Жарнама
Жарнама

Өледі дегеніміз өлмей қалды. Ал,Франция соншалықты азулы ма?

22.06.2014, 02:20
Жарнама
Жарнама
Өлім тобындағы бәріміздің өледі деп топшылағанымыз өлмей, тірі қалды. Жарайды, Уругвай алғашқы турда Коста-Рикаға белгілі бір түрде ат үсті қараған болар. Ал, азулы, тактик, стратег Италияның өзі бұл Орталық Америкадағы мемлекеттің алдында тізе бүгіп жатқанда, бұл ұжыммен санаспасқа болмайды. Негізі, дәл қазіргі таңда чемпионаттың нағыз сенсациясы деп Коста-Риканы тануға болады. Әрине, Испанияның басына осы чемпионатта "қара бұлт төнеді-ау" деп болжағандар болды, бірақ құрамында бір жұлдызы жоқ, чемпионаттағы ең арзан құрама екінші турдан кейін, Италия, Англия, Уругвай секілді алпауытардың арасынан сытылып шығады деп ешкім де болжамаған болар.  Талай эксперттердің, тіс қаққан мамандардың, футбол жұлдыздарының пікірлерін оқыдым. Чемпионат алдында, барысында осы топ жайлы. Бәрі де Италия, Англия, Уругвай секілді ойынымен чемпионат көркін қыздырар ұлттық құрамалардың біреуінің топтық турнирден шыға алмайтыны өкінішті-ақ деген болатын. Ал, Коста-Риканы ешкім де елеген жоқ. Елемеген Коста-Рикамыз енді соңғы турда топтың лидері ретінде Англиямен ойнайды. Әрине, бұл кездесу ештенкені шешпейді, айқындамайды. Англия, кеше Италияның жеңілісінен кейін Тұманды Альбион билет алып та қойған шығар. Ойын ештенке шешпейтін болғандықтан біз Коста-Риканың қаншалықты қауіпті екенін көре аламыз ба, көре алмаймыз ба үлкен сұрақ. Жеңсе, ағылшындардың көңіл күйі болмады дер, жеңілсе америкалықтардың өздері бар күштерін плей-офф кезеңіне сақтады дер. Сондықтан, тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатның тобынан шыққан Коста-Рика 1/8 финалда қалай өнер көрсетеді, сол қызық. Асыға күтеміз. Мейлі, қарсылас Колумбия, Кот-Дивуар, мейлі Япония болсын Коста-Рика сескенбейтіні анық, олардан сескенбесе. Жалпы, Америкадағы бұл чемпионатты Американың чемпионаты деп атауға бола ма, қалай өзі? Еуропалықтардың, азиялықтардың, африкалықтардың жолдары айтарлықтай болар емес. Фавориттер қатарындағы Испания мен Англия жарыс жолын тоқтатты, Италияға да Уругваймен ашық шайқаста қиынның қиыны болмақ. Егер, Италия дәл кешегідей дәрменсіздік танытса, онда Суарес бастаған жігіттер Пранделли шәкірттерін таптап өтеді. Ол күмәнсіз. Бірінші ойында сәтсіз ойнады екен деп, Уругвайды фавориттер қатарынан сызып тастау асығыстық болар. Коста-Рика кеше Англияны үйіне қайтарса, 24-ші маусым күні Уругвай Италияны плей-оффсыз қалдырмасына кім кепіл? Кәрі құрлықтың жүзін жерге қаратпай жүрген, бір қолдың саусағымен санарлық құрамалардың бірі Дешамның Франциясы. Іріктеу кезеңінде сүрініп-қабынып Испанияның артында қалып, шешу ойында Украинаның әупірімдеп жүріп сағын сындырған Францияның Бразилияда екінші тынысы ашылған секілді. Алғашқы ойында Гондурасты жеңгеннен кейін, "әй қайдағы бір Гондурас қой" дегендер болды, бірақ, кешегі Швецарияны тас-талқан етуі, Дешамның шәкірттерінің әлі де айтар сөзі бар екенін көрсетті. Екі ойында, сегіз гол. Иә, топ соншалықты мықты емес деп айтуға да болатын шығар, бірақ мықты емес топта да мықтыларымыздың сүрініп жатқанын көріп жүрміз. Мықтының қатарына сені қосуы бір басқа, ал мықты екенінді өзіңнің дәлелдеуін бір басқа. Ал, Франция қарсыластарына тіпті, тең нәтижеге жармасар мүмкіндік берер емес. Бензама әр ойында дубльді атына жазуда. Кеше, Риберисіз Франция, Франция емес деген ертегінің бар болғаны қиял екеніне көзіміз жетті. Аргентина Мессисіз басқа шығар, Роналдусыз Португалия әлем чемпионатына қатыспас та ма еді, бірақ Франция Риберисіз де қайсар команда екенін дәлелдеген үстіне дәлелдеуде. Жиру, Валбуэналар қалай ойнап жүр? Көрудің өзі бір ләззәт. Әр ойын өткен сайын өздеріне деген сенімділік артуда. Бұл Францияда бәрі бар. Сол сенімділік те, командадағы керемет атмосфера да, жеңіске деген ынта-жігер де. 1998-дегі команданың миы Дидье Дешам да.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров