немесе «Пахтакор» командасы кiмге ұнамады?
“Пахтакор” трагедиясына – 30 жыл
Өткен өмiрдi пародияға айналдырмаудың бiр-ақ амалы бар. Ол атап айтқанда – тiршiлiкке мағына беретiн мақсаттарға: адамдарға, топтарға және белгiлi бiр iске, қоғамдық, саяси, интеллектуалдық немесе шығармашылық жұмысқа ұмтылуды жалғастыра беру. Спорт та шығармашылық жанкештi iс. Бiрақ оның ашық алаңдағы тартысы үнемi сәттi бола бермеген. Ақиқатында, ол шаршы алаңда көзге ұрып тұрған. Көзден тасада болса, амалың жоқ. Бұл жолғы “сайыс” алаңнан тыс, қара жерден 8400 метр биiктiкте әуе кеңiстiгiнде көрерменнiң көз алдынан тасада орын алды. Оны ешкiм көре алмады.1979 жылғы тамыз айының бiрiншi онкүндiгiнде Украинаның Днепродзержинск қаласының маңында құрамында Өзбекстанның «Пахтакор» футбол командасының ойыншылары бар «Ту-134» ұшағы мен Челябинск – Кишинев бағытында ұшып шыққан дәл осы маркiлi борт номерi 65816 ұшағы соғысып, апат салдарынан 178 адамның қаза тапқанына биыл 30 жыл толды. Арада 10950 күн өтсе де ойналмай қалған осы ойынның бар құпиясы күнi кешеге дейiн ашылмай келдi. 1979 жылдың бiрiншi жартысында СОКП Орталық комитетiнде өлi тыныштық орнаған мезгiл болатын. Орталық комитеттiң бас хатшысы Леонид Брежневтен бастап, барлық хатшылар Мәскеуден алшақ, өз демалыстарының соңғы күндерiн өткiзiп жатқан-ды. Мәскеудегi «шаруашылық жұмыстарына» Андрей Кириленко мен Юрий Андропов «жегiлiп», мемлекеттiң iшкi-сыртқы саясатына жауапты болып қалған. Сол бiр 11-тамыз, сенбi күнi күндiзгi сағат 2-де Мәскеу маңындағы Андроповтың саяжайына оның көмекшiлерiнiң бiрi телефон шалып, осыдан жарты сағат бұрын Днепродзержинск қаласының үстiнде Минскiге кезектi ойынға ұшып бара жатқан «Пахтакор» командасы мiнген ұшақ пен Украина Орталық комитетiнiң хатшыларының бiрi отырған ұшақ апатқа ұшырап, көптеген адамның қаза болғанын хабарлайды. Андроповтың қауiпсiздiк қызметiне жетекшiлiк еткен 12 жылында әуе кеңiстiгiнде оннан астам төтенше жағдай орын алыпты. Олардың iшiнде бiрнеше террористiк актiлер де қалғандарының басым көпшiлiгi стандартты жағдайдағы әуе апаты болыпты. Сондықтан орын алған апатты жағдайға қастандық әрекетi мен әуе диспетчерлерiнiң кiнәсi болуы мүмкiндiгi күдiк тудырмады. Сол кездегi спорт ойындарының iшiнде әсiресе, футбол ойыны ең жоғары эшелондағы жауапты саяси тұлғалардың сүйiктi кәсiбi едi. Кез-келген спорт командаларының сыртында партия, мемлекет қайраткерлерiнiң қаһарлы аттары тұратын. Сол сияқты «Пахтакор» да СОКП Орталық комитетi Саяси бюро мүшесiне кандидат, Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Шараф Рашидовтың сүйiктi командасы болатын. Өзбекстан қожайыны «Пахтакордың» ойынын өз аяғымен барып көретiн. Ол бұл жолда жалғыз емес-тiн. Футбол командаларын бөлiп алып қамқорлық жасаушылар, өздерiнiң сүйiктi командаларының жеңiсi үшiн, партиялас әрiптесiне қырын қарап, оған саяси мән беруге дейiн баратын. Мысалы, әскерилердiң орталық клубы ЦСКА командасына – маршалдар Гречко, кейiн Устинов қамқорлық жасаса, мәскеулiк «Динамоға» – Iшкi iстер министрi Щелоков, ал хоккейдегi «Динамо» командасына – Андроповтың ықпалы зор болды. Киевтiң «Динамосына» – Шеварднадзе барынша көмек қолын созды. Бас хатшы Брежнев өзiнiң қоғамдағы орын алып отырған салмағына қарай, екi бiрдей клубқа ЦСКА-ға және Днепропетровскiнiң «Днепрiне» үнемi қолдау бiлдiрдi. Сондықтан Бас хатшының құмалағына түскен осы екi команданы ренжiтпеудiң ережесiз ойыны жасалып, қарсы шабуылға шықса жолында қоғадай жапырыла түсудiң тәртiбi енгiзiлдi. Кiсiнiң қаһарынан доп тулап, жеңiс әкелсе, оларға арнайы жүлделер тапсырылып, шетелдiк клубтармен кездесулер өткiзулерiне ашық жолдамалар берiлiп жатты. «Аттыға ерiп, жаяудың таңы айрылыпты» дегендей, Рашидовтың қанша күшенсе де, Бас хатшыға жететiндей әуселесi болмады. Ол «Пахтакордың» әлсiздiгiнен емес-тiн. Рашидов шын мәнiнде «Пахтакор» командасымен өмiр сүрдi. Оның осы қылығын КГБ басшысы Андропов жақсы бiлетiн. Сол күнi Мәскеуде КСРО кубогы үшiн Мәскеудiң «Динамосы» мен Тбилисидiң «Динамо» командалары арасында финалдық ойын өткiзiлдi. Стадионға жиналғандардың аузында «Пахтакордың» өлiмiне Бас хатшы Брежневтiң кiнәсi болыпты, дәл сол сәтте ол Қырымнан Мәскеуге қайтып келе жатқан бетi екен» деген қауесеттер кеулеп кетедi. Стадионды кезiп жүрген әңгiменi қырағы көздер сол күнi Андроповқа мәлiмдейдi. Шындығында ол әңгiменiң ешқандай негiзi жоқ едi. Ұшақ апатқа ұшыраған күнi Брежнев Қырымда моңғол коммунистерiнiң көсемi Цеденбалды қабылдап, Қытаймен екi арадағы шегара мәселесi жөнiнде келiссөздер жүргiзiп жатқан-ды. Андроповты тiтiркендiрген басқа мәселе болды. Апат болған күнi Рашидов жасырын түрде өз каналдары арқылы Днепродзержинский аспанында болған екiншi ұшақтың кiмге тиесiлi екенiн зерттеуi Андроповтың мазасын кетiредi. Андропов Өзбекстан көсемi Рашидовпен алғашқы танысқан күннен бастап, оған деген жеккөрушiлiгiнен басқа ештеңе бiлдiрмедi. Рашидовтың Орталықтың ықтиярынсыз, болған оқиғаға өз бетiнше тексеру жүргiзуi онсыз да шатқаяқтап тұрған Саяси бюро iшiндегi жасырын түрде жүрiп жатқан жағдайды күрделендiрiп жiберетiн едi. Партияның бас штабындағы мәселе, шындығында сол тұста өте қиын болатын. Брежневтiң сырқатты жағдайы, Саяси бюро мүшелерiнiң арасында ашық әңгiме алаңына ұласып, оның еркiмен демалысқа кету қажеттiгiне иекпен емеурiн бiлдiрушiлер де бой көрсетiп қалады. Бас хатшының орнына кандидат ретiнде Кириленконың есiмi аталады. Сондықтан КГБ басшысы өзiнiң көңiлiнен табылмайтын Кириленконың орын алған апатты жағдайды алға тартып, мәселенi асқындырып жiбермеуiне, Брежневтiң денсаулығының сыр бергенiн қоғамда ашық әңгiмеге ұластырмауға мүдделi едi. Бұл жөнiнде оған Громыко, Устинов, Шербицкийлер қолдау бiлдiредi. Андропов ұшақ апаты жөнiндегi мәселенiң дәл қазiр Кириленкоға жетпеуiн, оның бұл iске тiкелей араласпауын, оқиғаның алдын-алу үшiн Рашидовпен жеке ұйғарым жасау қажеттiгiн алдына мақсат етiп қояды. Жалпы, оқиғаға тура қатысы бар тараптардың басшылары Рашидов пен Щербицкийдiң арасындағы 60 жылдары басталған қызмет сатысындағы бақталастық iштей үлкен дүрдараздыққа апарып соқтырған едi. Ол кезде Рашидов – Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы, ал Щербицкий – Украина Министрлер Кеңесiнiң төрағасы едi. 1961 жылы Хрущев олардың екеуiн де Орталық комитет Президиумының (кейiн Саяси бюро) мүшелiгiне кандидат ретiнде қабылдаттырады. Партиялық билiк баспалдағында екеуiнiң атқарып отырған қызметтерi тең болмаса да соңғы қатарда отырып, мемлекеттiк мәселелердi шешуде бiрдей дауысқа ие болуы, сол тұста Өзбекстан көсемiн бiр саусағын бүгiп қалуына алып барады. Рашидовтың сол жылдары бiрнеше романы, повесi жарық көрiп, олар КСРО халықтарының бiрнеше тiлдерiне аударылып жатқан кезi-тiн. Алайда олардың украин тiлiне аударылуы өте баяу, оның өзi үлкен күшпен жарық көредi. Себебi бiреу, Щербицкийге ұнамайды. Оның бәрiн Рашидов бiледi, әйтсе де олар елдiң көзiнше жасанды түрдегi әдемi кейiп танытады. Саясаттағы мұндай жасандылық қалыпты норма едi. Сол кездерi бiр-бiрiне емешесi үзiлiп тұрмаса да, Андропов пен Щелоков та жұрт көзiнше президиумда қатар отырып, қылмыстық iстермен күресудiң жолдарын бiрге қарастыруы партиялық қитұрқы саясат болатын. Әйтпесе олар өмiр бойы бiр-бiрiн аңдып өтпес едi ғой. 1971 жылы Рашидовтың «өкпесiн тескен» екi бiрдей оқиға болады. Осы жылы Мәскеу Өзбекстан көсемiн айналып өтiп, Щербицкий мен өзiнен кандидаттық стажы 5 жыл кем Қонаевты Саяси бюро мүшелiгiне қабылдап жiбередi. Келесi 1972 жылы Щербицкий Украина коммунистерiнiң жетекшiсi болып сайланады. Бұл – Рашидовқа қарсы жасалған алғашқы соққы едi. 1971 жылы соңғы жетi жыл бойы үзiлiссiз жоғары лигада ойнап келе жатқан «Пахтакор» командасының төменгi дивизионға түсiп қалуы және осы чемпионатта Киевтiң «Динамосы» чемпион атанып, күмiс жүлденi Ереванның «Араратының» жеңiп алуы Рашидовтың екi майданда да жеңiлiс тапқаны болып есептеледi. Сол жылы «Пахтакор» мен бiрге астаналық «Динамо» да төрешiлердiң кесiрiнен зардап шегедi. Мұны КГБ-дағы куратор көкелер ұмытпайды. Олар осыдан кейiн КСРО Футбол федерациясының өкiлдерiнен тұратын «Спартак» командасын өздерiнiң дүрбiсiне нысанаға алады. 1971 жылы күзде «Спартак» КСРО кубогының жеңiмпазы ретiнде Францияға барады. Әлем-жәлемге бөленген Франция Кеңес футболшыларын сол заматында сиқырлап алады. Мәскеудегi дүкен сөрелерiнде көрмеген заттарын олар осында табады. Әрбiр футболшы 10 килограмға дейiн үлпiлдек жүн (мохер) сатып алады. Францияда бiр орам жүн 1 франк тұрса, ол Мәскеуде 25 рубль тұратын. Кеңес адамдарының бұл қылығы социалистiк өмiр салтына жат әрекет деп танылып, спортшылар кеденде мұқият тексерiлiп, барлығы жауапқа тартылады. Қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң қолдан ұйымдастырған бұл операциясына «Мохер» деген коды бар атау берiлiп, оның нәтижесiнде ақ-қызылдар («Спартакты» осылай атайтын) командасының белдi төрт ойыншысы командадан қуылады. Сол жылы команда турнир кестесiнде 11-шi орынға түсiп қалады. 1972 жылы жоғары лигада «Заря» командасы пайда болады. Украина лидерiне ол сыйлық болып көрiнгенiмен, «Заря» Щербицкийдiң құлай берiлген командасы Киевтiң «Динамосының» алдын кеседi. Сол жылғы чемпионатта «Динамо» күмiс медальға ие болады. Мұнымен қоймай «Заря» Щербицкийдiң саяси имиджiне де соққы бередi. Өйткенi команданың сыртында Ворошиловград облысының бiрiншi хатшысы (республиканың бұрынғы басшысы Шелестiң адамы) Шевченко тұрған болатын. Оның бұл iс-қимылын кешiре алмаған Щербицкий 1973 жылы Ворошиловград облысына Украинаның барлық облыстарынан жиналған құрамында 33 прокурордан тұратын инспекция жiберiп, облысты ұңғыл-шұңғылына дейiн тексертедi. Iздеген табады. Комиссия айлап тексерiп, Шевченконың үстiнен компромат iздейдi. Нәтижесiнде оны қызметiнен аластайды. Әңгiме жата ма? Рашидов пен Щербицкийдiң арасындағы мылтықсыз майданның жүрiп жатқаны туралы ақпарат Брежневке де жетедi. 1975 жылы елдiң назарын аудару үшiн ешбiр мән-мағынасыз (даталы күндер болмаса да) Рашидов пен Щербицкийге Социалистiк Еңбек Ерi атақтары берiледi. Бiрақ екi лидерге жоғары марапат бiрге берiлмей бөлек-бөлек тапсырылады. 1973 жылы «Пахтакор» жоғары лигаға қайта оралып, сол жылы команда 12-шi орынды алады. Келесi жылы команда 8-шi орынға көтерiлiп, 1962 жылы алған 6-шы орынға сәл жетпей қалады. 1974 жылы ташкенттiк футболшылар киевтiк әрiптестерiн қонақта 1:0 есебiмен ұтса, өз алаңында 5:0 есебiмен ойсырата ұтады. 1975 жылы «Пахтакор» 23 ұпаймен турнир кестесiнде соңғы орынды иемденiп, бiрiншi топқа қайтадан түсiп қалады. 70-шi жылдары кеңес футболының тарихында қалтаңда мол қаржың, жоғарыда мықты байланысың болмаса, жеке еңбегiңмен бас жүлдеге ие болуың мүмкiн емес едi. Әйтпесе, «Пахтакор» командасы жоғары лигадағы кез-келген командадан кем емес болатын. Рашидовтың оған көзi жеттi. Мұнда бiр ғана ақиқат бар едi. Әлемдегi ең үлкен алып мемлекеттiң Саяси бюросына мәңгiлiк кандидаттың сүйiктi командасын бастауында славян ұлты тұратын мемлекеттiң чемпионы етпеу және оны кеңес үкiметiнiң атынан халықаралық алаңға еркiн шығармау болды. Бiрақ оны Орталық ашық жүргiзе алмады. Сондықтан 70-шi жылдардың соңында Ташкентте Азия және Африка елдерiнiң халықаралық кинофестивалiн өткiзiп, халықтың назарын басқа жаққа аударып жiберуге мәжбүр болады. 1975 жылғы чемпионат өте шулы өттi. Одессада жергiлiктi «Черноморец» пен «Локомотивтiң» ойынында алаңдағы бас төрешi алаң иелерiне жақтасып, 1:0 есебiмен ұтыс алып бергенi үшiн, қонақтардың бiр ойыншысы төрешiнiң кеудесiндегi төрешiлiк белгiсiн жұлып тастауы үлкен дауға ұласты. Осы жылы Өзбекстан мемлекетке 5 миллион тонна ақ алтын тапсырды. Осы еңбегi үшiн де Рашидовты Саяси бюро мүшесi етiп қабылдау керек едi. Бiрақ Кремль бұл жолы тағы да үнсiз қалады. 1977 жылғы футбол бiрiншiлiгi – футбол тарихында ең атышулы, айқай-тартысы көп жыл болды. Келiсiммен ойналған ойындардың бәрi тең ойындармен аяқталады. Өткен жылғы чемпион Киевтiң «Динамосы» 15 тең ойын өткiзсе, күмiс жүлдегер Тбилисидiң «Динамосы» және қола жүлдегер «Торпеда» командаларының есебiнде 13, ЦСКА мен Мәскеудiң «Динамосында» 17 тең ойын тiркеледi. Келiсiмдi ойындар жөнiндегi мәселе тiптi Саяси бюроның мәжiлiсiнде де әңгiме болып көтерiледi. Бас хатшы Брежневтiң алаңдағы ойындарға көңiлi толмауынан кейiн Футбол басқармасы чемпионат аяқталысымен «Футболдағы кейбiр зиянды көрiнiстер туралы» арнайы қаулы қабылдап, онда КСРО чемпионатындағы спорт ойындарында этика принциптерiне қарсы келетiн және қасақана қолдан ұйымдастырылатын жарыстардың тәрбиеге керi әсерi тигiзiлетiнi айтылып, оны алдағы уақытта болдырмаудың жолы қарастырылады. Осыдан кейiн алғашқы 8 тең ойынға 1 ұпайдан, кейiнгiлерiне ұпай бермеу жөнiнде шешiм қабылданады. Келiсiммен ойналған ойындар қатаң жазаланып, оларды есепке алмау жөнiнде ұйғарым жасалады. 1978 жылы «Пахтакор» мен «Спартак» қайтадан жоғары топтан орын алады. Бұл жылы «Пахтакор» 11-шi, «Спартак» 5-шi орынға ие болады. Бәрiнен бұрын соңғы турда «Пахтакор» командасының Киевтiң «Динамосымен» ойнап, тең түсуi Рашидов үшiн үлкен жеңiс болады. Өзбекстан лидерi украиндық әрiптесiнiң ту сыртынан осылайша жұдырық түйедi. 1979 жылғы чемпионат «Пахтакор» үшiн өте жемiстi жыл болады. Өзбекстан футболшылары өз алаңында Киевтiң «Динамосын» 1:0 есебiмен ұтса, Ворошиловградтың «Зарясын» 3:1 есебiмен ұтып, бұрын жiберген еселерiн қайтарады. Алда 13-тамызда «Пахтакор» Минскiде жергiлiктi «Динамо» командасымен жауапты ойынға сапарға шыққаны сол едi… Сол күнi жасыл алаңға шығуға тиiс «Пахтакор» командасының ойыншыларын тағы да еске ала кетсек. Ұшақ бортында 14 ойыншы: Михаил Ан, Владимир Федоров, Алым Аширов, Сергей Покатилов, Равиль Агишев, Николай Куликов, Александр Корченов, Юрий Загуменных, Владимир Макаров, Константин Баканов, Виктор Чуркин, Шухрат Ишбутаев, Владимир Сабиров, Сирожиддин Базаров және екiншi жаттықтырушы Идгай Тазетдинов, дәрiгер Владимир Чумаков, әкiмшi Мансур Талибжановтар болыпты. Жалпы, ұшақта 44 жолаушы, оның iшiнде 17-сi «Пахтакорлықтар» болған көрiнедi. Аға жаттықтырушы Олег Базильевич әйелiмен ренжiсiп қалып, Минскiге бiрер күн бұрын ұшып барып, аман қалыпты. «Пахтакор» командасы апатқа ұшырардың алдында бiр жыл бұрын Венгрияның командасымен жолдастық кездесуге барар жолда әуе шұңқырына түсiп кетiп, азапты жағдайда одан аман қалған көрiнедi. Мұның өзi оларға алдын-ала жасалған ескерту болған сияқты. Сол күнi ұшу басқару алаңына Харьков диспетчерлерi жетекшiлiк жасаған. Ұшу дәлiзiнде қалыпты жағдайда күн сайын 10 ұшақ ұшатын болса, дәл апат болатын күнi 12 ұшақ ұшырылыпты. Диспетчерлердiң әуе кемелерiнiң ұшу арақашықтығын дұрыс есептемегендiгiнен апатты жағдай орын алған. Диспетчерлер кейiн түрлi жазаларға кесiлген. Андроповтың өтiнiшiмен сол күнi Кириленко Өзбекстан лидерiмен өзi жеке түсiнiк жұмыстарын жүргiзген. Болған оқиғаны халық арасында дабыра қылмай, баспасөз құралдарында талқыламай үнсiз қалыпта өткiзудi тапсырған. Тапсырма орындалған жағдайда өтемiне Саяси бюроға мүшелiк мәселесi шешiлетiнiне уәде де берген. «Пахтакор» командасымен қоштасу 17-тамызда болған. Бiрде-бiр газет ол туралы жазбаған, яғни жаздырмаған. Ал осының алдында 10-тамызда Украинаның «Молодогвардейский» шахтасында болған апат салдарынан болған қайғылы оқиғаны бүкiл орталық баспасөз құралдары жарыса жазған. Футболшылардың ең жасы – Агишев 20 жаста болса, ең үлкенi Макаров – 31 жасты ендi толтырыпты. Қаза тапқандардың отбасына 1000 рубльден көмек берiлiп, балаларына ай сайын 120 рубль жәрдемақы берiлетiн болып шешiлген. 1980 жылы Рашидовқа Ленин сыйлығы берiлiп, Саяси бюроға мүшелiгi тағы да ашық күйiнде қалған. 1982 жылы оның мүшелiк жөнiндегi мәселесi ендi шешiледi дегенде Ташкенттегi ұшақ зауытында Бас хатшының үстiне байқаусызда металл конструкциясының құлауы мәселенi тағы да кейiнге шегiндiрген. Отыз жыл бойы айтылмай келген ақиқаттың бiр ұшығы осында жатыр.
Ермек ЗӘҢГIРОВ. http://ushqiyan.kz
Біздің серіктес: FONBET