Жарнама
Жарнама

Олар енді Астанаға барады

20.05.2011, 17:42
Жарнама
Жарнама
“ҚазТрансГаз” АҚ шағын футболдан оқушылар арасында турнир өткізді

Қолы бос, істерге шаруасы жоқ балалар жаман әдеттерге үйірсек келеді. Іс насырға шапқанда ғана “қап-ай” деп сан соғатын сәттер аз емес. Балаға бос уақы­тын пайдалы, шымыр болып өсу үшін спорт алаңдары керек. Мұндайда бәрін мемлекеттің мойнына салып, бір шетте тымпиып отыруға болмайды. Елім, жерім дейтін азаматтар артылған қаржысының бір бөлігін спорт алаңдарын салуға пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді. “ҚазТрасГаз” АҚ осы игілікті шараны бастап кетті. Былтыр Шымкентте мектептер жанынан 3 жазғы спорт алаңын салып берген мұнай-газ басшылары биыл да қаладағы №50 мектептің қасынан біреуін қосты. Шетелде мұндай жазғы алаңшаларды биік үйлердің жанынан көп көресіз. Шағын футболға арналған жасанды шөп жабындысы, көреремендер отыратын орындықтары бар алаңда футболдан бөлек баскетбол, волейбол да ойнай беруге болады. Жан-жағында прожектор шамдары бар, түнде де қызметіңізге әзір. “Қаз­ТрансГаз” АҚ жазғы алаң салып бердім, енді не істеймін десең өздерің білесіңдер демепті, биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мерекесіне орай елімізде 2001 жылы туылған балалар арасында шағын футболдан республикалық жарыс өткізуге мұрындық болған. “ҚазТрансГаз” АҚ қоғамдық байланыс департаментінің бастығы Бауыржан Бөрібек сұхбатында осындай алаңдарды көрші облыстарда да салуды жалғастырып жатқандықтарын айтқан. Жалпы, еліміздің мұнай-газ саласына иелік етіп отырған “ҚазМұнайГаз” компаниясы Қазақстан бойынша 60 жазғы спорт алаңын салуды жоспарласа, соның 12-ін іске қосу “Қаз-ТрансГаз” АҚ-ға тиесілі. Бүгінде 2001 жылы дүниеге келген балалардың арасындағы шағын футболдан өткізіліп жатқан турнирді әр аймақ бойынша “ҚазМұнайГаздың” еншілес кәсіпорындары өткізіп жатыр. Әр облыста үздік шыққан екі команда, бұныңыз он-оннан 20 бала және 5 жаттықтырушы Астанада өтетін Үлкен кубокті сарапқа салуға қатысады. Әр аймақ бойынша. Оңтүстік өңірге жауапты болған “ҚазТрансГаз” АҚ жиырма оқушы мен бес жаттықтырушының Астанаға бару шығындарын түгелдей өз мойындарына алады. Шымкентте осы іріктеу жарысына 18 команда қатысты. Әділдік үшін арнайы мамандандырылған футбол мектептерінің оқушылары қатыстырылған жоқ. Сондықтан да, ойын ширығып басталды. Жарыстың екінші күнінде 18 командадан жүлделі орындарды бөлісу үшін 3 команда қалған. Ойын №50 мектептің жаңадан салынған алаңшасында өтті. “Өз алаңыңда қабырға да көмектеседі” деген қанатты сөз шеберлікке жүрмейді екен. Мектеп оқушылары мен ұстаздары жақ болып тұрса да осы мектептің футболшылары №64 мектеп оқушыларының асуынан өте алмады. 3-0 есебімен жеңілді. Сәл тынығып алғаннан кейін Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектептің оқушыларына қарсы шыққан. Бармақтай балалар ересектер қызығатындай ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы таймның өзінде №50 мектеп қақпасына жауапсыз 4 доп салынды. Команда капитаны Никита жойқын шабуылшы екен. Айып добының бәрін сол тебеді. Стандарттан ұрып гол кіргізіп жіберді. Командада жақсы ойын өрнегі бар. Бір-бірін емеуріннен түсінеді, доп алып бара жатқан ойыншының пас беретін жерінен табыла кетеді. Екі жақтың жаттықтырушылары екі қапталда жанығып жүр. Құдды, 10 жасар балғындардың арасында әлем чемпионаты өтіп жатқандай. Есеп 4-1. Үшінші орын белгілі болды. Командалар біраз тыныстап алғаннан кейін алаңға қайта шықты. Жүлде – Үлкен кубок және бірінші орын демесеңіз, Астанаға осы екі команда да барады. №39 мектеп оқушылары баяғы ойын өрнегіне салар дегенбіз. Бұл біздің ішкі ойымыз ғана екен. Кезінде жолбарыстай жылдам, арыстандай қайратты Диего Марадонаны ортаңқол командасына шақырғанда “жалғыз жұлдыз не бітіреді, клуб сол орнында қалады” дегендер болған. Жалғыз ағаштың жан қысылғанда орман да бола алатынын сол Марадона көрсетіп, командасын ел чемпионатында бас бәйгеге іліктіріп еді. №64 мектептің орталық шебіндегі ойыншы, бойы да қарсыластарына қарағанда ұзындау Нұрбек ойын өрнегін мүлде өзгертіп жіберді. Ойлы ойынға қарсы тегеурін қосты. Дербиде қарсыласының адымын ашырмайды. Бірінші тайм 0-0 болып бейбіт тарқасқанымен №64 мектептің оқушылары тегеурінді шабуылды күшейтіп жіберді. Қарсыластары сасқалақтап, білгенінен жаңылды. Қателесулері көбейді. Осы сәтті құрдастары жақсы пайдаланды. Апай-топай екі гол соғып алды. Осы есепті ойын соңына дейін ұстаған. Сонымен бірінші орынды №64, екінші орынды №39, үшінші орынды №50 мектептің оқушылары бөлісті. Жарыс соңынан үздік қақпашы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы және үздік ойыншы марапатталды. “ҚазТрансГаз” АҚ-ның департамент басшысы Бауыржан Бөрібек осы турнирді ұйымдастыруға Шымкент әкімдігі, облыстық және қалалық оқу басқармаларының атсалысқанын айтқан. Біз облыстық білім басқармасының бастығы Мырзабек Туғанбаевты әңгімеге тарттық. – Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты атап өту әрқайсымыздың парызымыз, – дейді облыстың бас мұғалімі. – Аттың жалы, түйенің қомында өскен, ер азаматтары жалаң қылышымен елдің азаттығын қорғаған, бодандықтың қамытынан құтылуды аңсаған жылдардан осындай тамаша заманға өттік. Бұл – Елбасымыздың сындарлы саясатының, мемлекетіміздің өркендегенінің жемісі. Оқу-тәрбие жұмыстарында осыны аңғартуға күш салып жатырмыз. Отанын сүйген әрбір азамат менің еліме сіңіретін үлесім қандай деген уақытта тұрмыз. Осы ретте “ҚазТрансГаз” жігіттерінің елге сіңіріп жатқан жұмыстары сүйсінтеді. Бүгінгі 10 жасар балалар арасындағы турнир соның бір көрінісі ғана. Мектеп оқушылары өзіне керегіне қол жеткізуі керек. Спорт ойындары олардың күш-қуатын еселеп қана қоймай, сабағын жақсы оқуына, тәртіпті, тәрбиелі болып өсулеріне өз үлесін қосады. Бүгінде турнир қала мектептерінде ғана өтіп жатыр. Негізінде, біз ауыл, аудан балалары арасында да осындай жарыс өткізуді қолға алып жатырмыз. Жарыс аяқталды. Енді 24 мамыр күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер жаттықтырушыларымен бірге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастыратын Үлкен кубокті сарапқа салу үшін Астанаға жолға шығады. – “ҚазТрансГаздағы” ағаларға рахмет, – дейді 10 жасар футболшы Нұрдәулет Қуанышбаев. – Жақсы жарыс өткізіп берді. Бәрімізге спорттық киімдер кигізді, сыйлықтар берді. Ал, ойын керемет өтті. Біз жеңдік. Астанада да жеңіске жетсек тамаша болар еді. Жеңілуді ойлап бара жатқан жоқпыз. Көреміз ғой. Футбол – ең көрермені көп ойын. Бүгінде әлемнің көз құрты болған Месси, Рональду, Кака, Озил сияқты ойыншылар осындай балғын футболшылар арасынан шықты ғой. Бұл балаларда енді өз футбол алаңдары бар. Ондай болмақ қайда деуге болмайды.

Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров