Қазақстаннан ұтылған Ирак ойыншылары түгел жазаланды
Футбол – әлемдегі ең танымал ойындардың бірі. Футболдың жер шарының кез-келген нүктесінде ойнай береді. Еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін футбол жайлы азды-кем ақпарат алады. Осы ойынмен өмірінің бір кезеңінде айналысқан да. Дей тұрғанымен осы сан сиқырлы спорт түріне немқұрайлы қарайтын елдер де жоқ емес. Мысалы, біздің елде футболды қалай дамытамыз, ұлттық құрамамыз қашан үлкен жетістіктерге жетіп, қазақ аяқдопшылары қашан жоғарғы деңгейдің клубтарында өнер көрсетеді деп мазаланамыз. Ал осындай сұрақтардың көпшілігі Сауд Арабияда аса қатты көңіл көншітпейді екен. Сонымен бүгінгі мақаламызды ислам елдеріндегі футболға деген көзқарас жайлы өрбітсек.
Футбол – шайтанның ісі ме?
1951-жылға дейін Сауд Арабиясында футбол ойнауға ресми түрде тыйым салынған. Сауд Арабия құрамасының Әлем біріншіліктеріне жиі шығып тұрғанының өзінде осы күнге дейін араб футболшыларының шет ел біріншіліктерінде өнер көрсетулеріне тыйым салынған. Батыстық өмір араб ойыншыларын азғырып, иманын әлсіретеді деп есептелінген соң қаншама мықты, талантты аяқдопшылар ішкі біріншіліктен ары асып кете алмаған. Тек, бұл жағдайды айналып өткен Самми Әл-Джабер ғана еді. «Вулверхэмптон» командасында ойнау үшін Джабер патша жанұясының рұқсатын сұрап қана ағылшын премьер-лигасында ойнаған болатын. Оңтүстік Корея мен Жапония командалары секілді Сауд Арабия командасы Азия құрлығында жоғарғы нәтижелер көрсетіп жүреді. Бірақ, Әлем біріншіліктеріне шыққан кезде қарсыластарының бәрінен оңбай ұтылады. Соңғы мундиальда үш қарсыласына бір гол соға алмаған арабтар 0:12 деген жалпы көрсеткішпен, футбол додасынан ерте бастан шығып қалады.
Аяқдопшылардың бұлайша төмен көрсеткішпен қайтқанын мамандар Арабиядағы өмір сүру деңгейімен байланыстырды. Мұнай құбырларының үстінде тұратын азаматтардың жандарын қинап, алаңда аса қатты тер төккілері келмесе керек. Ал құрамада ойнайтын жігіттерге тек ұлттық намыс қана қымбат. Намысты бермей, жеңіске жету үшін шеберлік пен түсіністіктің, тәжірибенің көбірек керектігі анық.
2006-жылғы Германияда өткен мундиальға Сауд Арабия командасы бразилиялық бапкер Пакетаның жаттықтыруымен дайындалды. Ол осы біріншілік алдында аргентиналық Кальдеронды алмастырған болатын. Өткізген он жолдастық кездесудің тек біреуінде ғана жеңіске жеткен арабтардың бұл додадан күтері аздау болатын. Десе де, өз тобымыздан шығамыз деп мақсат қойған Сауд Арабия құрамасы алғашқы ойында Тунниспен тең түсті. Алғашқы ұпай сенім ұялатқанымен, келесі ойында олар Украинадан 4:0 есебімен тас-талқан ұтылып қалады. Ал, Испаниямен өткен ойында арабиялықтарға ұпай олжалау туралы ойлаудың өзі қиын болды.
Осылайша бұл жігіттер Әлем біріншілігінен тез шығып кетті. Бір қызық мәлімет айта кетер болсақ, Сауд Арабия жастары өз қатарластарының арасындағы біріншіліктерде керемет өнер көрсетеді екен. Тіпті, 1989-жылы Сауд Арабия жастар ұлттық құрама командасы Әлем чемпионы атанған. Одан кейінгі жылдары да арабиялық жас аяқдопшылар әлемдік деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен. Бірақ, сол жастар бірнеше жылдан соң неге ұлттық құрама команда деңгейінде өнер көрсете алмай келген деген сұрақ туындайды?
Жас кезінде аяқдопшылар тек өнерге қызығушылық танытқан соң, іштей ұстанымның мықтылығынан алаңда қолынан келгеннің бәрін салады екен. Ал одан кейінгі жылдары аяқдопшылардан өнерге деген сүйіспеншілік пен жігер төмендей береді. Доп теуіп ақша табуды мүлде ойламайтын азаматтар үшін үлкендер футболының осындай қызықты ахуалы осы күнге дейін дені түзу футбол көрсетіге мұрша бермеуде.
Арабиядағы бір мешіттің имамы «Әл Ватан» газетіне футболдың теорияларына сүйене отырып көлемді мақала жариялайды. Онда дін өкілі футбол ойыны адамдарды азғындатып, азғырады деген. Сондай-ақ, футбол – шайтанның ісі деп көрсетеді. Арабиядағы ақпарат құралдарының осылайша футболға баға беріп, қоғамдағы орнын көрсете бастауы ұзақ созбай өз нәтижесін бере бастады. Мысалға, «Әл Рашид» командасының үш бірдей ойыншысы футболшы жихатта қаза табу керек деген оймен Иракқа кетеді. Үшеудің бірі Мәжит Әл Саваттың өмірін Бағдатта құқық қорғау қызметкерлері сақтап қалады. Оның үстіне аяқдопшының жармақ болған жарылғыш бомбасы детонатордың нашарлығынан дер кезінде іске аспай қалған. Осы оқиғадан бірнеше ай өткен соң Еуропа төрінде де айтылған жағдайға ұқсас оқиға орын ала жаздады. Туннистік ойыншы Хатем Трабелси Германияның бірінші девизионында өнер көрсетіп жүрген болатын. Өзін-өзі жарып жібермек болған Туннис ұлттық құрама командасының бұрынғы ойыншысының ойынша футбол ойнап ләззат алу бұл – Алла алдындағы үлкен күнәлардың бірі екен.
Ұдайы әділ болғысы келген– Ұдай
[caption id="" align="alignleft" width="272" caption="Саддамның үлкен ұлы - Ұдай"][/caption] Ал енді ислам дінін ұстанған тағы бір мемлекет Ирактағы футбол төңірегінде орын алған жағдайларға тоқтала кетсек. Ұлттық құрама команда жеңіліп қалған кезде негізгі құрамның ойыншыларын соққыға жығып, қабаған иттердің қорасына қамап тастаған кездер болған. Осындай аюандықтың барлығы Саддам Хусейиннің баласы Ұдайдың Ирак Олимпиадалық комитетінің төрағасы әрі Футбол Федерациясының президенті болған кездерімен сәйкес келеді.Ұдай Хусейн – мінез-құлқы өзгермелі, психологиялық жағынан тұрақты адам болмаған. Ел намысын қорғай алмаған спортшыларды өз қолымен жазалап отырған. Олимпиада, Әлем біріншіліктерінде ирактық спортшылар төмен нәтиже көрсететін болса бірден Ұдайдың алдынан шығатын болған. Осындай жағдай орын алғаннан кейін атақты Ирактан шыққан аяқдопшы Саад Наоман ең алғаш болып Еуропаға қашып кетеді. Еуропадағы белді БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында ол өзінің Иракта басынан өткен оқиғаларының барлығын айтып береді. Сеул Олимпиадасына қатысқан Наоман ұлттық құрама команда сапында өнер көрсетіп жүрген кезінде бір ойында алаңнан қуылып кеткен екен. Сол кезде бойын ашу-ыза кернеген Ұдай аяқдопшыны аяқтың астына жығыпты.
«Сіздер сол кездегі менің арқамды көрсеңіздер. Шыбықпен сабалғаны соншама мен үнемі ішпен жатып ұйықтайтынмын. Осылайша ит секілді ұйықтап өткен менің екі жылдай уақытым тозаққа айналды. Сосын менің алдымда өмір немесе футбол деген таңдау тұрды. Мен футболды таңдадым!» - дейді өз сұхбатында Саад Наоман.
Бұл ойыншы Саддам Хусейн билеген заманда шет елге қашып шыққан екінші аяқдопшы. Оның алдында Шарар әл-Хадити есімді футболшы Еуропаға жан сауғалап қашқан болатын.
Ирактағы жағдай еуропалық баспасөзге таралғаннан кейін, ФИФА өз өкілдерін жіберіп, мұндағы жағдайды тексеріп қайтуды тапсырады.
1997 жылы Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында Қазақстаннан ұтылып қалған Ирак командасының ойыншылары түгелге дерлік Ұдайдың қаһарына ұшыраған деген әңгіме өрбиді.
Осы мәселенің анық-қанығын білмек болған ФИФА өкілдері сансыз тергеулер жасағанымен, ешбір мәлімет шығара алмайды.
Атақты террорист – «Арсенал» жанкүйері
Азия футбол конфедерациясындағы үздіктердің бірі - Иран құрама командасы. Бұл команда үздіксіз Әлем біріншіліктеріне шығып тұрды. Ел ішінде бұл команданы – «мели» деп атайтын. 1968, 1972, 1976-жылдары қатарынан Азия чемпионы болған Иран командасы сары құрлықта мықтылардың қатарынан еді. Кейін Иран мен Ирак арасындағы соғыстың салдарынан ел ішінде футболға қарауға мүмкіндік болмады. Негізінен ирандықтар 90-жылдары қайтадан өз баптарына келе бастады. Әли Даи, Кәрім Багери, Мехди Махдавакиа секілді бірқатар талантты жұлдыз ойыншылар да осы шақта пайда болған еді.
Франциядағы Әлем біріншілігіне жолдама алған ирандықтар барынша нәтижелі өнер көрсетуге тырысты. Бірақ, топ ішіндегі кездесуде олар азулы деген Германия мен Югославияға жол берді. Дегенмен, Иран ұлттық құрама командасы Франция жеріндегі басты кездесуінде жеңіске жетті. Ол АҚШ командасына қарсы өткен үшінші кездесу еді. Лион қаласында өткен бұл кездесу журналистер көзқарасы бойынша маңыздылығы жағынан №5 орында болды. Ашылу матчы мен жартылайфиналдар және ақтық кездесуден кейінгі Әлемдік додадағы маңыздылығы жоғары болған ойын осы АҚШ пен Иран арасындағы теке тірес болды деп есептелінеді. Иран мемлекетінің тарихында ерекше орын алатын бұл кездесуде жеңісті голды соғып, есепті 2:1-ге жеткізген Мехди Махдавакия халық қаһарманы атанып кеткен еді сол кезде. «Шайтан жайлаған мемлекеттің» құрама командасын ұту мұсылман мемлекеттерінің кез-келгенінің арманы еді. Сол жеңіске жеткізген Иран құрама командасының бас бапкері Джалал Талиби «Жыл Адамы» деп анықталды. Ал сол кезде АҚШ командасына қарсы террористік акт орын алғанда, онда Иранда 98-жылы «Жыл Адамы» деген атаққа екі адам иелік етер ме еді?
Франциядағы біріншілік кезінде АҚШ командасына қарсы терроситік акт жасалатынын алдын-ала сезген журналист Эддам Робинс отандастарын бірден хабардар етеді. Бұл қастандықты алжирлік террорлар жүзеге асырмақ болайын деп жатқанда бельгиялық құқық қорғау органдары құрықтайды. Нәтижесінде, АҚШ командасына қарсы лаңкестік әрекетке ниеттенген адамның лондондық «Арсенал» командасының жанкүйері екендігі белгілі болады. Кейіннен, сол жанкүйердің әлемдегі №1 терростит атанатын сол кезде кім білген дерсіз ғой?!
Оның аты – Усама бен Ладен.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET