Жарнама
Жарнама

«О-о, Месси!..»

03.06.2011, 14:32
Жарнама
Жарнама
«Арсенал»-дың бас бапкері Арсен Венгер өткен аптада өз блогында аргентиналық футболшыға осылайша таңданыс білдіріпті. Таңданбағанда қайтсін, талантты футболшы «Барса» сапында 2005-06, 2008-09, 2010-11 жылдары Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Оның үстіне бір маусымда 55 ойын өткізіп, 53 гол соққанын қайтерсіз. Өткен сенбі күні кешкісін Лондонда футбол тойы болды. Дәлірек айтсақ, «Уэмбли» стадионында Чемпиондар лигасының 2010-2011 жылғы финалы өтті. Ақтық сынға Испания чемпионы «Барселона» мен Англия чемпионы «Манчестер Юнайтед» шықты. Қос алпауыт 2009 жылы Римде өткен финалда жолдары тоғысқанын футбол «фанаттары» ұмыта қоймаған болар. Ол кезде каталондықтардың асығы алшысынан түсіп еді. Одан өзге әр түрлі жарыстарда тоғыз рет жолыққан «Барса» – МЮ жұбының төрт ойыны тең тарқаса, әрқайсысы үш-үштен жеңіс тойын тойлаған екен. Екі клуб та кубокты үш реттен иеленген. Сондықтан «алыптар шайқасын» футбол жанкүйерлері асыға күткен-ді. Бас төреші Виктор Кашшаи ойынды бастауға рұқсат бергені сол-ақ еді, допқа лап қойған Гигз командасы ширақ қимылға көшті. Бойында қаны тасыған Эрнандестің тепкен добы бірде қақпаға дарымай жатса, енді бірде ойыннан тыс қалды. Ал Маскеранодан сытылып шыққан Рунидің алдына қақпашы Вальдес тосқауыл бола алды. Өкінішке қарай, Руни бастаған жігіттердің шамасы бар-жоғы 15 минутқа дейін-ақ жетті. Олай дейтініміз, осы уақыттан бастап Гвардиола шәкірттері ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алды. Тіпті, ойынның 27-нші минутында есеп ашылды. Команда капитаны Хави төрт қорғаушының арасынан Педроға әдемі пас шығарғаны сол еді, сұрмерген өз кезегінде Саар қорғаған қақпаның оң қапталына допты теуіп, мүлт кетпеді. Есеп – 1:0. Алайда манчестерліктер тез ес жиды. 34 минутта ұйымдастырылған қарсы шабуылдың бірінде оң қанаттан берілген допты әдемі пайдаланып Уэйн Руни есепті теңестіріп кетті. Екінші тайм қызықты басталды. Алма-кезек шабуыл ойынның көркін қыздыра жөнелді. 54 минутта Иньестадан пас алған Месси екі қорғаушыдан сытылып өтіп, допты қақпаға шірене тепкенде, мұндай «сыйды» күтпеген Ван дер Саар қапыда қалды. Бұл Мессидің осы маусымдағы 12-нші голы еді. Бұған дейін Чемпиондар лигасында 12 гол соғу бақыты тек голландиялық Рууд Ван Нистелройдің еншісінде болатын. Екінші болып бұл биікті Месси бағындырды. Кейінірек белгілі болғанындай, Месси үшінші жыл қатарынан «Үздік шабуылшы» атанды. Осы голдан кейін-ақ МЮ-дің ойыны қожырай бастады. Көптен бері голға сусап жүрген Давид Вильяның 69 минутта әуелете тепкен добы «тоғыздыққа» тоғытылды. Ойынды жандандыру үшін тыңнан қосылған Нани мен Скоулз Фергюсонның сенімінен шыға алмады. Сонымен, «Барселона» – төртінші рет Еуропаның үздігі! Айтпақшы, каталондықтардың негізгі капитаны Пуйоль ойын аяқталғанда, капитандық міндетін өзінің командалас серігі Эрик Абидалға табыстады. Бүйрегіне ауыр операция жасатып, жақында ғана алаңға оралған Абидалға жолдастары осындай тарту жасады. «Барселона» ең алғашқы кубогына 1991-92 жылдары дәл осы «Уэмбли» стадионында ие болыпты. Леонель Месси қатарынан үшінші жыл үздік сұрмерген атанып, Герд Мюллер мен Жан-Пьер Папеннің жетістігін қайталады. Испаниялықтар жалпы клубтар бойынша Чемпиондар кубогын ең көп жеңіп алған. Еншісінде – 13 ұтыс. Оның төртеуі «Барселона»-ға тиесілі болса, тоғыз рет «Реал» үздік екендіктерін мойындатқан.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров