Жарнама
Жарнама

Оларсыз дода-асабасыз той секілді

22.05.2014, 20:55
Жарнама
Жарнама
Әлемде, әлем біріншілігін кейбір командаларсыз елестету мүмкін емес. Ол тізімде ойып тұрып орын алатын командалардың бірі, тіпті бірегейі -Бразилия! Білесіз бе,  адамзат баласы Бразилия ойнамаған әлем біріншілігін ешқашан көрмеген. Тарих қойнауына кеткен 19 әлемдік дүбірлі доданың бәріне  қатысқан. Ешбір команда бұндай жетістікпен мақтана алмайды. Санаулы күндерден кейін басталатын чемпионатқа да бразилиялықтар қожайын ретінде қатыспақ. Ал, біз өткен 19 чемпионатта, ресми болмаса да, футбол отаны болып саналатын мемлекеттің, қалай өнер көрсеткеніне шолу жасап көрмекпіз. Бразилия-ең көп медаль еншілеген футбол державаларының бірі. 5 алтын, 2 күміс, 2 қола. Бұл жетістіктерімен қоса, Бразилия көптеген футболдың мега-жұлдыздарын өмірге әкелді. Оның бірі, әрине, футбол королі-Пеле! "Пентакампеон" деген лақап ат қайдан шықты? Оңтүстік америкалықтар ең бірінші рет алтынды, Швецияда өтетін әлем біріншілігінде еншілейді. Бұл айтулы оқиға. Біріншіден, әрине, Бразилия үшін ғаламшардағы бірінші жеңістері. Екіншіден, Еуропа жерінде бірінші рет әлемнің алтын алқасын еуропалықтар емес, өзге материктен келген команда тақты. Үшіншіден, өзге елдер Бразилияны алдын-ала фаворит көрсе де, өз елі сенбеген команда еді. Команда "D" тобына түсті. Қарсыластары-Англия, Австрия және Кеңес Одағы. Жоғарыда айтылғандай өз еліңде отандастары командасына үміт артпаған болатын. 8 жыл бұрыңғы масқара бәрінің есіңде. Ол кезде Бразилия өз жеріңде басты қарсыластары Уругвайға  есе жіберген еді. Керісінше, бәрі қарқыны мықты кеңес ойыншыларының жеңісіне сенгентұғын. Тіпті, бас бапкер Висенте Феоланың өзі, Стокгольмның әуежайына келгенде солай мәлімдегені бар. Алғашқы ойында австриялықтардаң 2-0 есебімен басым түссе де, ойыны мамандар көңілінен шықпайды. Екінші ойында, бірде-бір гол соғылмай,  ағылшындармен тең түседі. Жауапты сәт 3-ші тур, кеңес ойыншыларына қарсы кездесу еді. Міне, осы ойында бразилиялықтар нағыз күшін көрсетті. Кеңес үкіметінен толықтай басым түсіп, 2-0 есебімен жеңіске жетеді. Сөйтіп, 3 ойында 4 гол соғып, 3 ойында да қақпасын голдан аман сақтап, ширек финалға жолдама алады. Айта кетерлік жайт, болашақта өз ойынымен бүкіл әлемді тамсандырып, таңдай қақтыратын, 17 жасар футбол королі Пеленің әлем чемпионаттағы алғашқы минуттарының тұсауы да дәл осы ойында  кесіледі. Ширек финалда ұлыбританиялық дербиде, қиын матчта Уэльстан 1-0 есебімен басым түседі. Жалғыз голдың авторы-Пеле. Жартылай финалда, сол кездері кәрі құрлықтың сұсты ұжымы, сапында Раймон Копа, Жюст Фонтэн секілді, атынан қорғаушылар дірілдер шабуылшылары бар, Франция ұлттық құрамасымен кездеседі. Бірақ, Бразилия бұларды елемейді де. Құдды, жаттықтыру алаңында жүрген секілді жасыл алаңда ойына келгендерін істеп, 5-2 есебімен ойсыратады. Шешуші кездесуде, чемпионат қожайындары шведтермен жолы түйіседі. Өз еліңде, өз жерінде масқара болмай, тым болмағанда финалға жету үшін, бар күшін сарп еткен Скандинавия түбегінің өкілдері бразилиялықтарға қарсы тұра алмайды. Бұл ойында да есеп 5-2! Сөйтіп, Бразилия тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанады. Ал, чемпионаттың ең үздік ойыншысы-Гарринча. 4 жылдан кейін, Чилиде өткен әлем біріншілігінде Швециядағы секілді емес, енді бәрі сескенеді. Сол чемпион атанған "алтын құрам". Ойыншылары тәжірбиемен қоса, бойларына сенімділікті де ұялатқан. Топтық кезеңде Мексика, Испания және Чехословакия командаларына қарсы ойнайды. 1-ші кездесу Мексикамен өтеді, 2-0! Бірақ, өкініштісі бұл жеңісті ойын, Пеленің бұл чемпионаттағы жасыл алаңда 90 минутты толықтай өткізген алғашқы да соңғы ойыны екен. Себебі, Чехословакияға қарсы ойынның барысында Пеле жарақат алады. Ол кезде ойыншы алмастыру деген ереже жоқ. Амалсыздан аяғына дейін, алаңда еріксіз жүгіруге тура келеді. Әрине, әріптестері оған пас бермейді, тірі мүсін рөлін атқарады. Қарсылас ойыншыларының назарын аудару басты міндеті болды. Бұл жерде, чех ойыншыларының да адамгершілік қасиетін айта кету керек. Жарақатын асқындырмас үшін, ойын барысында ешқандай дөрекілік танытпайды. Ал, матчтың өзі 0-0 есебімен аяқталады. Топтық кезеңнің 3-ші турында испандықтарды жеңеді. Бразилия соққан 2 голдың да авторы, Пелені алмастырған Амарилдо. Ширек финалда ағылшындарды жарыс жолынан шығарса, жартылай финалда бүкіл стадион қолдау көрсеткен қожайындарды, яғни Чилиден басым түседі. Финалда, шешуші ойында топтық турнирде тең түскен чехословактармен жолығып, бұл жолығып 3-1 мен еуропалықтарды жеңеді. Сонымен, Бразилия, Уругвай мен Италия сияқты екі дүркін әлем чемпионы атағын иемденеді. Және же Скуадра Адзурра секілді қатарынан екі рет чемпион атанады. Келесі алтынды Бразилия 8 жыл күтеді. Әрине, 8 жылдан бері алтынға үйренген бразилиялықтар үшін, алтынсыз 8 жыл қасірет болатын. Дегенмен де, 1970 жыл Бразилия футболы үшін айы оңынан туған жыл еді. Команда турнирдегі бүкіл 6 ойында да қарсыластарынан басым түсіп(оның ішінде Уругвай да, Италия да бар)  үшінші рет әлем чемпионы атанады. 1994-ші жылы Америка Құрама Штаттарында 4-ші жеңісін тойлайды. Финалда 24 жыл бұрын, Мексиканың финалында кездескен қарсыласпен жолы түйіседі. Италия. Іш пыстырарлық ойында, негізгі уақытта бірде-бір гол соғылмай, бразилиялықтар атақты Роберто Баджо бастаған жігіттерден айласын асырады. Бұл біріншілікте Бразилия сапында Ромарио, Бебето, Раи секілді жарқын жұлдыздар жарқылдаған болатын. 