алғашқы допты «Құдайдың қолымен салдым» деп ағынан жарылған.

1990 жылы Аргентина мен Италия арасындағы 1/2 финалында француз төрешісі Мишель Вотро хронометражын ұмытып кетіп, негізгі уақытқа 8 минут қосады. Қос команда 130 минуттай ойнағандарына қарамастан негізгі есеп 1:1 аяқталады. Пенальти сериясында Аргентина жеңіске жетеді.

1994 жылғы мундиальда Ресей құрамасының ойыншысы Олег Саленко Камерунға қарсы өткізген ойында 5 гол салады. Әлем біріншіліктерінде бір адамның бір ойында ең көп салған голы ретінде ерекше көзге түседі. Ал Камерун құрамасындағы Роже Милл Әлем чемпионатындағы жасы үлкен ойыншы ретінде қатысты. Оның жасы 42 еді.

вувазела

1998 жылғы Франциядағы мундиальда ФИФА тарихында ең көп команда қатысқан болып тіркелді. Командалардың саны 32.

2002 жылы Әлем чемпионаты алғаш рет сары құрлықта өткізілді. Жарыс қожайындары Жапония мен Оңтүстік Корея біріншілікті өте жоғары деңгейде ұйымдастырды.

2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда футолдан өткен Әлем біріншілігінің финалдық ойынын 1 млрд. 100 млн. адам тамашалаған.

2006 жылы Германиядағы мундиаль соңы әйгілі француз жартылайқорғаушысы Зинеддин Зиданның даулы мәселесімен жалғасты. Финалдық ойында Франция мен Италия бақ сынасқан. Итальяндық ойыншы Марко Матерации ойын барысында Зиданға балағат сөздер айтып, Зидан шыдай алмай итальяндықты басымен соғып, алаңнан қызыл карточка алып, өзінің спорттық мансабын да сол жерде аяқтайды. Ойынның негізгі есебі тең аяқталып, пенальти сериясында «скуадра адзурра» ойыншылары жеңіске жетеді.

2010 жылғы Әлем біріншілігі алғаш рет Африка жерінде өтті. Оңтүстік Африкада өткен біріншілікте жергілікті жанкүйерлер алаңға «вувузел» деген миды ашытатын сырнайға ұқсас құрал алып келді. Жанкүйерлердің айтуынша құралды тартқанда командаластарына рух беріп тұрады деді.

                                                               Дайындаған Руслан БАҚЫТЖАН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров