Жарнама
Жарнама

Ойынның ойшылы

06.01.2012, 06:14
Жарнама
Жарнама

Мен өз басым Кеңес үкіметін көрген емеспін. Біз Тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтарымыз. Дей тұрғанмен, аға буын өкілдерінің сол кезеңнің спорттағы тамаша жетістіктерін айтып жүргенін естідік. Одақтың құрамасы Олимпиада мен Әлем біріншіліктерінде қалай өнер көрсеткенін сол заманның адамдары осы күні жатқа соғып айтады. Сол аңыз әңгімелердің ішінде менің көкейімде атақты бапкер Валерий Лобановский жайлы көп естеліктер қалды. 

Теледидардан бір-екі рет көргенім болмаса бұл кісі жайлы нақты ақпарат білмейтінмін. Кейін ер жете келе олқылықтың орнын толтырдым. «Бесконечный матч» деген кітабында футболдағы ұлы ұстаз өзінің осы ойынды түбегейлі өзгертіп, даму жолына түсірген ойларымен бөліскен. 6-қаңтар, 1939-жылы дүние есігін ашқан Валерий Василиұлы биыл 73 жасқа толар еді. Осы орайды пайдалана отырып мен аталған кітапта келтірілген бір ойды оқырман назарына ұсынғанды жөн санадым.

Күнделіктен үзінді

Команда жеңіліп қалғаннан кейін, ең қиыны сабырлы болып қалу. Барлығына ақыл-оймен қарап, нақты бағасын беру оңай шаруа емес. Команда жеңген кезде де алаңдағы іс-әрекеттердің көп жағдайында қателік кеткенін көре тұра дұрыстап жеткізу қиын.

Команда ойынының белгілі бір кезеңінде құрдымға кетіп, жеңілістен көз ашпаудың көбінесе күтпеген жағдай, сәтсіздік деп бағалай салу бар. Шын мәнісінде кез-келген дүниенің артында себеп тұрады. Жақсылап, анықтап қараған болсаңыз сол жеңілістердің себептері анық, айқын көрінеді. Және сол анық себептерді біліп, соған байланысты шешімдер қабылдаған дұрыс. Сонда ғана жағдайды түзеуге болар.

«Динамо» командасының 1984-жылы өте төмен нәтиже көрсеткенін мен тәжірибелі ойыншылардың жарақатымен байланыстырдым. Соның салдарынан командада буын алмасу үрдісінің ерте басталғанын тілге тиек еттім. Осы кезде көп журналистер тәжірибелі ойыншылардың жарақатына бар жүкті асыра салуға болмайды деп жазды. Көкейге қонымсыз, жақын қабылдап оқитындай ешқандай мақала көрмедім. Бапкерліктің дәмін сезген адам сол жазылған мақалалардың ешбірін ақылға қонымды дей алмас.

Футболда барлығы көзге көрініп тұрады. Жасырын тұрған ештеңе жоқ. Барлығын анық көруге болады. Алаңға кейде шығып жүрген 2-3 ойыншы шықпай қалса, ойынның көрінісі, жалпы жүру процесіне ахау келеді. Осыдан кейін команда ойыны ойлағаныңнан алшақ кетеді.

Маусым аяқталысымен біздің тарапымызға сын айтушылар көбейді. «Командада жеңіске деген құштарлық жоқ», «жігерсіздік танытты», «соңына дейін күрескілері келмеді», «тактикалық қателіктер жасады» дегендей сөздер өрбіді. Мен бұл сынмен келіспеймін. Бұл – орынсыз сын. Және әділдікке жатпайды. Мысалы, біріншіліктің екінші айналымында біздің команданың негізгі құрамында амал жоқтан жастар көп ойнады. Сол құрамның жартысынан көбі жастар болғандықтан, олардың бірінші рет алаңға шығып, үлкен футболға енді аяқ басып жатқанын ешкім де есепке алмағаны қалай?!

Сондықтан да, команда ойынының күрт өзгеріп нашарлауының себебіне жастардың тәжірибесіздігін келтірер едім. Олар алаңда көп қобалжиды. Қателік жіберемін деп, допты жоғалтып аламын деп, ойынды бүлдіремін деп көп сасқалақтайды. Бессонов, Журавлев, Заваров, секілді белді ойыншылар көп уақыт жарақат алып жатты. Ал одан бөлек, тәжірибелі деген – Лозинский, Хлус секілді ойыншылар жастармен қосылғаннан кейін өздерінің ойын деңгейлерін төмендетіп жіберді.

«Динамо» командасының негізгі тактикасы біреу ғана. Ол - жеңістің кілтін қарсылас қақпасының алдынан іздеу.

Ойын алдында аяқдопшыларға тактикалық ұстанымды айту бір бөлек және оны алаңда орындау бір бөлек екені даусыз дүние. Десе де, барлық кінәні ойыншыларға арта салудан аулақпын. Бапкерлік тараптан да қателік кетті.

Біріншіден, барлық команда ойыншылары бірдей қамтамасыз етілді. Демек, негізгі құрамға ілігу бәсекелестігі төмен деңгейде деген сөз. Екіншіден, жастар мәселесі. «Динамо» командасының жастар командасы өз біріншілігінде мықтылар қатарында. Бұл соңғы жылдары үздіксіз қайталанып келе жатқан нәтиже. Әрине, жастардың жүлдегерлер қатарында болуы көз қуантады. Дегенмен, басты мақсат онда емес. Жалпы команда керемет үйлесіммен ұжымдық ойын көрсеткенімен, одан негізгі командаға келіп-кетер пайда аз. Қосалқы құрам ойыншылары ешбір жағдайда толықтай негізгі командаға алынбайды. Сондықтан, жастар командасын емес, бастысы, негізгі командаға лайықты ойыншы дайындау. Оның жеке шеберлігі мен өзге де қырларын күшейту. Себебі, жастар командасынан біз негізгі командаға маусым барысында бар-жоғы 2-3 ойыншы ғана аламыз.

Валерий Лобановскийдің бұл жазбасынан көп нәрсе ұғынуға болады. Жастар даярлау мәселесі біздің елде де ақсап тұрғаны белгілі. Ұлттық құрамада ойнайтын бірнеше жасты тәрбиелеу керек. Олардың жеке шеберлігін арттыру мәселесіне ерекше назармен ден қою орынды болар. Бір айта кетерлігі 1984 жылы төмен нәтиже көрсеткен жастар араға 2 жыл салып кубок иегерлерінің кубогын жеңіп алды. Буын алмасу мәселесінде тәуекелге барған Лобановскидің еңбегі көп күттірмей өз жемісін берді.

Сондай-ақ Валерий Лобановскийдің жастар мәселесіне байланысты айтқан пікірлерінің арасынан олардың бір командада үздіксіз шығып тұруына байланысты пікірін кездестірдік.

1978 жылы чемпиондық аттаққа жеткен «Глазго Рэйнджерс» Шотландия футболын Еуропада кеңінен таныстырып жүрген ұжымдардың бірі еді. Осыдан кейін ойыны нашарлап жүрген «Глазгоға» жаңа басшы келді. АҚШ пен Канадада жеке кәсіпкерлігімен жолы болған миллионер көп қаржы салып, командаға ел чемпиондығы мен чемпиондар кубогын жеңу деген мақсат қояды. Осыған дейін ағылшындық клубтар Шотландиядан шыққан жастарды өз командаларына алатын. «Рэйнджерс» сапында өнер көрсеткен талай талантты жас футболшылар ағылшын премьер-лигасында танылып, Шотландия ұлттық құрамасын алға сүйреген. Енді осыдан кейін «Глазго» өз жастарын шығарудан гөрі Англияда ойнап жүрген тәжірибелі аяқдопшыларды алды. Мысалы, Англия ұлттық құрама командасында ойнап жүрген қорғаушы Батчер мен екінші қақпашы Вудс, «Уотфордтың» мықты деген 2 шабуылшысы Фалько мен Фрэнсис «Рэйнджерс» жейдесін киді. Жаңадан келген ойыншылар команда ойынына тың серпіліс әкелді. Олар өз алаңында кез-келген қарсыласты тұқыртып, әрбір ұпайға таласатындай деңгейге жетті. Тіпті, тікелей бәсекелесі «Селтикті» еш қорықпастан ұта бастады. Егер де, «Рэйнджерс" чемпиондар кубогын жеңгенде келер жылы-ақ өз атағын қорғай алмас еді. Себебі, команда ойыншылары біраз жасқа келіп қалған аяқдопшылардан құралды. Үнемі бір қалыптан танбай ойнау олардың қолынан келмейді. Осындай сәтті кезеңдер ұзақ созбай командадан алыстай берді. Жыл сайын бөлінетін қаржы да біртіндеп тоқтады. Себебі, команданың жұмысын білікті адам басқармады. Буын алмасу деген дүние мүлде болмады.

Р.S

Осы күні қамал алар жасқа келген аладопқа қызығатын ағаларымыз «әлем футболының әкесі» атанған Лобановскийді өз орындығында арлы-берлі тербеліп отырған күйінде көзге елестеді. Футбол ойынының ойшылы сол тербелген күйі көпшіліктің есінде. Жүрек тоқтағанымен, оның ойлары мен футболда жасаған өзгерістері жер бетінде адамзат өмір сүрген заманда мәңгі қозғалыста тербеліп тұра бермек.    

Ермұхамед МӘУЛЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров