"Манчестер Юнайтедтің" аты аңызға айналған жартылай қорғаушысы Пол Скоулз клуб тарихындағы ең сәтсіз трансферді атады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Оның пікірінше, бұл атаққа қақпашы Марк Боснич әбден лайық.
Пол Скоулз "The Overlap" подкастында клубтың сәтсіз сатып алулары туралы сөз қозғап, Марк Босничтің трансферін қатты сынады. Боснич 1999 жылы аңызға айналған Петер Шмейхельдің орнын басу үшін келген болатын, бірақ Олд Траффордта небәрі 19 ай ғана тұрақтады.
Скоулз Босничтің жаттығуға деген көзқарасы мен физикалық дайындығы жайлы:
"Соққыларды қайтару жаттығуында 15-20 соққыдан кейін емес, небәрі 3 соққыдан соң-ақ ол шаршап қалатын. "Болды, басқа біреуді тұрғызыңдар” дейтін. Бұл ақылға сыйымсыз еді."
Оның айтуынша, қақпашы тіпті допты алаңның ортасына дейін теуіп жеткізе алмаған.
"Оның аяқ киімінің өлшемі өте үлкен болатын (47-өлшем), доптың орнына жерді теуіп ала беретін. Оның кәсібилік деңгейінің төмендігі бізді қатты түңілдірді.”
Клубтың бұрынғы бапкері сэр Алекс Фергюсон да өзінің автобиографиясында Боснич туралы жақсы пікір қалдырмаған. Ол бұл трансферді "сәтсіз бизнес" деп атаған.
Фергюсон негізінде Эдвин ван дер Сарды алғысы келгенін, бірақ клуб басшылығы Босничпен келісіп қойғандықтан, амалсыз соны қабылдағанын жазады.
"Ол жаттығуда мені ешқашан таңғалдырған емес." — деп атап өткен еді аты аңызға айналған бапкер.
Босничтің жауабы: "Бұл — өтірік"
Марк Боснич бұл айыптаулармен келіспейді. Оның айтуынша, Фергюсонның сөздері өтірік. Дегенмен, Боснич Фергюсонның ұлы бапкер екенін жоққа шығармайды.
Көптеген жанкүйерлер Хуан Себастьян Веронды "МЮ"-дің ең сәтсіз трансфері деп санайды. Алайда Скоулз мұнымен келіспейді:
"Верон — ұлы ойыншы, нағыз талант. Оның бізде неге ашылмағанын білмеймін, бірақ ол басқа жерлерде өте жоғары деңгейде болды. Ал Босничтің жағдайы мүлдем басқа."
Марк Боснич Англияда “Қызыл-Сойқандардан” бөлек “Астон Вилла”, “Челси” командаларында да доп тепті және Аустралия құрамасының қақпасын жеті жыл бойы күзетіп, бір гол соққаны да бар.
Біздің серіктес: FONBET