12 жыл бұрын Корея мен Жапония алаңдарында әлем чемпионатының алтынын тағу бұйырады. Топтық кезеңде де, плей-оффта да жеңілмей, финалда Оливьер Кан, Михаил Баллак, әліге дейін жасыл алаңда шабуылшалық қасиеттерімен таңғалдырып жүрген Клозе секілді жұлдыздары бар, Германияға жауапсыз екі гол тоғытып, содан бері "пентакампеон" деген лақап атқа ие болады. Финалдағы екі голдың да авторы-Роналдо. Роналдоның бұл ең сәтті маусымы еді, сол чемпионаттың үздік ойыншысы болып танылады. Онымен қоса, әлемге Кака мен Роналдиньо сияқты жұлдыздарды да сыйлайды. "Ұлт қасіреті" мен "Париждегі дәрменсіздік" Бразилия еншісінде 2 күміс те бар. Олар да финалдағы жеңілістің ащы дәмін татып көрген. Біріншісі, өз еліңдегі 1950-ші жылғы "масқара чемпионат". Дәл Маракана стадионында бүкіл бразилия халқы, "жер жарылмады, мен кірмедімнің" кебін киді. Чемпионат барысында кезіккеннің бәрін жермен тегістеген Бразилия, финалда Уругваймен кездеседі. Елде бәрі-бәрі Шико, Зизиньо, Флавио Коста секілді сол кездің өзіңде атақтары жер жарған футболшылардың кубокты аларына шүбәланбаған болатын. Аузы-мұрнына дейін лық толған Маракана. Бүкіл саясаткерлер де осында. Тіпті, тойдың  сценарийі де жазылып қойған... Бәрі сәтті басталады. Толықтай басымдылық. Үздкісіз шабуылдар. Бірінші тайм да гол соғылмағанмен де, екінші таймда бразилиялықтар бәрін өз орнына қоятындай көрінген.  Үзілістен шыға салысымен гол. Фриаса есеп ашады. Жанкүйерлердің қуанышы.  Тіпті, кубокты табыстайтын, сол кездегі ФИФА-ның президенті Жюль Риме де, бразилиялық ойыншыларға қандай құттықтау сөз айтарын ойланып, португалиялық тілде күбірлеп тұр.. Матч бойы қорғаныстан басқаны ойламаған Уругвай, шабуылшысы Скьяффино арқасында есеп теңестіреді. Ізін суытпай алға шығады. 1-2! Қалған уақытта Бразилия қанша тырысқанымен ойын осылай аяқталады. Уругвай жеңіспен қоса, кубокті де жұлып әкетеді. Тарихта бұл күн-Бразилия тарихындағы ең қасіретті күндердің бірі болып жазылған. Өз жеріңдегі намысын аяққа тапталған масқаралық-қасірет емей не? Екінші күміс-1998 жылғы Франциядағы әлем чемпионаты. Финалға жетуін жетсе де,  жету барысындағы ойыны да, жеңістері де сенімді емес еді. Ал, финалдағы Францияға қарсы ойында мүлде дәрменсіз танытады. Қорытындысы 0-3! Екі қола  Екі қоланың бірін сонау 1938 еншілейді. Жартылай өткен чемпионаттың чемпионы, және 3 күннен кейін сол атағын қорғар Итарлияға жеңіліп, үшінші орынға болған таласта шведтерден басым түседі. Ал, 40 жылдан кейін, 1978 жылы қола үшін ойында Италияны 2-1 есебімен тізе бүктіреді. Жүлдесіз Бразилия тоғыз чемпионатта жүлделі болса, он чемпионатта жүлдеден құр қалған. Бәрі де, әртүрлі жеңілістер. Ең сәтсізі деп 1966 жылы Англиядағы чемпионатты атайды. Тарихында бірінші және соңғы рет команда топта 3-ші орын алып, келесі кезеңге жолдамасыз қалады. Ең өкінішті жеңіліс 1982 жылғы Испаниядағы чемпионат. Мықты ойыншылардан жасақталған құрама, чемпиондықтан басқаны ойламайтын команда аяқ астынан Италияға 2-3 есебімен есе жіберіп, тіпті, жартылай финалсыз қалады. Ал, мерекелі 20-сыншы дүбірлі дода тарихта екінші рет Бразилияда өтеді. Әрине, өз жерінде бразилиялықтар жеңіс қана күтеді! Екінші орынның өзі, сонау 1950 жылғыдай қасіретке пара-пар болмақ.
 
  Фараби ӘБДІХАЛЫҚ      
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Келесі жаңалық
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20